Дауылдың салдарын жою жалғасуда

Шіл 10, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Еңбек демалысынан шыға сала облыс әкімі Асайын Байханов маусым айында болған дүлей дауылдан зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Алдымен, дауылдың соққысы аса ауыр болған Ақсу қаласына барды. Металлургтер шаһарында секундына 28-43 метр жылдамдықпен соққан алапат желдің салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасуда.

Жылдамдатуға болушы еді…

Қала әкімі Болатбек Шәріповтің айтуынша, мұнда барлығы 459 нысан зардап шеккен. 97 көпқабатты үйге зақым келген. Көбінің шатырын ұшырып әкеткен. Жалпы көлемі
17 мың шаршы метрге жуық шатырды жел ұшырған. Бүгінде 18 көпқабатты үйде жұмыстар аяқталса, 30 нысанда әлі жұмыстар жүргізілуде. 5 мердігер жұмыс істеуде. Одан бөлек, 281 жеке баспанаға зардап келген. Оларды қалпына келтіруге 111 млн теңге қазынадан қарастырылуда.
18 әлеуметтік нысанның ғимараты бүлінген. Мұнда қалпына келтіру шаралары түйінделіп қалыпты. Қала мен ауылдық аймақтарда көше жарығының 443 бағаны, электрмен жабдықтаудың 30 бағаны
зақымдалыпты. 397-сін түзетіп, қолдануға жараса, 76-сы толық ауыстырылады. Естеріңізге сала кетейік, ауылдар бұл күні жарықсыз қалған еді. Бірнеше күн ішінде барлық елді мекенге электр қуаты
жетті. 287 ағаш тамырымен опырылып құлаған. Дауылдан кейін қаладан 4 мың тонна қоқыс, ағаш қалдықтары шығарылған. Дегенмен, әлі де кейбір шағын аудандарды дауылдан құлаған ағаштар сол қалпы жатқан көрінеді. Мұндай жайбасарлық әрекетті аймақ басшысы қатаң сынға алды.

— Индустриялық облыс үшін қоқыстарды шығаруды осыншама уақытқа созу – қисынсыз. Ірі кәсіпорындар бар, өзге де күштерді жұмылдыруға болушы еді. Тіпті, кей жерде ағаштар тротуарлардан алынбапты. Құлап, қураған ағаштардан өрт шығу қаупі барын неге ескермейсіздер? – дейді А.Байханов.

Ақсудағы дауылдың салдарын жоюға 814 млн теңге жұмсалмақ. 260 млн теңгесін білім беру, денсаулық сақтау басқармалары өздеріне қарасты нысандарды реттеуге бөледі. Қалған 553 млн теңге қала қазынасынан алынады. Бұл ретте, мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізіп, бюджетті нақтылау қажет. Облыс әкімі кезектен тыс сессияны шақыруды сонша-лықты созбалыққа салған шаһар басшылығын сынға алды. Төтенше жағдайға байланысты бәрін барынша жылдамдатуды тапсырды.

Ақпарат беру ақсаған

Облыс әкімі дауылдан кейінгі күндері Ақсу билігі тарапынан мүлгіген тыныштық орнағанына наразылығын білдірді. Көпшілікке ақпарат беру ақсап, әкімдіктегілер үнсіз қалған.

— Адамдарда көп сұрақ болғаны анық. Ақпарат уақытылы берілмеді. Дауылдың салдары, оны жою жұмыстары қалай жүріп жатқаны жалпы жұртқа жарияланбады. Апат айтып келмейді. Адами фактордан емес. Жұмыс атқарылды, оны жоққа шығармаймыз, бірақ, оның барысы, қандай нәтиже болып жатқанын көпшілікке жеткізуге жауапты ішкі саясат бөлімі жұмысының әлсіздігін көрсетті. Сондықтан жауапты тұлғалар қызметінен босатылсын немесе лауазымы төмендетілсін, — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Ақсу қаласының әкіміне, ішкі саясат бөлімінің жұмысын қадағалауы тиіс аппарат басшысына және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновке сөгіс жариялады.

 Кран құлаған үйдің күйі

Аймақ басшысы дауыл кезінде іргесіндегі құрылыс алаңында тұрған кран құлаған Дөнентаев, 46 мекенжайындағы үйдің тұрғын-дарымен кездесті. Облыс әкімі бұл тұрғын үйге тәуелсіз мамандар сараптама жасап, ауыр техниканың көпқабатты үйге қаншалықты зиян келтіргенін анықтайтынын мәлім етті. Содан кейін ары қарайғы әрекет белгілі болмақ. Сондай-ақ, кран желден кейін ауа райының қолайсыздығына байланысты бірден түсірілмегенін де түсіндіріп өтті.

Былтыр қолданысқа берілген бұл үйдің тұрғындары құрылыс барысында кеткен кемшіліктер барын айтып, базыналарын жеткізді. Айтуларынша, 5 қабаттан жоғары қарай судың екпіні төмен. Себебі, жертөледегі сорғы әлсіз көрінеді. Подъездің ішіндегі еден цемент құйылған күйінде екенін, ал терезе ашса, тартылмалы төбе көтеріліп, жабысып қалатынын, тіпті, пәтер ішіндегі линолеум де үрленіп шыға келетінін алға тартты.

— Әр үйдің әу баста жобалық-сметалық құжаттамасы болады. Сонда көрсетілген жұмыстарды мердігер орындамаған болса, әңгіме бөлек. Мұны құзырлы орган құжат пен іс жүзіндегі күйін салыстырып, нәтижесін айтады. Егер құжатқа сай жасалмаса, мердігер оны қалпына келтіруге міндеттеледі, — деді аймақ басшысы.

Ал Строитель, 26 мекен-жайындағы сегіз подъезді үйдің шатырын дауыл ішінара ұшырып әкетіпті. Мұнда шатырды барынша бекітіп, қалпына келтіру жоспарланған. Жұмыстар бір апта ішінде аяқталмақ.

«Жалаңаштанған» үйдің жайы не болмақ?

Әлеуметтік желілерде де көрген боларсыздар, жаңа екі қабатты үйдің қапталған қызыл кірпіші дауылға төтеп бермей, саулап жерге түсті. Жапырақтай шатыры ұшып, үй ішінен аспан көрініп қалды. Алтынсарин, 4/1 мекенжайындағы бұл үйді әкімдік жеке кәсіпкерден тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға әр пәтерін шамаман 15 млн теңгеге сатып алып, үлестірген. Тұрғындардың жартысы баспанасына көшіп үлгерген. Алайда, дауылдан кейінгі жағдайын көрген ақсулықтар енді мұнда аттап басудан үрейленіп отыр. Олар тұрғын үй кезегін қайтадан қалпына келтіріп беруді сұрап отыр. Ал қайтадан кезекке тұру үшін алдымен тәуелсіз сараптама нәтижесі қажет. Яғни, сот арқылы кезекті қалпына келтіру «жала-ңаштанып» қалған үйдің ары қарай тағдыры қалай болатынына байланысты көрінеді.

— Техникалық тексеріс, яғни тәуелсіз мамандар бұл үйді ары қарай не істеуге жарайтынын анықтап, бізге қорытындысын береді. Бәлкім, үйді қайтадан жаңғыртуға немесе екінші қабатын алып тастап, біріншісін ғана қалдыруға кеңес береді. Сонымен қатар, екінші қабатты тиісті талапқа сай қайтадан қалап шығу қажеттігі туралы қорытынды жасайды. Сол шешімге сай сотқа жүгініп, кезектеріңізді қалпына келтіруге талпынсаңыздар, әкімдік, біздің тараптан қарсылық болмайды. Ал бұл үйді бәрібір талапқа сай ретке келтіреміз, — деді Асайын Қуандықұлы.

Сондай-ақ, аталған баспаналар орналасқан аумақта жерасты суының көтерілетіні ескеріліп, жертөле қарастырылмаған екен. Пәтер иелері салдарынан ыстық судың болмайтынына да қынжылыс танытты. Аймақ басшысы сумен, электр желісімен, жылумен жабдықтауда еш мәселе болмайтынына сендірді.

Қыстан қысылмайды

Жылу демекші, облыс әкімі Ақсудағы жылу магистралі құрылысының барысымен де танысты. «Теплосервис Ақсу» директоры Вадим Ковальчук екі жылдық жоба аясында 4,9 шақырым құбыр тартылып жатқанын мәлім етті. Өткен жылы 3,8 шақырым құбыр салынған. Бұл ретте, аса апатты учаскелер ескерілген. Былтыр тартылған аумақтарда қыс жайлы өткен. Ешбір ақау болмаған көрінеді. Ал биыл 1,1 шақырым құбырдың басым бөлігі Желтоқсан көшесінде салынуда. Тағы екі учаскеде — Астана, Пушкин көшелерінде тартылмақ. Бүгінде жұмыстардың 98 пайызы
аяқталған.

— Бұл жұмыстар аяқталса, қыста апаттық жағдайларды айтарлықтай азайтады. Гидравликалық режим де жақсарады. Себебі, кейбір жерлерде құбырдың диаметрі ұлғайтылды. Әзірше, жаңа абоненттер қосуға мораторий жарияланған. Қазіргі басты мақсатымыз – гидравликалық режимді реттеп алу, — дейді В.Ковальчук.

Одан бөлек, 1,1 шақырым орамішілік желілер де жаңартылуда. Бүгінде 950 метр тартылған. Жалпы, жылу желілерін күрделі, ағымдық жөндеу жұмыстары шілде айының аяғында аяқталады деп күтілуде. Облыс әкімі әкімдіктегілерге жылу маусымына дайындық жұмыстарын уақытылы, кестеге сай реттеп отыруды тапсырды.

Облыс орталығында оңалды

Бұдан кейін аймақ басшысы облыс орталығындағы дауылдан кейінгі ахуалмен танысты. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, облыс орталығындағы желдің жылдамдығы секундына 28 метр болған. Салдарынан 11 шағын аудан тұрғындары жарықсыз қалған. Ғимараттардың шатырын ұшырып әкеткен. апат салдарын жою мақсатында 30 бригада құрылып, іске кіріскен. Оған 100 техника, 300 адам тартылған. Қалада 10 сағат ішінде электр сымдары қалпына келтірілген. Ең көп залал орталық жағажайға келген. Бүгінде мұнда бәрі реттелді. Тұрғындардан құлаған ағаштарды жинау, кесіп тастауға қатысты 1 мың өтінім түскен. Олардың 960-сы қанағаттандырылған. Енді тек көпқабатты үйлердің шатырларын қалпына келтіру жұмыстары қалған. Оларды екі апта ішінде аяқтау межеленіп отыр. Ал дауылдан зардап шеккен әйел мен оның екі баласына демеушілер есебінен 7 млн теңге материалдық көмек көрсетілмек.  Жеке үйлер бойынша 15 өтінім түскен, оларға төлем жасалды. Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап бір ай көлемінде мұндай өтінімдер қабылданады. Облыс әкімі бұл мақсатқа облыс қазынасының резервінен қаржы қарастырыл-ғанын атап өтті.

Қос қаладағы жағдайды саралай келе облыс әкімі:

— 1965-70 жылдары орнатылған алып электр бағандарының өзі бұрын құламақ түгілі, қисайған емес. Желдің күштілігін осыдан-ақ білуге болады. Аймағымыздың үш қаласы мен үш ауданында 1800 ағаш түбімен опырылды.
117 ауыл электр қуатынсыз қалды. 300-ден астам электр қуаты бағаны құлады. Жарықпен қамту бір жарым тәулікте толық қалпына келтірілді.  Ақсу қаласы дауылдық желдің ошағы болды. Облыс бойынша зардап шеккен нысандардың тең жартысы — аталмыш қалада.
Барлық жұмыстар ағымдағы айдың соңына дейін толық аяқталады, —
деді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.