Осыдан тура бір апта бұрын өңірдегі аптап ыстықтың соңы әп-сәтте қатты жел мен дауылға ұласты. Небары бірнеше сағат ішінде жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен жел ауыл-қалалардағы тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың шатырын ұшырып әкетті. Ағаштар, электр бағандары құлап, 19 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, ұйтқыған дауыл Ақсу қаласы тұрғынының өмірін жалмады.
Төтенше жағдай жарияланды
Өткен бейсенбі күні ауа температурасы +30 градустан асатын аптап ыстықтың орнын қатты жел алмастырды. «Қазгидромет» орталығы мамандарының мәліметінше, өңірдегі кей ауылдарда желдің жылдамдығы 43 м/секундқа дейін жетті. Қатты жел ағаштарды құлатты, шатырларды ұшырды. Салдарынан көліктер зақымдалып, адамдар түрлі жарақат алды. Тұтас ауылдар мен қалалардағы шағын аудандар жарықсыз қалды. Тіпті, кей елді мекендерде байланыс желілері үзіліп, сумен қамту жүйесі жұмысын тоқтатты. Бейресми деректер бойынша, дауылдың салдарынан аймақтағы бірнеше ірі зауыт та өндірісті уақытша үзуге мәжбүр болған.
Ал облыс орталығында 47 нысанның, оның ішінде 6 әлеуметтік мекеменің шатыры ұшты. Ақсу мен Екібастұзда 23 нысан, Баянауыл ауданында 7 нысан қирады. Май және Павлодар аудандарында да ғимараттардың зақымдануы тіркелді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, апаттың салдарын жоюға 400-ге жуық адам, 48 апаттық бригада мен 139 арнайы техника жұмылдырылған. Өңірде дереу жедел штаб құрылып, облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті.
Бұл ретте дауылдан айтарлықтай зардап шеккен Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Баянауыл, Май және Павлодар аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бұл өз кезегінде зақымданған аумақтарды жөндеп, тұрғындарға ақшалай көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.
— Жергілікті атқарушы органдар өңірдің бірқатар елді мекендерінде соққан дауылды желдің салдарынан келтірілген залалды бағалау бойынша жұмыстар жүргізуде. Комиссиялар залал келтірілген орындарға барып, зардап шеккен азаматтардан өтініштер қабылдауды жүзеге асыруда. Өтініштер 30 маусымға дейін қабылданатын болады, — деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл ретте дауылдан зардап шеккен жеке үйлердің тұрғындары — азаматтардың жекелеген санаттары үшін 100 АЕК, яғни 393 200 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған. Оны алу үшін ТЖБ анықтамасы, мүлікке құқық белгілейтін құжаттар, банктік шоттың болуы туралы хабарлама, жеке куәлік керек.
Кранды әрең алды
Қатты желдің салдарынан Ақсу қаласының жұртшылығы айтарлықтай қиындық көрді. Мұндағы электр желілері үзіліп, 7970 абонент жарықсыз қалды. Бүгінгі таңда нысандардың барлығы дерлік қалпына келтірілді. Жалпы 250-ден астам ағаш құлап, 65 көпқабатты, 113 жеке тұрғын үйдің, 16 әлеуметтік нысанның, 65 заңды тұлғаның шатырлары қирады. Барлығы 250-ден астам нысанды қалпына келтіру керек.
Сондай-ақ, қатты желдің салдарынан Дөнентаев көшесі, 44 мекенжайындағы құрылыс алаңында жұмыс істеп тұрған кран мұнарасы Дөнентаев көшесі, 46-үйінің төбесіне құлады. Зардап шеккендер жоқ. Алайда, қатты жел бірнеше күн бойы тиісті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік бермеді. Мамандар тек үшінші күні салмағы 23 тонна болатын кранның мұнарасын алып тастады. Қаладағы қалпына келтіру жұмыстарына коммуналдық қызметтердің, мердігерлік ұйымдар мен өндіріс орындарының 1500-ден астам қызметкері, 30-дан астам арнайы техника жұмылдырылып, 2300 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Дауылдың салдарын толық жойғанға дейін бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Жарқын жан еді..
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, 18 адам дене жарақаттарымен медициналық көмекке жүгінген. Олардың қатарында үш бала бар. Ал Ақсу қаласының 57 жастағы тұрғыны өмірден өтті. Балабақшада хореограф болып жұмыс істейтін ол үйіне таксимен қайтып келе жатқанда көлікке ағаш құлап, ол әйел адамның кеудесіне барып қадалған. Өкінішке қарай, оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері Марина Пахомованың өмірден өткенін тіркеді. Бұл жайт марқұмның туған-туыстарын, әріптестерін есеңгіретті.
— Қаралы хабар қабырғамызды қайыстарды. Марина Валерьевнаны бәрі қатты жақсы көретін. Мейірімді, жарқын, жанашыр жан еді. Әрқашан көңілді болып, күлімсіреп жүретін. 27 жылдық тәжірибесі бар өте сауатты педагог болды. Балабақшада ол ересек топтардың балаларына биден сабақ берді. Бүлдіршіндер оның жетекшілігімен талай рет жеңіске жетті. Өз ісіне адал, еңбекқор әріптесіміз еді, — дейді №19 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Айман Шақалақ.
Марина Пахомованың ересек үш ұлы бар. Қайғылы оқиға орын алған күні ол балабақшада әдеттегідей сабақ беріп, түстен кейін немересімен жағажайда демалуды жоспарлаған екен. Өкінішке қарай, үйіне барар жолда жан тапсырды. Ол өзі тұратын үйдің подъезіне бірнеше метр ғана жете алмай қалды.
Сол күні Марина Пахомованы үйіне жеткізбек болған 30 жастағы такси жүргізушісі де қатты күйзеліске түскен. Оған да қажетті психологиялық көмек көрсетілді.
— Жүргізушіміз тапсырысты аяқтап қалған еді. Көлік жолаушының үйіне жақындаған кезде құлаған ағаш терезені сындырып өтіп, марқұмның кеудесіне қадалған. Барлығы қас қағым сәтте болған. Такси жүргізушісі не болғанын өзі де түсінбей қалды, — деп түсіндірді Ақсу таксопаркі.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша Марина Пахомованың отбасына жұмыс істеген еңбек кезеңі үшін өтемақы, БЖЗҚ-дан бөлінген жерлеу рәсіміне арналған қаражат, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қаржы сынды көмек көрсетілді. Жиналған барлық қаражат жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, ас беруге, сондай-ақ ескерткіш тас сатып алуға жұмсалды. Мұның барлығымен еріктілер айналысты. Сондай-ақ, марқұмның «Kaspi Bank», «Halyk bank» банктері мен «KMF» микроқаржы ұйымындағы несиелері өтеледі. 2025-2026 жылдары қаза болған адам тұрған пәтердегі жылу мен судың коммуналдық қызметтеріне ақы төленетін болады.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында да өңірдегі қатты желдің салдарынан Павлодар қаласы тұрғынының үстіне ағаш құлап, әйел адам сол жерде өмірден өткен еді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.