Елімізде жалпыға бірдей міндетті декларация тапсырудың үшінші кезеңі мерзімінің аяқталуына санаулы күндер қалды. Салық саласының мамандары құжатты 15 қыркүйекке дейін тапсырып үлгермегендерді жауапкершілік күтіп тұрғанын айтады. Жалпы, 2024 жылы кәсіп иелері мен олардың жұбайлары «250-нысан» бойынша салық есебін өткізуге міндетті. Бұл — жемқорлықпен күресу үшін, сонымен бірге салық базасын ұлғайтып, бюджетке түсетін түсімді арттыру мақсатында жасалып отырған шара. Есепті қалай және қашан тапсыруға болады? Тапсырмаған жағдайда не болады? Осы және де өзге сұрақтар төңірегінде Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымбердімен әңгімелестік.
— Руслан Қайыргелдіұлы, облыс бойынша декларация тапсыру жұмыстары қалай өтуде? Қаржы есебі қай уақытқа дейін қабылданады?
— Мемлекеттік кірістер департаменті 15 қыркүйекке дейін кешіктірмей, декларация тапсыруға шақырады. Айта кетсек, Павлодар облысында жыл басынан жалпыға бірдей декларация тапсырудың үшінші кезеңінен 143 мың адам өтті. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 4 кезеңмен жүреді. Онда жеке тұлғалар табыс құжатын жүйе бойынша активтер мен міндеттемелер туралы «250 нысандағы» форма негізінде тапсырады. Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүліктер туралы есепті 270 үлгіде өткізеді. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тұрғылықты жері бойынша тапсырады. Егер кәсіпкер декларация тапсырып қойып, бірақ кейін бір мүлкін жазуды ұмытып, қалғанын есіне түсірсе, онда ол қосымша декларация тапсыра алады. Декларацияны келесі үш жыл ішінде өзгертуге болады.
— Құжаттарды қалай, қайда тапсыру керек?
— Декларацияны «cabinet.salyk.kz» салық төлеушінің жеке кабинеті, «eGov.kz» Электронды Үкімет порталы, «Salyq Azamat», «eGov mobile» және «Kaspi.kz», «Halyk», «ВCC.kz» мобильді қосымшалары арқылы электронды форматта тапсыруға болады. Құжат тұрғылықты жері бойынша ұсынылады.
— «250 нысандағы» форма дегеніміз не?
— Кәсіпкер бірінші жылы 250-нысандағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады, оны «кіріс декларациясы» деп атайды. Онда декларациялау сәтіндегі барлық жинақталған мүлік пен ақша көрсетіледі (2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша). Бұл форманы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде бір рет тапсырады. Ал келесі жылдары кәсіпкер 270-нысандағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырып, онда бір жыл ішінде тапқан және алған табысын көрсетіп отырады. Бұл адамның бастапқы декларациясында не болғанын және кейін не қосылғанын көру үшін жасалады
— Декларацияны тапсырмаған азаматтарды қандай жауапкер-шілік күтіп тұр?
— Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет — ескерту, ал екінші рет — салық салушылар декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК, бұдан басқа, салық салу объектілерін жасыру кезінде төленбеген салықтар сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде және егер мұндай бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген. Егер кәсіпкер салық салу объектілерін жасырса, оған төленетін салық үстіне салық мөлшерінің 200 пайыз көлемінде айыппұл салынады, ал жағдай қайталанса, 300 пайыз айыппұл салынады. Егер кәсіпкер шет елде орналасқан мүлкі, сондай-ақ, шетелдегі банк шоттарында жатқан ақшасы туралы мәліметтерді жасырса, онда 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Егер бір жылда жасырын мәлімет декларацияда түзетілмесе, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
— Декларацияда не көрсету керек?
— Елден тысқары жерде тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, құнды қағаздарды, шетел банктеріндегі шоттарда 1 мың АЕК-тен (3 692 000 теңге) асатын соманы, құйылған таза алтындарды, авторлық құқықтарды, сондай-ақ, қолма-қол ақша 10 мың АЕК-тен асатын болса, көрсету керек. Одан көп болса, 10 АЕК деп көрсетіп, қалғанын банк шотттарына салып қойған жөн. Сонымен қатар, нотариус куәландырған дебиторлық және кредиторлық қарыздарды, құны 1 мың АЕК-тен асатын өзге де мүліктерді көрсету керек. Жалпыға ортақ декларациялау бір рет емес, жыл сайын тапсырылып тұрады. 2025 жылдан бастап барлық азаматтар декларация тапсыруға міндетті болады. Декларация онлайн қолжетімді және кәсіпкер бизнесін ашық жүргізіп, салық органдарынан ештеңе жасырмаса, оны тіпті тез толтырып шығуға болады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.