Декреттік демалысқа шығатын аналарға берілетін төлемді есептеу тәртібі елімізде өзгерді. Естеріңізде болар, біраз уақыт бұрын елімізде кейбір пысықайлар «Миллионмен декретке» деген курстар өткізіп, аналардың заңсыздыққа баруына итермеледі. Яғни, декреттік төлемнің көлемін көбейту үшін түрлі әрекет жасалды. Жалған еңбек келісімшартын көрсетіп, жалған кәсіпкерлік ашқандар кездесті. Қалыптасқан мәселені шешу үшін құзырлы органдар декреттік төлемді есептеуге өзгерістер енгізді. Бұл өзгеріс ағымдағы айдың 8-і күні күшіне енді. Бұл ретте, төлем тәртібіне енгізілген негізгі өзгерістер қандай? Бұдан былай қалай есептеледі? Декреттік төлемге қатысты осы және өзге де сұрақтарды «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Айгүл Қапеноваға қойған едік.
— Айгүл Әбутәліпқызы, биыл елімізде декреттік төлемдерді есептеу ережесі өзгергенін білеміз. Осы орайда, нақты қандай өзгеріс енгенін, енді қалай есептелетінін айтып берсеңіз.
— Ең негізгі өзгеріс – орташа айлық жалақы мөлшеріне қойылған шектеу. Енді республикалық бюджет туралы заңда белгіленген, жүктілікке, босануға, жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты кірістен айырылу жағдайы кезіндегі әлеуметтік төлем алу құқығы туындаған сәттегі ең төменгі айлықтың 7 еселенген мөлшеріне дейінгі кіріс есепке алынады. Қазіргі таңда ең төменгі айлықтың жеті еселенген мөлшері – 595 мың теңге. Одан көп жалақы алатын азаматтарға декреттік демалыс есептелгенде осы сома көлемі ғана ескеріледі. Демек, бұл сомадан төмен жалақы алатын аналар үшін ешқандай өзгеріс болмайды дегенді білдіреді.
Екінші өзгеріс – жүктілікке, босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісті кірістен айырылу, бала күтімі жағдайының әлеуметтік төлемін есептеген кезде әлеуметтік тәуекел туындаған күннен кейін түскен әлеуметтік аударымдар ескерілмейді.
— Жалақысы жоғары әйелдердің бала босанғаны үшін алатын әлеуметтік төлеміне шектеу қойылғаны белгілі. Бұл шектік сома қанша болып белгіленді?
— Жүктілікке, босануға, жаңа туған баланы асырап алумен байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептегенде орта айлық кірістің көлемі 7 ең төменгі айлықпен шектелді. Бұл дегеніңіз, қанша жұмыс берушіде жұмыс істесе де, жалпы орташа айлық мөлшері ретінде ең төменгі жалақының жеті еселенген көлемін ғана есепке алады.
Тағы бір ескеретіні, орташа айлық кірісі белгіленген лимиттен жоғары әйелдер үшін қосымша ақы алу мүмкіндігі қарастырылған. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленген соманы шегеріп, орташа айлықты сақтап, жүктілік пен босануға ақылы демалыс береді. Мұндай мүмкіндік еңбек және ұжымдық шарттарда қарастырылуы ықтимал. Егер мұндай ереже болмаса, жұмысшы шартқа осындай тармақты қосуға бастама көтере алады.
— Мәселен, 300 мың теңге жалақы алатын әйел декреттік демалысқа шықса, ол үшін декреттік төлем қанша болады? Осыны ережеге сәйкес есептеп берсеңіз.
— Бір ғана жұмыс берушіде еңбек етеді делік. Тұрақты кірісі – 300 мың теңге деп алсақ, әлеуметтік аударымдар үшін ай сайынғы кіріс 270 мың теңге болады. Себебі, Әлеуметтік аударым ай сайынғы айлықтан 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын алып тастап, есептеледі. Жұмысқа жарамсыз күндерінің саны 70 күн босануға дейін және 56 күн босанғаннан кейін деп саналады. Осыдан біз жұмысқа жарамсыз күндер санының коэффициентін шығарамыз. Ол үшін 126 күнді 30 күнге бөлеміз. Коэффициент – 4,2. Бұдан кейін әйелдің 12 айдағы кіріс сомасын анықтаймыз. Ол үшін 270 мың теңгені 12-ге көбейтеміз. Сонда шығатыны – 3 240 000 теңге. Ал орташа айлық кірісінің мөлшері – 270 000 теңге. Декреттік төлемнің мөлшерін есептеу үшін орташа айлық кіріс көлемін жоғарыда анықтаған коэффициентімізге көбейтеміз. Сонда айлығы 300 мың теңге болатын әйелдің декреттік төлемі 1 134 000 теңге болады. Бұл сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы ұсталады.
— Енді декреттік төлем алуға өтініштерді қалай, қайда береді? Өтініш беру электрондық түрге ауысты ма?
— Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш берудің бірнеше тәсілі бар. Мәселен, қызметті алу туралы автоматты түрде SMS-хабарлама келіп, оған әйел адам келісімін берсе, өтінішіне 4 жұмыс күні ішінде жауап беріліп, қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, egov.kz веб-порталы арқылы өтініш жіберуге болады. Мұнда да қызмет 4 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып өтініш берсе, 8 жұмыс күні ішінде қаралады. Осы ретте, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түскен әлеуметтік аударымдарыңызды тексеріп отыруды ұсынамыз. Оны egov.kz веб-порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тексеруге болады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.