Әйел отбасының алтын діңгегі екені әмбеге аян. Өскелең ұрпақтың тәлімді тәрбие мен тағылым алуы анаға тікелей байланысты. Сонымен қатар, қазіргі өркениетті заманда қыз-келіншектердің саяси өмірдегі рөлі артып келеді. Бұған гендерлік теңдік, Мәжіліс пен мәслихаттардың құрамында нәзік жандыларға арнайы квотаның қарастырылуы — айқын дәлел. Яғни, әйел адам шаңырағының шырағы ғана емес, қоғамның қамын күйттейтін жанашыры да бола алады. Осы орайда облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Павлодар өңірлік әйелдер қанатының әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесші Света Абдрамановамен аяулы жандардың бүгінгі бет-бейнесі, оларға берілген мүмкіндіктер мен атқарып жатқан істері туралы аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
— Света Сағындыққызы, алдымен әйелдердің, ана-лардың өз отауындағы, ошақ басындағы орны туралы айтсақ. Сіз үшін шаңырақтың шырағына баланатын ардақты жандар қандай?
— Кез келген отбасының «жүрегі» — ана. Әулетінің берекесін арттырып, ел мен елді ұйыстыратын ұйытқы да – ана. Ата-бабамыз ықылым заманнан-ақ әйел затын ерекше құрметтеп, ардақтай білді. Бүгінгі күні де қыз-келіншектердің отбасындағы рөлі айрықша. Заман ауысып, өркениеттің көшіне ілесіп, ерлермен қатар еңбек етіп жатқанымызбен, әйел адамның ошақ басындағы кейбір шаруаларын ер азаматтар іліп әкете алмайды. Сондықтан да аналардың орны бөлек. Қандай да бір қиындық туындай қалса да олардың салы суға кетпейді. Керісінше, сол қиындыққа қасқая тұрып, отбасының қамы үшін, балаларының жақсы білім алуы үшін, олардың денсаулығы мықты болуы үшін аянып қалмайды. Аналар сонысымен де ардақты, сонысымен аяулы деп білемін. Жалпы, Отанды сүю, елге адал қызмет ету, қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болу аналар беретін тәрбие мен тағылымға тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда да біздің ақ жаулықтыларымыз балаларына үлгі-өнеге болар жандар деп айта аламын.
— Ал аналарымыздың еш алаңсыз өмір сүруі үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр?
— Ана мен баланың жағдайын жасау — тұтас отбасының әл-ауқатын жақсарту деген сөз. Бұл тұрғыдан алғанда ел билігі, біздің партия отбасы институтының беделін арттыруға, оларға қолайлы мүмкіндіктер қарастыруға барын салуда. Айталық, бала күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік төлем 1,5 жасқа дейін ұзартылып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі көбейтілді. Көп баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға салмақ салмас үшін балабақшалар тегін болды. Биылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылып, еліміздегі әр баланың шотына қазынадан қаржы аударылды. Мұның барлығы – аналардың алаңсыз болуы үшін жасалып жатқан игі істер. Әлбетте, әлі де кемшін түсіп жатқан жайттар, жекелеген отбасылардың басындағы мәселелер бар. Оларды депутаттық қабылдауларымызда жан-жақты қарастырып, мүмкіндігінше көмек көрсетуге тырысып жатамыз.
— Депутаттық жұмысты тілге тиек етіп қалдыңыз. Қазіргі таңда қыз-келіншектер отбасындағы шаруасымен қатар, қоғамдағы, саясаттағы істерін де ширатып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда біздің облыстағы нәзік жандылардың белсенділігі қандай?
— Мемлекет басшысы таяуда Президенттік жастар кадрлық резерві өкілдерімен өткен кездесу барысында әйелдерді қызметке көптеп тарту керек екенін атап өтті. «Ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес» деген еді. Бұл пікірге толықтай қосыламын. Әйел адамдар қызмет барысында әр іске ұқыптылықпен қарап, бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін іске де ерекше назар аударып қарайды. Сондықтан да болар, Павлодар облысындағы нәзік жандылардың бұл бағыттағы жұмысы да нәтижелі.
Сандарды сөйлетер болсақ, біздің өңір бойынша «AMANAT» партиясының құрамында 49 мыңға жуық азамат тіркелсе, оның жартысынан астамы, яғни 54 пайызы – әйелдер. Бастауыш партия ұйым-дарының 213 төрағасының 132-сі де – нәзік жандылар. Облыстық бюро құрамында өкілдердің 38 пайызы, партияның облыстық филиалының саяси кеңесінің
43 пайызы – қыз-келіншектер. Яғни, партия құрамындағы әйел адамдар ер азаматтармен иық тірестіріп еңбек етіп жүр.
— Дей тұрғанмен, облысымыздың аудан-қалаларының тізгінін қолға алған бірде-бір әйел әкім жоқ. Неге деп ойлайсыз?
— Әйел адам үшін әкім болу – зор жауапкершілік. Бұл қызметте барлық саладан хабардар болып, барлық құрылымның жұмысын жоғары деңгейде үйлестіре білу маңызды. Партиямыздың әйелдер қанатының алғашқы республи-калық жиынында партия төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс, мәслихат депутаттарының қатарында дайын тұрған әкімдер барын тілге тиек еткен еді.
Шынымен, біздің облыста аудан-қалалардың 13 әкімінің қатарында әйел адам жоқ. Аудан басшыларының 18 орынбасарының ішінде тек сегізі – нәзік жанды. Осы орайда барлығымыздың бірлескен жұмысымыз керек. Ауыл, аудан әкімдерін тұрғындардың өзі сайлайтынын ескерсек, әйел адамдар осы саяси науқанда да бақ сынай алады. Осы мүмкіндікті қалт жібермеу керек деп ойлаймын.
— Бұл ретте бизнес бастап, кәсібін кеңейтіп жатқан әйелдердің қатары көбейіп жатқан сыңайлы…
— Иә, депутат ретінде ауыл-аудандарды аралап, тұрғындармен кездескен кезде жеке ісін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектердің көп екенін байқаймыз. Олар отбасына да, бизнесін де жүргізуге үлгеріп жатады. Әсіресе, декреттік демалыс кезінде «екінші тынысы» ашылып, кондитерлік, жартылай дайын өнімдерді дайындау, киім-кешек тігу цехын ашып жатқандар бар. Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасы айтарлықтай қаржылай қолдау көрсетіп отырғанын айтпай кетпеске болмас. Бағдарлама аясында тұрғындар жеңілдетілген несие алып, бизнес жобаларын сәтті жүзеге асырып отыр. Сонымен қатар, таяуда біздің өңірде бастау алған «Қарызсыз қоғам» жобасы тұрғындардың барлығына бірдей қаржылық сауаттылығын арттыру мүмкіндігін беріп отыр. Соның ішінде әйелдер де қаражатты тиімді пайдаланудың тетіктерін біліп алғаны абзал. Үкімет, партия тарапынан осындай мүмкіндіктер қарастырылып жатқан тұста сол тиімді тетіктерді оңтайлы пайдаланған жөн.
— Енді партия жанынан құрылған әйелдер қанатының жұмысына ойыссақ. Атқарылып жатқан жұмыстар, мақсат-міндеттер қандай?
— «AMANAT» партиясының тұғырнамасында, сайлауалды бағдар-ламасында әйелдің қоғамдағы және отбасындағы рөлі басты басымдықтарының бірі ретінде белгіленді. Біз жалақы мен лауазымдық қызметтер жынысына емес, жұмысына қарай бөлінетін гендерлік паритет қалыптастыруға мүдделіміз. Бұл ретте қызметкердің қарым-қабілеті ескерілуі керек. Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын арттыру, көшбасшы әйелдердің жаңа толқынын қалыптастыру мақсаты бар. Жалпы, «Әйелдер қанатының» жұмысы 10 басым бағытты қамтиды. Оның қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесу, инклюзиялық қоғамды, психологиялық қызмет институтын дамытуға жәрдемдесу, еңбекті қорғау және әйелдердің өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды маңызды бағыттар бар. Біздің облыстың ерекшелігі сол, өңірлік деңгейде әйелдер қанатының идеялық негіздерін тәжірибеде жүзеге асыру барысын көрсетудегі БАҚ рөлі деген бағытты да қостық. Осы бағыттар бойынша жан-жақты жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, ғылым қызметкерлерін қолдау мақсатында қолға алған бастамамыз Мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау тапты. Соған сәйкес, ғылым саласындағы заңнама жетіле түсетін болды. Соның аясында ғылыми-педагогикалық, зерттеу жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге қосымша үстемеақы қарастыру, өңірге қажет бағыттар бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру, «Ғылыми әдеп» ұғымын енгізу сияқты мәселелер қамтылған. Сол сияқты өзге салалардағы қызметкерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған істерді атқарамыз. Негізі, әйел адамның қолынан келмейтін іс жоқ. Олар әлеуметтік нысандармен қатар, өндірістік орындарда, құрылыс алаңдарында да тынымсыз еңбек етеді. Сондықтан барлық дерлік саланы қамтуға тырысамыз.
— Ал әйелдерге қатысты қандай жайт сізді алаңда-тады?
— Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюі жанға батады. Өкінішке қарай, отбасында құрбанға айналып жатқан нәзік жандылар бар. Мұндай келеңсіз жайт қарапайым жанұяда да, бір қарағанда зиялы болып көрінетін шаңырақта да орын алуы мүмкін. Оның алдын алып, аяулы жандарымызды қорғау үшін біріншіден заң талаптарын қайта қарау керек шығар. Екіншіден, әйелдер құқықтық сауаттылығын арттырып, аяққа нық тұра алатындай жағдайда болуы тиіс. Қоғамның «қотырына» айналып бара жатқан осы дертке бәріміз бір кісідей тосқауыл қоя білуіміз керек. Біз біріксек – күшпіз.
Жұдырықтай жұмылған кезде ғана балаларға, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты тыя аламыз. Жалпы, озық мемлекеттің маңызды белгісі – әйелдің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан әйелдердің құқығын қорғау, оларға құрмет көрсету, аялап, ардақтай білу – баршаға ортақ міндет. Еліміздің қыз-келіншектері көктемдей жайнап, гүлдей құлпыра берсін! Әр шаңыраққа шаттық, бақыт пен қуаныш тілеймін. Ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қылықты қыздар аман болсын!
— Әңгімеңізге көп рақмет! Мереке құтты болсын!
Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.