Өкінішке қарай, елімізде азаматтардың дербес деректерін қорғау саласында құқықбұзушылық саны артқан. Finprom.kz. ақпараттық порталының мәліметіне сүйенсек, бұл бағыттағы қылмыстық құқықбұзушылық 20 пайызға, ал әкімшілік істер 76 пайызға өскен.

Биыл жеті айда дербес деректер мен оларды қорғау туралы заң талаптарының бұзылуына байланысты 65 әкімшілік іс қозғалған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 75,7 пайызға көп. 61 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Яғни, өткен жылғы баламалы кезеңмен салыстырғанда 2,9 есеге артық. Заң бұзған азаматтарға жалпы 10,1 млн теңге айыппұл салынып, оның 8 млн теңгесі өндіріліп алынған.

Дербес деректердің қорғал-мауына қатысты 49 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліпті. Өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 19,5 пайызға жоғары болып отыр. Осылайша, жеті айда 11 адам жауапқа тартылған. Өткен жылы 5 адамға қарсы іс қозғалыпты. Қылмыстық құқықбұзушылыққа барғандардың жас шамасына келсек, біреуі 16-17 жастағы жасөспірім, 3 азамат 21-29 жас аралығында болса, тағы үшеуі — 30-39 жастағы адамдар. Екі адам 40-49 жас шамасында болса, екі адам 50-59 жас аралығында екен. Мұндай қылмыстық іске барғандардың басым бөлігі, яғни, сегіз адам жұмыссыз азаматтар екені белгілі болған.

Мамандар дербес деректердің сыртқа шығуы көп жағдайда цифрлық кеңістікте орын алатынын алға тартуда. Осы дерекке қарап, тұрғындардың цифрлық сауаттылығы төмен бе деген ой қалыптасады. Алайда, ресми мәліметке сүйенсек, елімізде
6 жастан жоғары тұрғындардың цифрлық сауаттылығы былтырғы жыл қорытындысы бойынша 88,3 пайызды құраған. 2022 жыл-мен салыстырғандда 2 пайызға көтерілгені көрсетіледі. Елорда халқының сауаттылығы ең жоғары екені айқындалған. Мұнда — 95,1 пайыз. Одан кейін Алматы, Түркістан облыстары тұр. Павлодар облысы тұрғындарының цифрлық білімі 83,2 пайыз деңгейінде екен. Жалпы, Қазақстанда цифрлық сауаттылық жыл санап артқаны байқалады. Мәселен, 2017 жылы 74,6 пайыз көлемінде болған.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.