Дернәсілмен күрес – дер кезінде

Мам 20, 2025

Аймағымызда шыбын-шіркейге қарсы өзендегі ауқымды өңдеу жұмыстары басталды. Үш кезеңмен өтетін бұл шара биыл былтырғыдан қарағанда екі аптаға ертерек қолға алынды. Себебі, күн күрт жылынып, маса мен шыбын-шіркейдің дернәсілдері жылдам дами түскен.

Биыл Ертіс өзеніне жіберілген су көлемі жайылымды 90 пайызға басқаны белгілі. Сәйкесінше, шыбын-шіркейдің көп болуы әбден мүмкін. Ғылыми негізде өзенге өңдеу препаратын жіберетін 10 орын айқындалған. Бұл жұмыстарға төрт баржа тартылмақ. 13 мамыр күні шыбын-шіркей дернәсілдеріне қарсы дайындалған суспензияның алғашқы он мың литрі Аққулы ауданы Бесқарағай ауылының маңында Ертіс өзеніне құйылды.

Шыбын-шіркеймен күреске қатысатын ғылыми топтың жетекшісі Дәулет Ибраевтың айтуынша,
соңғы үш жылда дернәсілдердің дамуы көктемгі су жіберу кезеңінде орын алатыны байқалуда.

— Сәуір айының соңы, мамыр да ыстық болды. Биыл жайылмаға су көптеп жайылғанын ескерсек, шыбын-шіркей де көбейеді деп күтілуде. Аймағымызда алғашқы оқшаулау өңдеу жұмыстары 9 сәуірде басталды. Ертіс өзені арнасына қайтқан соң масаға қарсы жұмыстарды аяқтап, қанаттанған шыбын-шіркеймен күреске көшеміз. Жыл өткен сайын популяцияның кемігенін байқап отырмыз. Бірақ, биыл жайылманы 90 пайызға су басты. Біз өзеннен өңдеуді араға он күн салып үш кезеңмен өткізуді жоспарлап отырмыз. Десе де, барлық жұмыстар дернәсілдер санына байланысты болмақ. Ең бастысы, олардың жаппай қанаттанып шығуына жол бермеу, — дейді Д.Ибраев.

Өзен айдыны мен салаларын «бактицид» деген препаратпен өңдейді. Мамандар бұл биологиялық дәрі қауіпсіз әрі тиімді препарат екенін қанша жылдан бері дәлелдеп келе жатқанын алға тартады.

— Бұл препаратпен бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Нәтижесін көрсетіп келеді. Қауіпсіз әрі тиімді. Өзеннен өңдеуге препараттың құрғақ түрінде шамамен бір жарым тонна жұмсалады. Онымен Ертіс өзенін, оның салаларын өңдейміз және оқшаулап өңдеу жұмыстарын жүргіземіз, —
дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов.

Мамандардың айтуынша, сұйық препарат кеменің ернеуімен өзенге төгіледі, ары қарай өзен арнасымен ағып, шыбын-шіркей дернәсілдерінің дамуына қарсылық танытады. Сұйық дәрі тек шыбын-шіркей дернәсілдеріне қарсы жұмыс істейтін көрінеді. Яғни, өзге жәндіктер мен балықтарға еш әсері болмайды.

Жалпы, түзілген жоспарға сәйкес қансорғыштармен күрес үш кезеңмен жүзеге асады. Баржадан, әуеден және қолжетімсіз орындарды жергілікті өңдеу әдістері қолданылады. Сәуір айының соңынан бері жүзден астам әуеден өңдеу жұмыстары жүргізілген. Павлодар, Ақсу қалалары мен Павлодар ауданының ондаған мың жайылымы шыбын-шіркейге қарсы өңделген.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен маса мен шыбын-шіркеймен күрес аймағымызда ерте көктемде басталды, ал қыста тиісті әрекеттер алгоритмі әзірленді, қажетті препараттар жеткізілді, техника дайындалып, мамандар оқытылды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.