Бүгін – Рамазан айының бірінші күні. Бұл ай мұсылман қауым үшін Алладан жарылқау тілеп, алдағы өмірі үшін жақсылық сұрайтын берекелі уақыт. Сондықтан, «Он екі айдың сұлтаны» деген мәртебе берілген қасиетті айда жаратушыға жақындау – әр мұсылманның арманы болса керек. Дін қызметкерлері де бұл айдың қасиетін ұғындырып, оразаның қағидасын түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылындағы «Шайқы ата» мешітінің имамы Нұрислам Ақбаспен сұхбаттасқан едік.
– Нұрислам Юсупұлы, бүгін Рамазан айының парыз оразасы басталды. Осы айда дін қызметкерлерінің жұмысы басқа айлардан бірнеше есеге көбейетін болар. Қандай дайындықпен келдіңіздер?
– Рамазан айына дайындық жұмысы жан-жақты жүргізіледі. Ең алдымен мешіттің ішкі-сыртқы тазалығын жасауға көңіл бөлінеді. Одан кейін жамағатты тарауық намазына шақыру, оразаға қатысты дәрістер өткізіп, жамағаттың сұрақтарына жауап беріледі. Себебі, Рамазан жақындағанда адамдардың сұрағы да көбейе түседі. Біз сол адамдарға барынша түсіндіруге тырысамыз.
– Рамазан айы оразамен шектелмейтіні баршаға мәлім. Одан бөлек қандай амалдарға көңіл бөлген абзал? Себебі, осы айда түрлі себептермен ауыз бекіте алмайтын адамдар да бар…
– Рамазан айы – Құран түскен ай, Құран айы. Сол себепті осы айда ораза ұстаумен шектелмейміз. Алла Тағала қасиетті Құранда «Адамдар басқа амалдарын өзі үшін жасайды, оразаны мен үшін ұстайды және оразаның сауабын өзім беремін» дейді. Ораза – адамды тақуалыққа жетелейтін ғибадат-құлшылық. Ауыз бекіту дегеніміз – тек судан, тамақтан тыйылу емес. Оразаның тағы бір мағынасы – күнәдән тыйылу. Екіншіден, Рамазан айы – тәрбие айы. Бұл өзімізді тәрбиелеп, тақуалыққа жол салатын ай. Оразада Құранға көп көңіл бөлінуі керек. Яғни, қасиетті кітапты кемінде бір рет, мүмкіндік болса бірнеше мәрте толық оқып шығуға тырысу қажет. Сонымен қатар, дұға-сүрелерді жаттауға уақыт бөлген абзал. Бұл жерде араб тіліндегі нұсқасын оқу міндетті емес. Әркім өзінің шамасына қарай қазақша мағынасын да оқуға болады.
– Осы айда дін қызметкерлері тарапынан қайырым-дылық амалдары да көп жасалатын шығар…
– Әрине, Құран оқудан бөлек, қайырымдылық істерімен де көп айналысуға болады. Себебі, осы айда жасаған жақсы амалдардың сауабы еселеніп жазылады екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы бойынша мешіттерде түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Оған имамдар ғана емес, жамағаттар да қатыса алады. Жалпы, Пайғамбарымыз өте жомарт адам болған, ал Рамазан айындағы жомарттығы бұрынғыдан да еселенген. Яғни, көп садақа шығарған. Рамазан айынан бір жақсы амал алып қалу маңызды. Осы айда жасаған қайырымдылығымызды басқа уақытта да жалғастырсақ, осы айдағы мейірімді мінезімізді басқа уақытта да көрсетсек, осы айдағы тақуалығымызды басқа уақытта да босаңсытпасақ нұр үстіне нұр болар еді.
– Қазіргі уақытта Рамазан айы қыс мезгіліне тұспа-тұс келгендіктен ауызашар уақыты да ерте кіреді. Бұл басқа уақытта ұстай алмайтын адамдарға берілген бір жеңілдік болар…
– Мен 12 жасымда алғаш ораза ұстай бастадым. Ол кезде жаз мезгілі болатын. Яғни, күннің ең ұзақ уақыты. Ал кейінгі бірнеше жылдан бері күннің қысқа мезгіліне қарай келе жатыр. Яғни, Рамазан оразасы жылдың бір уақытында ғана емес, төрт мезгілінде де болады. Мұны да Алланың бір нығметі, жеңілдігі деуге келеді. Себебі, жаздың шіліңгір ыстығында, күннің ең ұзақ уақытында ауыз бекіте алмайтын қаншама адам бар. Міне, соларға берілген бір мүмкіндік. Оны қазір де көзіміз көріп жүр. «Бұрын күн ұзақта ұстай алмаған едік, қазір ұстап жүрміз» дейтіндер көп. Әсіресе, жасы үлкен адамдар үшін. Дегенмен, мына нәрсені де естен шығармау керек. Егер адам баласы оразаны тек Алла разылығы үшін деп ниеттеніп ұстайтын болса Алла Тағала оған күш-қуат береді. Яғни, жылдың қай мезгілі болса да жеңілдетіп қояды. Себебі, Рамазан оразасы –
бес парыздың бірі болғандықтан басқа таңдау жасай алмаймыз.
– Баланы неше жастан ораза ұстауға үйреткен жөн?
– Шариғат бойынша балиғат жасына жеткен әрбір адамға ораза ұстау парыз. Яғни, қыз бала 9-15 жас аралығында, ер бала 12-15 жас аралығында ұстап бастауы керек. Бұл әрбір баланың жетілуіне, өсуіне байланысты. Ал балаға ораза ұстауды мәжбүрлеп емес, қызықтырып үйрету маңызды. Оған дінді қорқытып емес, сүйіншілеп жеткізу маңызды. Балаларға алғашқы күндері таңнан кешке дейін болмаса да оның шыдамына қарай жарты күн ұстатып үйретуге болады. Сонымен қатар, осы Рамазан айында балаларға қызықты сыйлықтар беріп, осы қасиетті айға деген сүйіспеншілігін, құрметін арттыру керек.
— Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
