Кезінде орталық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Дәуірхан Айдаров деген кісі болды. Ол кісі өз заманының нағыз дара-данасы болған еді. Кейіннен «Діл және дәстүр» туралы еңбек жазып, халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері мен құндылықтары жайлы үлкен мәселелер көтерген.
Д.Айдаровтың «Дәстүрімізді аттама, дінімізді даттама» деген керемет нақылы есте қалды. Бұл сөз сол заманда қаншалықты өзекті болса, қазір де сол құнын түсірген жоқ. Себебі, қазіргі қоғамда халқымыздың дәстүрін мазақ етіп, бабадан келген асыл дінімізді аяқ асты етіп жүргендер қанша ма?! Ағамыз өмір туралы былай дейді:
Өмір қандай тамаша,
Қалай қиып кетесің.
Соңғы демің шыққанша,
Әлемді сүйіп өтесің.
Аңсаймын өткен өмірді,
Сүйемін өскен жерімді,
Сексенге жасым келсе де.
Ал қазіргі діндарлардың дінді жаю, дәріптеу тәсілі көңілге толмайды. Халықты қорқыту, үркіту арқылы өз пайдаларына шешкісі келетін сияқты. Дәуірхан Айдаров айтқандай, «Дәстүрімізді аттама, дінімізді даттама» деген бұрынғылардың ұлағатты өсиеттерін білмей ме, әлде білгісі келмей ме?! Мен осы жасымда көптеген діндарлармен кездестім. Олардан басқа дін ғұламаларының еңбектерін оқыдым. Оның біріншісі —
Павлодар облысының өкіл имамы болған Сқақ Бектасов. Осы ретте мына бір тарихи деректі келтіре кетуді жөн санадым. 1943 жылы желтоқсанда КСРО-ның басшысы Сталиннің нұсауымен Орта Азия мұсылмандарының құрылтай жиыны өтіп, Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Орта Азияның мүфтиі болып Өзбек діндары Ишан Бабахан Абдулмаджидхан сайлады. Ал Қазақстан делегациясын бастап барған шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов орынбасары етіп сайлады. Міне, осы оқиғалардың бәрі есімізде.
Одан кейін 1995 жыл 31 желтоқсанда Құран кәрімді қазақ тіліне аударған Халифа Алтай ақсақалмен кездестім. Оған дәлел де бар, 3 Құран кітапқа өз қолымен автограф жазып берген. Халифа Алтай — қазақ халқының салт-дәстүрі мен ата дінінің сақталып қалуына зор үлес қосып, үлкен еңбек атқарған тұлға.
Мұны айтып отырған себебім, осындай тұлғалардың өмірі мен өнегесі, еңбегі мен іскерлігі, парасаты мен даналығы бүгінгі дін мамандарына үлгі болса екен деген тілегім бар. Бірде қарындасым «хатым берем, келесіз бе?» деді, бардым. Молда болған жігіт менің немерем Қаныш Демесіновтің қоластында жұмыс істейді екен. Бірде бастығына барып: «Мені оразада жұмыстан босатыңыз, ақша табамын» дейді. Онымен қоймай, «Бір құран оқу бағасы — 20 мың теңге» деген баға тоқтатқан. Осыны естіп жағамызды ұстадық. Кейін ол туралы Жолдас имамнан сұрадық. Ол кісі «Құран оқу ешқандай ақшамен бағаланбайды» деп жауап берді.
Мен 2017 жылы 5 наурызда Серікбай қажы Ораздың қабылдауында болдым. Ал одан кейін Наурызбай қажы Тағанұлының үйінде де болып, дінді дәстүрімізбен ұштастырып жеткізуді ұсынған болатынмын. Ол мүфтият тарапынан «Жаназа» атты еңбек жазып шығарған. Кітаптың 32-ші бетінде мәйіт жуылмай тұрып, ешқандай мұсылмандық шара жасалмайды делінген. Десе де, қазіргі имамдардың кейбірі қонақасында дәлел оқыңдар деп нұсқау береді. Менің ойымша, кітапта қалай жазылған болса, солай орындалуы керек. Яғни, бір жүйе болуы қажет еді. Жаназаға қатысты көпті ойландырған тағы бір жағдай бар. Ол әйел адам жаназаға тұруға болмайды дейді. Ал өздері ананың табанының астында жұмақ бар дейді. Егер, олар намаз оқыса, ораза ұстаса, қажылыққа барса, неге жаназаға тұрмайды. Негізі арабтар да әйел адамды солай жаназаға тұрғызбайды, бірақ олар әйелді тек өмірге ұрпақ әкелетін жан деп есептейді. Яғни, әйел адамның құндылығын бағаламайды, төмен санайды. Ал біз үшін оларға еліктеудің қажеті жоқ деп санаймын.
Сөз соңында айтарым, дініміздің қадір-қасиетін төмендетпейік. Екінші, ертеден келе жатқан діни дәстүрімізді сақтайық. Ол үшін дін мамандары тек құран аяттары мен хадистерді ғана емес, қазақ халқының ұлы тұлғаларының еңбектерін де пайдалану керек. Яғни, уағыз-насихат айтарда ақын-жазушылардың әдеби-мәдени, тарихи еңбектерінен мысал келтіріп отырған дұрыс. Дінді қорқытып үйретуге, үркітіп уағыз айтуға болмайды. Онда адамдар керісінше діннен алыстай түспек. Бұл бабадан бері жалғасып келе жатқан асыл дініміздің қадір-қасиетін түсіріп, қоғамға жаман етіп көрсетеді.
Махмет ДЕМЕСІНОВ, зейнеткер, Павлодар облысының Құрметті азаматы.