Айлардың сұлтаны Рамазан болса, түндердің қадірлісі – Қадір түні. Қасиетті құран түсіріліп, мың айдан да қайырлы болған бұл түннің адам баласына берер жақсылығы мен шарапаты мол екенін жиі айтады дін ғалымдары. Биыл қасиетті Қадір түнін сәуір айының 5-нен 6-сына қараған кеште қарсы аламыз.
Хатым дұғасы оқылады
Мұсылман баласы үшін қасиетті Қадір түнінің орны ерекше. Бұл кеште барша жамағат мешітке жиналып, дұға жасап, Алладан кешірім мен жарылқау тілейді. Мәшһүр Жүсіп мешітінің имамы Серік Темірғалиевтің айтуынша, бұл күні құлшылық үйіне жиналған жамағат үшін әзірленген арнайы бағдарламалар бар.
— Өздеріңізге белгілі, өңіріміздің бірқатар мешітінде тарауық намазында Құран хатымы жасалды. Яғни, Рамазан айының басында оқыла бастаған Құранды осы Қадір түнінде аяқтап, дұғасын жасайды. Осы күні алдымен жамағатқа ауызашар беріледі. Одан кейін Рамазан құндылығы, Қадір түнінің қасиеті, оразаның сауабы, Құран оқудың артықшылығы тақырыбында уағыз айтылады. Сонымен қатар, жиналған жамағат арасында дін туралы сұрақ-жауап сайысы өтіп, дұрыс жауап берген қонақтарға бағалы сыйлықтар да тарту етіледі. Сондай-ақ, осы күні ауыз бекіткен жамағат үшін таңғы сәресіне арналған дастархан жайылатын болады, — дейді Серік Темірбайұлы.
Құран түскен түн
Қадір түні Рамазанның соңғы он күнінде жасырылған. Міне, осы арқылы Рамазанның соңғы он күні алдыңғы онкүндіктерден абзал. Құранды Жәбірейіл періште түсіріп еді, ол ең ұлық періштеге айналды. Құран Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға түсіп еді, ол адамзаттың ардақтысы болды. Құран Кәрім мұсылман үмбетіне түсіп, ол ең қайырлы үмбет атанды. Құран Рамазан айында түсіп еді, ол он екі айдың сұлтаны болды. Құран Қадір түнінде түсіп еді, ол мың айдан да артық болды. Айша анамыз (р.а) былай деген еді: «Рамазанның соңғы он күні кіргенде Пайғамбарымыз белін буатын, түнін (құлшылықпен) тірілтетін әрі отбасы мүшелерін оятатын еді».
Қадір түні – сөзсіз ең қадірлі түн! Алла Тағала оны берекелі етіп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен
өткізгендей сауапқа кенелтеді.
Қадір түнін қалай өткізу керек?
Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын ең абзал амалдарды төмендегідей баяндаған. Бұл түнде намаз оқып, өзінің біліп және білмей жасаған қате-кемшіліктері үшін кешірім тілеп, Отанымыз үшін, отбасыңыз үшін дұға жасау бәрінен маңызды. Себебі бұл — дұғалар қабыл болатын уақыт. Одан бөлек, Құран оқу және оқи алмайтын адамдар үшін тыңдаудың да сауабы зор. Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
Қадір түнінде мына дұғаны оқу мустахаб: «Аллаһумма иннәкә ғафу’ун тухиббуль ғафуә, фәғфу анни!». «Уа Жаратушы ием! Сөзсіз Сен кешірімдісің әрі кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!»
Ендеше жасаған дұғаларыңыз қабыл болсын!
Тілеуберді САХАБА