2025 жылға арналған дәрі-дәрмекті жеткізу рәсімдері жыл соңына дейін аяқталуы керек. Сонымен қатар, препараттардың өндірушіден емделушіге жеткізілу барысы қатаң қадағаланатын болады.

Өзекті мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.

Үкімет басшысы Президент тапсырмасы бойынша ұлт денсаулығын нығайту мақсатында кешенді шаралар қолға алынғанын атап өтті. Бұл ретте халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аса маңызды мәселе саналады.

«Мемлекет медициналық көмек көрсету кезінде және есепте тұрғандарға дәрілік заттарды тегін береді. Бұл мақсатқа биылдың өзінде бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінді. Дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және оларды алдын ала сатып алу — ең басты міндеттердің бірі. Ауруханалар мен емханалар үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу мен жеткізу рәсімінің барлығын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет», — деді О.Бектенов.

Бұл тұрғыда Үкімет басшысы медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек тапшылығы деген мүлдем болмауы керек екенін қадап айтты.

«Бұған Денсаулық сақтау министрі мен «Самұрық Қазына Фармация» ЖШС басшысы тікелей жауап береді. Жалпы, дәрі-дәрмек нарығын жекеменшік өндірушілер, жеткізушілер және дәріхана желілері қалыптастырады. Бұл бизнесті мемлекет препараттардың қауіпсіздігі, сапасы және оларды тіркеу тұрғысынан ғана реттейді.

Жуырда дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу аяқталды. Ол дәрі-дәрмектің өнді-
рушіден емделушіге дейінгі қозғалысын штрих-код арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік берді. Бұрын жеткізу тізбегін бақылай алмайтынбыз. Дәріханаларға контрафактілік және сапасыз препараттардың түсу қаупі де бар еді. Енді біз ауруханалар мен емханалардағы дәрілік заттардың қозғалысын емін-еркін көріп отыратын боламыз. Бұл тегін препараттардың заңсыз айналымына жол бермейді. Яғни, осы мәселеде тәртіп орнатылды», — деді Премьер-министр.

Маңызды жиында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жыл басынан бері нарыққа 145 дәрілік затты өткізуге рұқсат берілмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 6 891 дәрілік зат пен 13 мыңнан астам медициналық құралдар мен жабдықтар тіркелген.

«Елімізде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы құрал-дарға зертханалық сараптама жасау бойынша 3 зертхана жұмыс істеп жатыр. Бұл зертханалар дәрінің сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне сараптама жүргізеді. Сараптама қорытындасы бойынша дәрі-дәрмектің қойылған талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жыл басынан бері нарыққа 145 дәрілік зат немесе берілген өтінімдердің 2,6 пайызы енгізілмеді», — деді А.Әлназарова.

Ақмарал Әлназарова биыл 1 шілдеден бастап елімізде дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау енгізілгенін еске салды. Бұл өз кезегінде дәрі-дәрмектің заңсыз айналымын анықтап, олардың қолданысқа өтуіне бөгет болады.

«Қазір 68 миллионнан астам (39,3 млн – шетелдік, 29,3 млн — отандық) дәрілік зат қаптамасы таңбаланып, оның 28,5 миллионы айналымға енгізілді. Бұл жұмысқа отандық дәрі-дәрмек өндірушілер, тасымалдаушылар, жеке айналымдағы дәріханалар мен 1 784 медициналық ұйым қатысып отыр. Бұл өз кезегінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМКК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында дәрілік заттардың толық айналымын (импорт пен экспортты) бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді министр.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.