Дәстүр мен сән — бір сахнада

Нау 19, 2026

Наурызнаманың онкүндігі аясында облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында ұлттық рух пен дәстүрдің үні жаңғырған тағылымды кеш өтті. «Сән мен саз» ұлттық өнер шеруі ата-баба мұрасын заманауи нақышпен үндестіріп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеште ұлттық өнердің жаңа тынысы ашылып, жергілікті шеберлер мен кәсіпкерлердің бірегей туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Ұлттық өнер шеруі көрерменді бірден ерекше әсерге бөлеген тағылымды кеш болды. Сахна төрінде ұлттық әуендер әуелеп, дәстүрлі өнер мен заманауи сән үйлесімін тапты. Кеш шымылдығы қазақы нақыштағы музыкалық композициялармен ашылып, көрерменге рухани серпіліс сыйлады. Кеш барысында ортеке аспабының тұсаукесері өтіп, дәстүрлі өнердің сирек үлгісі жаңаша сипатта ұсынылды. Бұл көрініс көпшілікке ұлттық мұраның тереңдігін сезіндіріп, ерекше әсер қалдырды.

Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы Замира Солтанованың айтуынша, соңғы жылдары орталық ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, оны заманауи үлгіде дәріптеуге бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар дәстүр мен бүгінгі күннің арасын жалғап, ұлттық өнердің жаңа тынысын ашуға жол салып отыр.

– Біз креативті индустрияны өңірлерде дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Әсіресе, ұлттық бұйымдар мен киім-
дерді жаңаша көзқараспен ұсынып жүрген кәсіпкерлерді қолдау – басты міндеттеріміздің бірі. Өткен жылдан бері осындай бастамашыл жандарды қолдап келеміз. Биыл да бірқатар жобаны қолға алдық. Соның аясында «Qazoner» этно-декор өндіріс орталығы мен «Hanym» ательесінің жұмысын қолдауды жөн санадық. Айта кетерлігі, «Qazoner» орталығы өңірімізде алғаш рет ортеке өндірісін қолға алып отыр. Бұл – ұлттық өнерді жаңғыртудағы маңызды қадам. Алдағы уақытта да осындай жобалар жалғасын тауып, біз талантты жастар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында өңірлерді аралауды жоспарлап отырмыз, – деді Замира Амангелдіқызы.

Өз кезегінде «Qazoner» этно-декор өндіріс орталығының жетекшісі Гүлнәз Қадыр кәсіптің қалыптасу жолы мен жаңа жобаның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, шағын ғана цехтан басталған іс бүгінде кең қанат жайып, ұлттық нақыштағы өнімдерге сұраныстың артқанын айқын көрсетіп отыр.

– «Qazoner» өндірісі осыдан алты жыл бұрын шағын индустриалды аймақта қара-пайым цех ретінде жұмысын бастаған еді. Бүгінде өндірістік аумағымыз кеңейіп, жұмыс орындарының саны артып келеді. Ортеке жобасын өткен жылы қолға алдық. Қазіргі таңда 10 данасы бар. Алғаш рет бұл туындыны өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен түркі елдерінің кәсіпкерлері форумында таныстырдық. Көрермендердің қызығушылығы жоғары болды. Жалпы, жобаны бастамас бұрын жан-жақты зерттеу жүргізіп, сұраныстың бар екеніне көз жеткіздік. Ортеке арнайы станок арқылы жасалады. Бағасы – 35 теңге, – дейді Г.Қадыр.

Ал «Hanym» ательесі кішкентай баладан бастап егде жастағы адамдарға арналған ұлттық киімдерді тігумен айналысады. Сонымен қатар, этно сөмкелер, қыз жасауына арналған заттар және мектеп киімдеріне ұлттық оюларымызды өрнектейді.

Ательенің негізін қалаушы Айзат Бәйтенова ұлттық киім-дерге деген қызығушылығын кәсіпке айналдыруды көптен бері армандап келген. Сол арманның нәтижесінде дүниеге келген ателье бүгінде дәстүрлі нақыш пен заманауи сәнді үйлестірген ерекше бағыттағы жұмысымен ерекшеленіп отыр.

– Ұлттық киім — қазақ мәдениетінің маңызды және ажырамас атрибуты. Дегенмен тек Наурыз мейрамында әспеттеліп жатады. Осыдан кейін «Неге ұлттық киімдерді бүгінгі заманғы стильмен байланыстырып, күнделікті өмірде киетін киімдер қатарына қоспасқа?» деген ой келді. Негізгі мақсатым – қазақы нақыштағы киімдерді күнделікті өмірге енгізу, оларды заманауи үлгіде ұсынып, әр адамға қолжетімді әрі ыңғайлы ету. Бүгінде адамдар ұлттық киімге жаңаша көзқараспен қарай бастады. Біз сол сұранысқа сай ерекше реңк беріп, дәстүр мен сәнді үйлестіре отырып жұмыс істеп келеміз, – деп атап өтті А.Бәйтенова.

Осылайша, ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған мұндай жобалар өңірдегі креативті индустрияның дамуына серпін беріп қана қоймай, ата-баба өнерін бүгінгі ұрпаққа жаңа қырынан танытуға мүмкіндік беруде.

Айдана БОРАНБАЕВА.