Егер Республика «сөйлей» алса…

Қаз 23, 2025

Биыл ҚР Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына — 35 жыл. Бұл күн — ел тағдырындағы ерекше белес, мемлекеттіліктің бастауы болған маңызды сәт. Егер дәл осы сәтте Республика «тіл қатса», ол халқына не дер еді?

Бәлкім, өз жұртына риза-шылығын білдіріп, болашағына сеніммен қарар. Өйткені халық —
мемлекеттің өзі, һәм іргетасы. Кез келген қиындық алдымен халықтың тағдырына әсер етеді. Біздің тарихымыз 35 жылмен шектелмейді, ол — ғасырлар бойғы күрес пен рухтың сабақтастығы. Сондықтан, елдің өткені, бүгіні мен келешегіне тікелей байланысты. Егер еліміз осы күнге дейінгі өмірінен сыр шертетін болса, айтары мол екені анық.

Бәлкім, ол әрбір қазақ-стандыққа «үн қатар»:

— Мен — сендердің жасаған еңбектеріңнің жемісімін. Ата-бабаларың мені қорғау жолында өз жандарын құрбан етуге дайын болды. Енді сол ама-
натты абыроймен жалғастыру —
сендердің қолдарыңда. Тілді, ұлттық болмысты көздің қарашығындай сақтаңдар. Тарих әрдайым бейтарап, ол жамандықты да, жақсылықты да ұмытпайды. Сондықтан мәңгілік ел болу үшін тарихты жақсы жаққа өзгерту мүмкін болмаса да, өз елін жүрегімен сүйе білетін, оның абыройын жоғары қоя білген ұлтжанды болсаң жетіп жатыр. Ең бастысы, халықтың жағдайын бірінші орынға қою.

Егер Республика «тіл қатса», өзінің тәуелсіздік алған жылдардағы алғашқы қадамын еске алар еді. Елінің азаттыққа деген ұмтылысын, жалындаған жастарын. Алғашқы Әнұранның әуезі мен Көк байрақтың көкке көтерілгеніне масаттанар еді.

Ол әрбір азаматтың бойынан адалдық пен табандылықты, еңбекқорлықты талап ететін болар. Республикамыздың басты тілегі тәуелсіз елдің ұландарына арналары сөзсіз.

— Егемен елдің жастары! Ұлттың тұтастығын сақтау үшін бірлік, береке керек. Осы адами қасиеттерді сақтай отырып, сендердің білімді, алғыр болғандарың жөн. Мен әрбір жүрегі қазақ деп соққан жасқа сенемін. Менің болашақта қандай биіктен көрінетінім сендердің еңбектеріңе тікелей байланысты.

Ал егер ол ойланса, неге алаңдар еді?

«Жер, тіл, мінез – елді ұстап тұрған үш қасиет» дер еді.

Жер — халықтың өмірі мен намысы.

Тіл — ұлттың жаны мен болашағы.

Мінез — мемлекеттің бет-бейнесі.

Осы үшеуінен айырылған елдің егемендігі де әлсірейді. Жерді қорғау, тілдің қадірін сақтау, ұлттың мінезін жоғалтпау —
елдің тұрақтылығының кепілі.

Еліміз не тілер еді?

Сөздің басында айтқа-нымыздай, республика ол — халық. Ал, халықтың тілері әрдайым тыныштық пен береке. Өз ұлтына деген адалдық, құрмет. Әлбетте елді алға жылжыту жолында бірлесе жұмыс жасау.

Республика — халықтың үні, елдің жаны. Егер ол шын мәнінде сөйлей алса, әрбір қазақстандықтан адалдық пен жауапкершілікті талап етер еді. Тәуелсіздік тек құжатпен емес, ұлттың санасымен, тілімен, мәдениетімен сақталады. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа артылған аманат – осы құндылықтарды ұрпақтан-
ұрпаққа жеткізу. Республика үнін есту – оны жүрекпен сезініп, іс арқылы дәлелдеу.

Егер Республика «сөйлей» алса, ол әрқайсымызға: «Мені сақтаңдар, мен сендердің болашақтарыңмын» дер еді.

Сара АВДОЛ.