Павлодар облысында Адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу басталды. Бұл әзірге 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға ғана салынуда. Қауіпті вирусқа қарсы күрес шаралары және вакциналау науқаны туралы толығырақ Павлодар облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Зәмзәгүл Дощановамен әңгімелескен едік.
— Адам папилломасы вирусы дегеніміз не? Оның қауіптілігі қандай?
— Бұл – өте қауіпті вирустардың бірі. Адамның дене мүшелерінің терісі мен шырышты қабығы арқылы жұқтыратын өте кең таралған вирус. Вирус өте тез таралады. Бұл жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады және соның салдарынан қатерлі ісік ұлғаяды. АПВ инфекциясы жыныс мүшелерінің, көмейдің және ауыз қуысының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, бас пен мойын қатерлі ісігіне соқтыруы, тыныс алу жүйесінің ауруларына әкелуі мүмкін.
Елімізде 11 жастан асқан қыз балаларға екпе салу басталды. Бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес және ДДҰ ұсынысын ескере отырып қолға алынды. Яғни, 11-13 жастағы қыздарға 6 ай аралықпен екі рет вакцинация жүргізіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымына сәйкес АПВ-ге қарсы екпе тек 9-14 жас аралығындағы қыз балаларға жүргізіледі деп шешілген. Міне, осыған байланысты Қазақстанда қыздарды 11 жастан бастап вакциналау туралы шешім қабылданды. Вакцинаны ерте жаста енгізгенде тиімді болады.
— Екпеге қандай препараттар салынады, ол қайдан әкелінді?
— Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау үшін «Мерк Шарп және Доум» компаниясы (АҚШ) шығарған 4 валентті «Гардасил» вакцинасы жеткізілді.
Вакцинаны салдырмас бұрын дәрігердің қарауынан өтуі керек. Содан кейін мектептердің егу кабинеттерінде немесе тұрғылықты жері бойынша емханаларда жүргізіледі. Егу процесі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі. Балаларды вакциналауға ата-аналары келісім беруі керек. Мұны 4 валентті вакцина дейді. Бұл дегеніміз жоғары онкогенді 16 және 18 АПВ түрлерінен қорғайды. Сондай-ақ, АПВ инфекциясымен байланысты басқа да көптеген ісіктерден сақтандырып, жұқпалы дерттің алдын алады. АПВ вакцинасы әлемде 2006 жылдан бастап қолданылып келеді. Жалпы, соңғы 15 жылдан астам уақыт бойы жоғары сұранысқа ие. Бүгінде 135-тен астам ел бұл дәріні қолданады. Орталық Азияда Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдері АПВ-ға қарсы вакциналауды енгізді.
— Павлодар облысына вакци-наның қанша дозасы жеткізілді?
— Бүгінгі таңда Павлодар облысының тұрғындар үшін 5600 дозасы сатып алынды.
Вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда немесе мектептердің егу кабинеттерінде ұйымдастырылған. Егер ауылда егу кабинеттері болмаса екпелерді көшпелі егу бригадалары жүргізеді. Барлығы ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен болады. Бастысы, бала ағзасында екпеге қарсы көрсеткіштер болмаса жеткілікті.
— Ақпаратыңызға рахмет!
Әңгімелескен — Тілеуберді САХАБА.