Екібастұздық белсенділер Баянауыл бағытына веложорық ұйымдастырып, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне дейін велосипедпен бармақ. Мұндай веложорық ұйымдастыру бастамасын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Жұмағали Қоғабай көтеріп, оны жергілікті әкімдік, зиялы қауым мен белсенді жастар да бірауыздан қолдаған.
Екібастұз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлі-мінің мәліметінше, керуенге шахталы шаһардың жастары, белсенді азаматтары мен спорт жанкүйерлері қаты-самыз деп құлшыныс танытқан. Олар 28 шілде күні таңғы сағат 4.00-де велосипедпен Екібастұз – Ескелді бағытына жолға шығып, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне дейін барады. Жалпы 75 шақырым қашықтықты бағындыруға бел байлаған. Сол сапардың нәтижесінде Жұмағали Қоғабайдың жақында шыққан «Сәтбаевтар әлемі» атты кітабы Мәшһүр Жүсіп мұражайына табыс-талады.
– Биыл Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов және басқа да көрнекті тұлғалардың туған күндері мемлекеттік деңгейде аталып өтуде. Жуырда ақын, жазушы Жұмағали Қоғабай Қазақстан Ғылым академиясының Тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай веложорық арнауды ұсынды. Бұл ұсынысты Екібастұз қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев бастаған депутаттар да қолдады, –
дейді бөлім мамандары.
Мамыр айында «АМАNАТ» партия-сының Екібастұз қаласындағы филиалының қолдауымен жазушының Қаныш Сәтбаевтың 125 жыл-
дығына орай жазылған «Сәтбаевтар әлемі» және «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар» атты кітаптарының таныс-тырылымы өткен.
— Бұл жолғы сапарға шамамен 20-ға жуық адам қатысуға ниеттеніп отыр. Мақсатымыз — Қаныш Сәтбаевтың өміріне арналған «Сәтбаевтар әлемі» кітабымды Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтарына табыстау. Екіншіден, жастардың велоспортпен шұғылдануына ықпал ету. Үшіншіден, биыл мен 75 жасқа толып жатырмын. Осыған орай Ескелдіге дейінгі 75 шақырымды велосипедпен жүріп өтуді мақсат етіп отырмын, — деді Жұмағали Бижанұлы.
Айта кетейік, ақын Ж.Қоғабай шығармашылықпен қатар спортпен де жиі шұғылданады. Бұл саладағы жетістіктері де кейінгі жастарға үлгі боларлық. 2017 жылы Екібастұз қала-сында өткен 20 шақырымдық жаяу жарысқа, 2018 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай өткен 25 шақырымдық дуатлонға қатысқан болатын.
Т.САХАБА.