Биыл Екібастұз қаласында әлеуметтік маңызы зор ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Барлығы — қала тұрғындарының жайлы өмірі, қыстың қытымыр аязынан жаурамай шығу және жасөспірімдердің салуатты өмір салты үшін жасалып жатқан қадамдар.
Облыс әкімі Асайын Байханов өткен аптаның соңында Екібастұз қаласына іссапармен барып, әлеуметтік нысандарды жөндеу, жылу беру науқанына дайындық, аулаларды жаңғырту мен жарықтандыру және бұқаралық спортты дамыту бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақ басшысы алдымен Екібастұз теміржол вокзалына барып, сапаржайдың күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Шахталы шаһардың сапаржайы адам танымас-
тай өзгеріп келеді. Мұнда биыл облыс орталығындағы Теміржол вокзалының үлгісімен ауқымды реконструкция жүргізілуде. Осыған дейін шатырын жөндеу жұмыстары аяқталды, кәріз және жылыту жүйелері толығымен ауыстырылды, электрмен жабдықтау желілері 80 пайыз жаңартылды. Ал қазіргі таңда бейнебақылау камераларын орнату, аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа заманғы үлгідегі дизайнмен әрленген сапаржайда мүгедек арбасымен жүретіндерге арналған электронды саты, асхана, қонақүй, намазхана, ана мен бала бөлмесі жабдықталған.
Жөндеу жұмысының жай-күйімен «Павлодар Рем Комплекс» ЖШС-нің бас директоры Марина Киева таныс-тырып, бүге-шігесіне дейін түсіндіріп шықты. Тапсырысты орындаушы компания өкілдері нысанды уақытынан бұрын тапсырып, халықты қуантамыз деп сендірді.
— Павлодардың теміржол вокзалы сияқты реконструкция жүргізіліп жатқан Екібастұз теміржол вокзалы жағымды әсер қалдырды. Мұндағы жұмыстардың едәуір бөлігі орындалды, келесі жылдың көктеміне дейін толығымен аяқталады деп уәде берді, — деді Асайын Қуандықұлы.
Облыс басшысы қаланың жылу желілерінің, соның ішінде биылғы күрделі жөндеуден өткен жылу магист-ральдарын аралап, қысқа дайындығын тексерді. Биыл Екібастұзда екі үлкен жылу магистралінің құбырлары жаңарған. Бұл – №1 және №3 жылу магистральдары. Жұмыстар толығымен аяқталған. Жалпы, 3,9 шақырым желі жаңартылып, гидравликалық сынақтар сәтті жүргізілді. Қазіргі уақытта желілер жұмыс істеп тұр. Жұмыстар кезінде бұзылған жерлерді абаттандыру мен асфальттау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Одан кейін 1999 жылы пайдалануға беріліп, бүгінгі күнде 90 пайызы тозығы жеткен №7 жылу магистралі орналасқан учаскеге барды. Аталған нысан 120-дан астам көппәтерлі тұрғын үй мен 1000-нан астам жеке секторды жылытады. Сондай-ақ, 17 әлеуметтік нысан мен 150 мемлекеттік нысанды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Осы қала халқы үшін аса маңызды жылу желісінде соңғы 3 жылда 50-ден астам ақау анықталған болатын. Сондықтан аймақ басшысы алдағы уақытта міндетті түрде жаңарту жұмысын қолға алу қажет екенін атап өтті. Оны реконструкциялауға жобалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бүгінгі таңда қажетті қаражат бөлу үшін тиісті бюджеттік өтінім дайындалуда.
— Жылыту маусымы басталды. Бұл бағытта Екібастұз қаласына үкімет тарапынан және облыстық бюджеттен 9 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп, екі үлкен жылу магистралі жаңарды. Бұл – №1 және №3 жылу магистральдары. Мұнда осы аумақтағы 25 көпқабатты үйді қосқанда жүзден астам нысан жылуға қосылған. Жаңғырту жұмысы барысында құбырлардың диаметрі үлкейтілді. Сол себепті жылу беру көрсеткіші мен сапасы ұлғайып, жаңадан абоненттерді қосу мүмкіндігін ашты. Бірақ, оны осы жылу беру маусымында қоспаймыз, — деді аймақ басшысы.
Екібастұзда бұқаралық спорт алаңдарын салу, аулаларды жаңғырту, көшелерді жарықтандыру жұмысы қарқынды жүріп келеді. Қала әкімі Аян Бейсекиннің сөзінше, өткен жазда 62 аулаға асфальт жабыны төселіп, 20 шағын футбол алаңы, 50 балалар ойын алаңы орнатылды. Ал қазір үнемделген қаражат есебінен қосымша 16 балалар ойын алаңы салынып жатыр. Қараша айының соңына дейін жаз мезгілінде роллердром болатын 10 хоккей кортын құрамыз деп атап өтті қала басшысы.
Биыл аймақ басшысының тапсырмасы бойынша Екібастұзда аулаларды жарықтандыру жұмыстары басталған болатын. Екі жылдың ішінде бұл жұмыстарды қаланың барлық 279 ауласында жүргізу мақсаты қойылған. Жоғарыдағы тапсырма нәтижесінде биыл 116 аула жарықтандырылады.
Жұмыс сапарының соңында Асайын Байханов «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешеніне ат басын бұрды. Мұнда биыл балалар бассейніне реконструкция жасалып, пайдалануға берілді. Бұған дейін бес жыл бойы бос тұрған еді. Бұл екібастұздықтар үшін күтпеген жаңалық болды. Ғимараттың терезелері мен есіктері толығымен ауыстырылды, электр жабдығы, жылу жүйесі, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жаңартылды. Желдету жүйесі орнатылып, шатыры ауыстырылды. Сондай-ақ, бассейнге мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы көтергіш құрылғысы орнатылды. Жауапты мамандардың айтуынша, 200-ден астам баланы, соның ішінде тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды тегін жаттықтыратын болады. Қазірдің өзінде бассейнде жаттығуға 90 бала жазылған. Негізі, бір аптада 2,5 мың балаға дейін қамту мүмкіндігі бар.
— Бұл — бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамалардың бірі. Былтыр осы шаһарға бір келгенде ата-аналар осы орталықты жөндеп беру туралы өтініш жасаған болатын. Сонымен жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Оның өзі жарты жылдай уақыт алды. Содан кейін бір жылға жуық уақыт ішінде жаңғырту жұмысы жүргізіліп, балалардың игілігіне берілді, — деді А.Байханов.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты мамандарға аталған бағытта қолға алынған жобаларды сапалы әрі уақытында орындауды тапсырды.
Тілеуберді САХАБА, Екібастұз қаласы.