Екібастұз қаласы өңіріміздің ғана емес, еліміздің индустриялық орталығына айналып келеді. Бұған дейін энергетиктер мен кеншілер шаһары деген атауға ие болса, енді мұнда металлургия мен теміржол кластері де қарқынды дамуда. Осыдан үш жыл бұрын сақылдаған сары аязда жылусыз қалып, қыста бүрсең қаққан қалада инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынды. Моноқала мәртебесімен «қош айтысатын» шаһарда тағы қандай ауқымды істер атқарылуда? Ауылдағы ағайынның мәселелері қалай шешіліп жатыр? Жалпы, келер жылға жоба-жоспар қандай? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинмен тілдескен едік.
— Аян Уахитұлы, алдымен осы жылдың басты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш-теріне тоқталып өтсеңіз. Қай салада ілгерілеу, ал қай бағытта кенжелеу байқалады?
— Жалпы, өткен 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады. Инвестиция тарту көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 168,8 пайызға өсті. Жыл басынан бері 365,4 мил-
лиард теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда Екібастұз аймағында жалпы сомасы 6,2 триллион теңгені құрайтын 25 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында 9 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұдан өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып келе жатқанын айқын аңғаруға болады.
Ал өндіріс саласындағы негізгі көрсеткіш – станцияларымызда электр энергиясын өндіру. Оның жылдық көлемі сағатына
30 млрд кВт-тан асатын болады, бұл энергиямен қамтамасыз етудің нақты көлем индексін 103 пайыз деңгейіне жеткізеді.
Шаруалардың тынымсыз еңбегінің арқасында агроөнер-кәсіптік кешен де жоғары көрсеткіштерге жетіп келеді. Айталық, картоп өнімі 25 пайызға артып 85 мың тоннаға жетсе, көкөніс өнімдері 28 пайызға өсіп 25,5 мың тоннаны құрап отыр. Мал шаруашылығы саласында да ілгерілеу байқалады. Өңірде 55 мың бас ірі қара мал, 44 мың бас жылқы, 55 мыңнан астам ұсақ мал бар.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 4 млрд теңгені құрады. Теміржол ауылдық округінде суармалы егін шаруашылығын дамыту және көкөніс қоймаларын салу бойынша 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын және өндірістік көрсеткіштердің өсуін айғақтайды.
— Осыдан біраз уақыт бұрын Үкімет басшысы Олжас Бектенов Екібастұз моноқалалар тізімінен шыға-тынын мәлімдеген еді. Бұған қатысты не айтасыз?
— Иә, Тәуелсіздік алған уақыттан бері Екібастұз қаласы өркендеп, қанатын кеңге жайып келеді. Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын көмір мен энергетика саласына «байлаулы» шағын ғана шаһар болса, бүгінде экономиканың сан түрлі саласы қарқынды дамуда. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, біздің қала бұрыннан-ақ моноқала мәртебесінен «өсіп» шықты. Яғни, бұрынғыдай бір-екі қала құраушы кәсіпорынға ғана тәуелді емес.
Қазіргі уақытта теміржол мен металлургия кластерінің жұмысы оң жолға қойылды. Биыл күзде екі ірі металлургиялық жоба іске қосылды. «EkibastuzFerroAlloys» жобасының инвестиция көлемі 92 млрд теңгені құрап, 800 тұрақты
жұмыс орны ашылды. «Kazferro Limited» жобасына 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 340 адам еңбекпен қамтылды. Осы зауыттардың іске қосылуы нәтижесінде еліміз ферросилиций өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шығып, металлургия саласындағы жетекші орнын нығайтады. Оған қоса, тағы екі металлургиялық кешеннің құрылысы қолға алынды. Оңтүстіккореялық инвесторлар бұл жобаға 1,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы құймақ. Тағы бір жоба аясында төмен қоспалы болат өндіріледі. Жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын бұл зауыттың капсуласы осы жылдың көктемінде салынды. Осы орайда көпшілік тарапынан экологияға қатысты сауалдар туындауы мүмкін. Бірден айта кетейін, жаңа зауыттардан қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келмейді. Қазіргі қолданыстағы Экологиялық Кодекстің талаптары әлемдік стандарттарға сай. Мұндай жоғары талаптарға сай келетін кәсіпорын ғана іске қосылады. Сондықтан экологиялық мәселеге алаңдауға негіз жоқ.
Қысқасы, осындай ірі өндіріс орындарының ашылуы есебінен моноқала мәртебесінен арыламыз. Бұл шаһардың одан әрі өсуіне тың серпін беруі тиіс.
— Экономика мәселесін тілге тиек еттіңіз. Соңғы уақытта көпшілік күнделікті азық-түлік, бірінші
кезекте керек тауарлар баға-сының қымбаттап жатқанын жиі айтып, әлеуметтік желілерде шағымданып жа-
тады. Өзіңіз дүкенге қаншалықты жиі барасыз? Қара-пайым тұтынушы ретінде
баға өсімін байқайсыз ба?
— Әрине, нарықтық экономикада өмір сүріп жатқандықтан, өнімдердің бағаларын нарық анықтайды. Дегенмен, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы — біздің үнемі бақы-лауымызда. Бұл бағытта көптеген механизм арқылы бағаның өсімін тежеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, облыстық тұрақтандыру қоры, өңірдің тауар өндірушілерімен меморандумдар, апта сайынғы жәрмеңкелер және күнделікті мониторинг бар. Кәсіпкерлік бөлімінің мамандары қала дүкендеріне күнделікті бақылау жүргізеді. Жыл басынан бері
19 сауда нүктесінің баға саясатының талаптарын бұзғаны анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі күні көкөніс өнімдері мен нанның бағасы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Өзім де дүкендерді аралаған кезде оны көріп жүрмін.
— Екібастұз туралы сөз қозғаған тұста инфрақұры-лымдық жаңғырту, әсіресе жылу желілерін жаңарту мәселесін айналып кетпеске болмас. Облыс әкімі айтқандай, батыр қалада бұл бағытта қандай істер атқарылды?
— Ел мен облыс басшылығының тікелей қолдауы нәтижесінде соңғы үш жыл дересінде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағы-тында ауқымды жұмыс жүргізілді. Осы бағытқа мемлекеттік бюджет пен жеке қаражат есебінен
100 миллиард теңгеден астам сома жұмсалды. Бұл – бұрын-соңды болмаған дүние. Аталмыш қомақты сомаға 100 шақырымнан астам желі жөнделді, басқа да жұмыстар атқарылды. Биылдың өзінде жылыту маусымына дайындық барысында жылу-электр орталығындағы бір қазандық күрделі, екі қазандық кеңейтілген ағымдық және төрт қазандық агрегаты ағымдық жөндеуден өтті. Мемлекеттік қазынадан қарастырылған қаржы
жалпы ұзындығы бес шақырымнан асатын №2 және №7 жылу магист-ральдарын қайта қалпына келтіруге бағытталды. Жалпы, биыл квартал ішіндегі желілерді жөндеу аясында 345 учаске реттеліп, 12 шақырымнан астам құбыр ауыстырылды. Одан бөлек, «Екібастұз жылу желілері» кәсіпорнының мамандары 5,5 шақырым желіні күрделі жөндеді. Мұның барлығын ескере келе, биыл қыстан қысылмай шығамыз деп үміттенеміз.
— Шағын шаһарда кәріз жүйелеріне қатысты мәселе де күрмеулі. Өткен жылы коллектордың бір бөлігі опырылып түскені есімізде. Ендігі апат осы желілерден шықпай ма?
— Иә, қалада жылу, су, кәріз жүйесінің тозығы жеткені рас. Жылу желілерін жаңарту бағытында қыруар жұмыс атқарып жатырмыз. Сол сияқты су, кәріз желілерін ретке келтіруге де мән береміз. Былтыр опырылып түскен аумақ бірден қайта қалпына келтірілді. Өкінішке қарай, қаланың өзге аудандарында да осындай проблемалық учас-келер бар. Оларды реттеу – басты назарымызда. Айталық, Пішенбаев көшесінің бойында жаңа коллектор салынып жатыр. Ал Северный шағын ауданында кәріз желісі тартылуда. Бұған дейін аталмыш ауданда мұндай игілік болған емес. Жоспар бойынша, ол келесі жылы қолданысқа беріледі. Жалпы, су, кәріз жүйесін жаңғыртуға қатысты 15-ке жуық жобаны қолға алдық.
— Ал көпқабатты үйлердегі лифттерді жаңарту барысы қалай? Білуімізше, 329 жеделсатының жартысынан астамы әбден ескірген. Олардың орнына жаңасы қашан қойылады?
— Жалпы, жеделсатылардың тозуы – тек біздің шаһардағы емес, кез келген қаладағы проблема. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігінің нормативтік қолдану уақыты өтіп кеткен. Соған қарамастан тиісті техникалық қараулар жүргізіліп, ұзарту сертификаттары беріледі. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейді. Оларды жүйелі түрде жаңарту қажет.
Осы мақсатта қалалық бюджеттен былтыр 200 миллион теңге, биыл тағы 200 миллион теңге бөлінді. Келесі жылға да 200 миллион теңге қарастырдық. Мұның барлығы – револьверлік жүйемен бөлінген қаражат. Яғни, тұрғындардың төлемі арқылы түскен сома қайтадан лифт шаруашылығына бағытталады. Бұл қаражатқа кем дегенде 15 лифт орнатуға болады. Оған қоса, республикалық бюджеттен тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша жыл сайын 700-800 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаражат шатырларды, инженерлік ішкі желілерді жөндеу, жеделсатыларды ауыстыруға жұмсалады. Осылайша, бір жылда кем дегенде 20-30 лифтті жаңартуға болады.
— Қала тұрғындары аулаларды абаттандыру бағы-тында ауқымды істердің атқарылғанын айтып жата-ды. Бұған дейін тас қараңғы болған көшелер енді самаладай жарық көрінеді. Жалпы, жарықтандыру, жол жөндеу бағытында нендей жұмыс жүргізілді?
— Иә, қаланы абаттандыру бағытында кешенді жұмыстарды қолға алдық. Оның нәтижесін халық байқап отырғаны қуантады. Соңғы үш жыл дересінде аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, әлеу-меттік инфрақұрылымды жақсарту үшін 15 миллиард теңгеден астам сома бөлінді. Нәтижесінде үш жыл ішінде 70 ауланың жолына асфальт төселіп, ауылға кіреберіс және ауыл ішіндегі 130 шақырым жол жөнделді. Барлығы 20 әлеуметтік нысанға апаратын жолдар да асфальтталды. Биыл қала аумағындағы аулаларды жарықтандыру жұмысын толығымен аяқтадық. Сонымен қатар, осы жылы балалар ойнайтын 50 алаң, 9 воркаут алаңы, 2 стритбол алаңы салынды. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының маусымы басталғалы 30 көше-дегі 25 шақырымға жуық жол жөнделді. Былтырғымен салыс-тырғанда жұмыс көлемі 70 пайызға көбейді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта да қаламызды көркейту үшін көп іс тындыру ойда бар. Сол арқылы тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы жағдай жасауды қалаймыз.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Шахтер» паркін жаңғырту үшін 5 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған болатын. Бұл сомаға қандай жұмыстар атқарылды? Жалпы, аталмыш паркті жаңғыртуға байла-нысты қандай жоспарлар бар?
— Екібастұз қаласы тұрғын-дарының сұрауы бойынша «Шахтер» саябағын қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстары басталған болатын. Саябақтың жаңа тұжырымдамасы жайлы әрі тыныш демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Сонымен қатар, балаларға арналған спорттық аймақтар мен рекреациялық кеңіс-тіктер жасау жоспарланып отыр.
Биылға бөлінген қаражат аясында ескі нысандар алынып, инженерлік коммуникациялар жаңартылып, аумақты асфальттау жүргізілуде. Сәулеттік шағын нысандар мен жабдықтар сатып алынды. Жобаны толығымен аяқтау келесі жылға жоспарланып отыр. Қайта жаңғыртудан өткен саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалу орнына айналады деген ниеттеміз.
— Осыдан 3-4 жыл бұрын қала ішіндегі қоғамдық көліктер әбден тозып, тұрғындарға қолайсыздық туды-ратын еді. Бұған қатысты шағымдар өзіңізге де жиі түскен болар. Қазір жолау-шылар тасымалы мәселе-сінде не өзгерді?
— Шынымен, осыдан бірнеше жыл бұрын қала көшелерінде ескі автобустар қатынайтын еді. Жүру жиілігі 25 минуттан 40 минутқа дейін созалатын-ды. Сапасыз қызмет көрсетуге қатысты шағымдар, көңіл толмайтын хабарламалар да көп келетін. Облыс басшылығының
қолдауымен автобус паркі толық жаңартылып, сапалы резерв қалып-тастырылды. Бұл өз кезегінде интервалдарды айтарлықтай қысқартуға, қосымша бағыттар есебінен 207-208 кварталдарды қамтуға мүмкіндік берді. Таяуда «НарТранс» тасымалдаушы компаниясының жұмысымен танысып қайттым. Мұндағы барлық автобустар бейне-камералармен, арнайы мониторинг жүйесімен жабдықталған. Атап айтқанда, жасанды интеллект технологиясы жүргізушінің шарша-ғанын, темекі шеккенін немесе телефон қолданғанын бақылап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Кәсіпорында электробустарды зарядтау станциялары, жаңа шеберханалар мен бокстардың құрылысы жүріп жатыр. Мұның барлығы жүргізушілерге де, жолаушыларға да қолайлы деп ойлаймыз. Бірақ, бірден айта кетейін, жақын арада жаңа маршруттарды ашу жоспарда жоқ. Қолданыстағы маршруттық желі бүкіл қаланы қамтып отыр. Біз жаңа бағыттар ашуға емес, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға баса назар аудармақпыз.
— Байқауымызша, қалада тұрғын үйлер құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Олардың қатарында жеке инвестиция есебінен салынып жатқан баспаналар бар ма?
— Қуантарлығы, осы жылы тұрғын үй құрылысының көлемі 47,1 пайызға өсіп, тұрғын үй саласының белсенді дамып келе жатқанын көрсетеді. Биыл №2 шағын ауданда бес қабатты үш үйдің құрылысы аяқталды. Сол арқылы 180 жаңа пәтер қолданысқа берілді. Бұл – 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй – коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасының жемісі. Жеке инвестицияларға келер болсақ, №4 шағын ауданда 160 пәтер болатын төрт баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта екеуінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Энергетиктер көшесінде 36 пәтерлі екі үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға таяу. №9 шағын ауданда да 120 пәтерлі екі бесқабатты үйдің құрылыс алаңы дайындалып жатыр. Бұл баспаналардың сапалы салынып, тұрғындарға уақытылы берілуі – біздің бақылауымызда.
— Ал жаңа үйлерге сұраныс бар ма? Жалпы, Екібастұз тұрғындарының қатары қалай толығып жатыр?
— Өңірімізде жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асып жатқанын ескерсек, тұрғын үйлерге деген де сұраныс артатыны анық. Бүгінде жылына 110 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, алдағы үш жыл аралығында бұл көрсеткіш 150 мың шаршы метрге дейін жетеді деген ой бар. Өкінішке қарай, жаңа кәсіпорындарға жергілікті жерде білімді, білікті, мықты мамандар аздық етеді. Әрине, оның орнын толтыру үшін кадрларды дайындап, қайта оқытудан өткізіп жатырмыз. Бірақ бұл мәселені толығымен шешпейді. Сондықтан бірнеше жыл дересінде қалаға кемінде 3-4 мың маман келеді деп жоспарлап отырмыз. Демек, жаңа баспаналарға деген қажеттілік те туындайды.
Жалпы, кейінгі уақытта Екібастұз тұрғындарға жайлы қалалардың біріне айналғанын атап өту керек. Сөзім дәлелді болуы үшін мына бір статистиканы келтірейін: осыдан бес жыл бұрын жылына кем дегенде үш мың адам басқа аймаққа қоныс аударып жатса, бүгінде көшіп кететін жерлестердің қатары бір мың адамнан ары аспайды. Ауылдық жерлерде 40 адам ғана қалаға қоныс аударған. Сонымен қатар, көші-қон бағдарламасы аясында үш жыл аралығында жұмыс күші көп өңірлерден 300-ден астам отбасы келді. Бұл – қуантарлық жайт. Осындай қарқынмен Екібастұз өңірі халқының саны арта түседі деген мол үміт бар.
— Осы орайда ауыл тақы-рыбына ойыссақ. Қалаға қарасты елді мекендердегі жағдай қалай? «Ауыл – ел
бесігі» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар қолға алынды?
— «Ауыл – ел бесігі» бағдарлама-сының игілігін біздің ауылдардың тұрғындары да көріп отыр. Өткен жылдары осы бағдарлама аясында Бәйет ауылында күрделі өзгерістер орын алды. Кіреберіс және ауылішілік жолдар жаңартылып, мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жаңа мәдениет үйі салынды. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын табуда. Қоянды ауылындағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта Бәйет және Қоянды ауылдарында жаңа дене шынықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстардың аяқталуы келесі жылғы маусым айына жоспарланған.
— Ал Атығай ауылының балалары спорт залы мен мәжіліс залы жоқ бейімделген мектепте оқып жүр. Оларға жайлы жағдай жасау үшін жаңа мектептің құрылысы басталғаны белгілі. Қазір құрылыс барысы қалай жүріп жатыр?
— Атығай ауылындағы қолда-ныстағы мектеп бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Мұнда акт және спорт залдары жоқ, дене шынықтыру сабақтары далада, жалпы мектептік іс-шаралар мектеп дәліздерінде өтеді. Бейімделген асхана кабинетте орналасқан. Бұл оқушылар мен мұғалімдер үшін өте ыңғайсыз. Тұрғындармен кезде-суде жергілікті жұртшылық осы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Облыс әкімі Асайын Қуандықұлының қолдауымен, «KAZ Minerals Bozshakol» компаниясының демеушілігімен таяуда жаңа жайлы мектептің құрылысы қолға алынған болатын. Оқу орны 120 балаға лайықталмақ. Мектеп базасында заманауи арнайы пән кабинеттері, IT-технологиялық зертханалар қарастырылады. Оған қоса, мектептің сыртқы аумағы спорттық алаңдармен жабдықталатын болады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді ішкі әрлеу, терезелер, есіктер, шатыр орнату, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа мектептің ашылуы келесі жылдың наурыз айына жоспарланып отыр.
— Спорт демекші, әлеуметтік желідегі парақшаңыздан спортпен тұрақты түрде айналысытыныңызды аңғардық. Сізге қандай спорт түрі жақын? Қандай коман-даға жанкүйерсіз?
— Спорт – денсаулық кепілі, сол себепті тұрақты түрде спортпен шұғылданамын. Жекпе-жек спорттары мен футболды жақсы көремін. Қазақстандық спортшыларға жанкүйермін. Жекпе-жекте Шавкат Рахмоновтың, екібастұздық Диас Еренғайыповтың сайыстарын үзбей көремін. Ал футболда «Барселона», «Арсенал» және «Екібастұз» футбол клубтарының жанкүйерімін. Биыл алматылық «Қайрат» командасының чемпиондар лигасына шығуы және жалпы кезеңде өнер көрсетуі барлық қазақстандықты қуантты деп ойлаймын. Отандық команданың әр ойынын жанымызды шүберекке түйіп, тақым қысып тамашалаймыз.
— Сол әлеуметтік желіден балалардың тұсауын кесіп, қуанышқа ортақ болып жатқаныңызда да көреміз. Мұндай шараларға, жиын-тойларға шақырту, өтініш көп түсе ме?
— Әрине, ұсыныстар көп түседі. Бірақ жұмыс уақытының тығыз-дығына байланысты әр шақыруға барудың ыңғайы келе бермейді. Жол түссе, уақыт болып жатса, баруға тырысамын.
— Соңғы сұрақ: сіз үшін әкім болу қаншалықты қиын?
— Әкім болу оңай емес. Бұл – зор жауапкершілікті талап ететін қызмет. Бұған дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, Ертіс ауданының әкімі ретінде жинаған тәжірибеме сүйеніп еңбек етуге тырысамын. Ал қазір тізгінін қолыма алған Екібастұз өңірінің орны ерекше. Бүгінде инвестицияларды тарту, экономиканы ілгерілету, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бағытында көптеген міндет тұр. Тұрғындарды толғандырған түйткілдердің түйінін тарқатуға да тырысамыз. Сұхбат барысында соңғы үш жыл дересінде, биыл атқарылған бірқатар іске тоқталдым. Тереңіне үңілсек, мұның барлығы –
Тәуелсіздік жемісі. Еркін елде халықтың жағдайын жақсарту үшін жұмыс істеудің өзі – бір бақыт. Елдің игілігіне еңбек ету –
зор мәртебе. Халықтың сенімі мен басшылықтың қолдауы болса, әлі де жұмыс істеуге
дайынбыз.
— Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
