Астана қаласында 25-28 қыркүйек аралығында өткен дәстүрлі AstanaMediaWeek шарасы аяқталды. Бұл — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін, республиканың әр өңірінен келген БАҚ өкілдері басын қосатын, өзекті мәселелерді талқылайтын үлкен алаң. Биыл да медиа апталықтың барысында отандық бұқаралық ақпарат саласының, әсіресе мерзімді басылымдардың мәселесін көтеріп, түйткілінің тамырын тап басқан қызықты да пайдалы талқылаулар ұйымдастырылды.
Нұсқасы емес, ұлттық нысанасы маңызды
Форумның екінші күнінде «Өңірлік БАҚ дамуында синергияның көрінісі» атты сессия барысында елге танымал журналист спикерлер ой бөлісті. Ресурстар мен технологияларды бөлісу аудиторияны барынша тартуға мазмұнды оңтайландыру арқылы жаңа трендтерге бейімделуге мүмкіндік беретіні де айтылды.
Республикалық «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ұлан», «Ұйғұр авази», «Ақиқат», «Үркер», «Мысль», «Балдырған» сынды оннан аса газет-журналдың басын біріктіріп отырған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы газет-журнал өндірісіндегі жасанды интеллектінің орны, оның өнімінің артықшылықтары мен кем-кетігі турасында ой қозғап, сондай-ақ ақпараттық жүйедегі жасандылықты анықтайтын тетіктің қажеттілігі туралы айтты.
Сонымен қатар ол ұлттық басылымдардың негізгі мақсатына да кеңірек тоқталды.
– Менің түсінігімде ұлттық басылымдардың негізгі мақсаты –
қазіргі күрделі кезеңде елдік, ұлттық қауіпсіздікке қызмет ету. Жас ұрпақтың дұрыс жетілуіне ықпал ету, — деді Д.Қамзабекұлы.
Мәселе шынымен көп. Президент бір сөзінде айтқандай, жарты бет мәтінді зорға оқитын жас ұрпақты ой түйгізіп, сананы өсіретін газетті оқытуға тәрбиелеу — келелі міндет. Оған ұстаздар мектеп басынан баулиды десек, қазір мұғалімдердің өздері де газет оқудан аулақтап кеткені шындық. Бірақ ұлт боламыз десек, ұлттық идеологияны, ұлттық баспасөзді түзеу керек. Мәселе газеттің қағаз жүзінде шығу-шықпауында емес, егер мазмұны ұлттық, яки қазақстандық ұстынға негізделмесе, электронды басылымдардың елге берері шамалы…
Д.Қамзабекұлы дамыған елдер газет-журналды әлі қағаз форматында оқып отырғанына қарамастан біздің елде басылымға жазылу, оған мақала немесе жарнама беру де міндетті емес екенін жоғары мінберден айтқан әжептәуір лауазымды азаматтар болғанын жасырмады. Сондай-ақ бүгінде, өкінішке қарай, алдында тұрған газетті ашып қарамайтын, мүлдем оқымайтын, қажет деп санамайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын ашып айтты.
– Дәл қасымызда миллиардтан аса халқы бар алып мемлекет өмір сүріп жатыр. Ол елдің тәжірибесіне салатын болсақ, мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік саясатты түсіну үшін, тәжірибелі, беделді сарапшылардың пікірін біліп отыру үшін олардың жалақысына елдің негізгі басылымдарына жазылуға деп қаржы қарастырылған. Біз үшін мемлекет өміріндегі ең маңызды салалардың бірі – білім жүйесі. Қай саланы алсақ та, білім алудан, білім жүйесінен бастау алады. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерін ашып оқымайды дегенді елестете аласыздар ма? Елімізде «Қазақ әдебиеті» газетін мүлдем ашып көрмеген пән мұғалімдері бар. Бұл – көзіміз жеткен жағдай. Дегенмен мұғалімдердің педагогикалық біліктілігін арттыратын саланың тиісті жүйесі, білім деңгейіне жауап беретін түрлі талап, шарттар бар. Бірақ сол шарттарға газет оқу да кіруі керек. Сонда ғана мұғалім тарихты оқиды, ғұламалардың пікіріне қанығады, білімін толықтырып отырады. Мәселен, қазіргі латын қарпіне қатысты ғалымдар не деп жатыр, я болмаса түрлі технологиялар жөнінде ғалымдар қалай сараптады деген сұрақтарға жауап алар еді, – деді Д.Қамзабекұлы.
Спикер мәжбүрлеп жаздыру дұрыс па, дұрыс емес пе дегеннен бұрын мемлекеттік басқару жүйесінде, әсіресе, білім саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың мемлекеттің мүддесі үшін газет оқып тұруын жолға қоятын саясат қалыптастыру керектігі турасында ойын жеткізді.
– Елімізде осындай жүйе қалыптасса, біз жазылым мәселесіне ойымызды бөлмей, бар күш-жігерімізді, әлеуетімізді газеттің жазылымына емес, ішкі мазмұнына, тағылымдық сапасына көбірек көңіл бөлер едік, – деді газет басшысы.
Бір легионердің табысына да жетпейді
Одан кейін сөз тізгінін алған спикер, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаев баспасөздің цифрлық дәуірдегі орны туралы сөз арнады. Алдымен өзі басқаратын медиа холдинг туралы мағлұмат беріп өтіп, жазылым, газет тарату ісінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.
Бір айта кетерлігі, «Сыр медиа» ЖШС – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық газетті, 1 ақпарат агенттігін, 1 қалалық, 7 аудандық басылымды бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудан мен елді мекенге өзі таратып отырған республикадағы жалғыз медиа құрылым.
Ол газетке жазылушылардың жылдан-жылға сиреп келе жатқанына қынжылыс білдірді. Бұған қоса бүгінгі баспасөздің негізгі табыс көзі болып отырған мемлекеттік тапсырыс төңірегіндегі түсініксіз дүниелер мен шикіліктерге де тоқталды. Мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға бөлініп отырған қаражаттың мардым-сыздығына назар аударды. Бұл сөзін астаналық «Барыс» хоккей клубының легионер ойыншылары алатын 300 млн теңгеден асатын айлық жалақымен салыстыра отырып сабақтады.
– «Барыстың» бір легионері ай сайын алатын мұндай ақшаны біз ұжым болып бір жылда да алмаймыз. Бұл – парадокс жағдай. Мемлекет өз ақпараттық саясатына жіті көңіл бөлсе дейміз, – дейді М.Аралбаев.
Сондай-ақ, жұртшылықтың жазылым, газет оқу мәселесіне мүлдем мойын бұрмайтын болғанын да сессияда жеткізді.
Аталған мәселе бойынша талқылауды Мәдениет және ақпарат министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов түйіндеді.
– Әртүрлі мәселелер бүгінде мерзімді басылымдардың дамуына кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Дегенмен мемлекет газеттің оқырманы аз болса да, көп болса да сол оқырмандардың талғамына көңіл бөлмей тұра алмайды. Яғни бұл мәселеге билік тарапынан, да, заң шығарушы орган тарапынан да мән беріліп келеді, – деді ол.
Ал мемтапсырыс қара-жатын қарастырғанда әр аймақтың халқының саны, жер көлемінің ерекшелігі, елді мекендерінің орналасуы, сондай-ақ ол өңірдегі баспаханалардың саны мен әлеуеті де ескерілетіні айтылды.
Өкінішке қарай, панельдік талқылауға келуге тиіс «Қазпошта» АҚ Басқарма төрайымы Әсел Жанасова бұл жерде бой көрсетпеді. Көптеген басылым өкілдері, әсіресе өңірлік газетердің басшыларының дайындап келген сұрағы көп еді. Қазірде осы поштаның керенау тірлігінің әсерінен газеттер оқырманына кең тарамайтыныны бір бөлек, жазылған адамның үйіне дейін жеткізілуінде жайбасарлық көп. Бұны өңірде өзіміз де бастан кешіп келеміз. Соған қарамастан «Қазпоштаның» жеткізілім қызметіне белгілейтін тарифтері жыл өткен сайын өсіп келеді. Осындай өткір сұрақтардың өзіне қарша борайтынын алдын ала сезген болуы керек, пошта төрайымы да, басқа өкілі де бұл жиынға келмеді. Журналистер өз мәселелерін көтеріп, министрліктің тұжырымынан басқа жауап алмады.
Балалар контентіне қолдау керек
Бұдан кейінгі сессияда балалар контенті туралы кеңінен сөз болды.
Балалардың қазір интернетке әуестігі — әр шаңырақтың бас ауыртар мәселесі. «Балапан» телеарнасы 8 жасқа дейінгі жас көрерменге телеөнімдерін ұсынады. Сонда 9 жастан бастап жасөспірімдер не көреді? Шетелдік спикер – MTV Asia, Nickelodeon және Сингапурдың MediaCorp tv12 Норвегия желісіне арналған балалар телебағдарламаларының, анимацияларының және имидждік науқандарының продюсері Ойштейн Кристиансеннің айтуынша, бұл әлемдік қауіпке айналған. 9-дан асқандар қазір мультик көрмейді екен. Тик-токта отырады екен. Ал Тик-токта нені көрсетеді? Бәріне белгілі, балаларға интеллект емес, эгоизм мен ашық-шашық, дөрекілік, т.б. насихатталуда. Осы орайда сала мамандары фольклор кейіпкерлерін ұсынуды, гаджеттік бағдарламалар ойлап табуды ұсынды. Осы орайда алғашқы бағдарлама әзірлеп шыққандар бар. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Балалар контентіне қаржы құю жоқтың қасы. Кәсіпкерлер бастаса да, ақшасы таусылған күні тастауға мәжбүр. Мемлекет қолына алмай, балалар контенті оңбайды.
– Жасанды интеллектінің пайдасына келетін болсақ, біз балалар басылымдарында, мәселен, «Ұлан» газетінде, «Ақжелкен», «Балдырған» журналдарында материалдың тақырыптық мазмұнын аша түсу үшін ЖИ көмегімен жасалған сурет, картиналарды пайдаға жарата бастадық. Бұл да өте қажет әрі балаларды да ынталандырады. Дегенмен ЖИ-ға қанша жерден тапсырма берсеңіз де, оның жасаған өнімі бәрібір өзің ойлаған үдеден шықпайды. Әсіресе біздің ұлттық, этнографиялық мәселелерге келгенде жасанды интеллектінің материалдық қоры, мүмкіндігі аз, –
деді Д.Қамзабекұлы.
Дихан Қамзабекұлының айтуныша, балалар басылымына келгенде көп қауіп-қатерлерді сәт сайын біліп отырмыз.
— Біздің елде балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттық қорғау туралы» 2018 жылы қабылданған заң бар. Бірақ бұл заңның балаларды ақпараттық қауіптерден қорғау тетіктері өте әлсіз болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, кейде бір заңның екінші бір заңнан басым болып кететін жағдайлар бар. Сол себепті біз осы заңнамалардың бала қауіпсіздігіне қатысты соңғы нәтижелерін зерттеп жатырмыз ба? Осы мәселеге келсек, өте күрделі фактілер шығып жатады. Мәселен, Жапония мемлекетінде ата-аналар үшін балаларды қажет емес ақпараттардан сақтандырудың дәстүрі, жүйесі қалыптасқан. Онда ақпарат тарату қызметі – қатаң бақылауда. Яғни балаға ненің керек, ненің керек емес екені жолға қойылған, – деген Д.Қамзабекұлы бізге де осындай бір тетік керектігі жөнінде өзекті мәселе көтерді.
Жалпы, елімізде мемлекеттік қолдау күшейтілсе, балалар бағдарламасын ілгерілетуде қолға алынған бастамалар бар. Мәселен, QorzhynApp қосымшасының өкілі Айнұр Мәлібекова өздерінің өнімдері туралы әңгімеледі. Одан басқа, продюсер, bala madia қоры өкілі Жанара Жақанова, «Балапан» телеарнасының директоры Мақпал Үкеновалардың бұл бағытта айтары, ұсынары бар екен.
Жалпы алғанда, медиаапталықтың өту барысында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша біршама жауаптар алды деп ойлаймыз.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ, Астана қаласы.