Елдегі орын алып жатқан түрлі жағдайға қарамастан әлі күнге дейін ұлтаралық бірлігімізді сақтап келеміз. Бұл үрдіс бұған дейін де еш үзілмеген. Дәл солай алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз. Осы тұста Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған ісі ауқымды екенін атап өту маңызды.

 

Қазақстан халқы Ассамблеяның басты әрі негізгі міндеті – халық бірлігін сақтау, ынтымақтастығын нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сондай-ақ, қоғамдағы адамның құқығына, бостандығына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу болатын. Бүгінгі таңда тұрақтылық пен бейбіт өмірдің діңіне айналған ассамблея өзіне артылған міндетті айрықша орындап келеді.

Қоғамның көпэтносты болуы, мәдениет пен тілдердің көптүрлілігі біздің артықшылығымызға айналып, елдің дамуына берік негіз болғаны рас. Бізді әлем елдері арасында артық етіп көрсетіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері ширек ғасырдан астам уақытты артқа тастап отыр. Ынтымақ пен бірегейліктің салтанат құрған дәуірі әрі қарай жалғаса беретініне сенімдімін.

Осы ретте, өз этносымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті, өркениеті болмаса түрлі әдет-ғұрыптар секілді ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, оларды болашақ ұрпақтарымызға жеткізуге немесе оларды ұмытылмастай дәріптеуге Қазақстанда ешқашан кедергі болған емес. Мұндай елдің неліктен қасиетті қастерлеп, мерейін үстем етпеске. Керісінше, бізге осындай жағдай жасап отырған мемлекетке, ауызбіршілігімізді сақтап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыс білдіреміз.

Біз, армян халқы, нәубет жылдары қазақ жерін паналадық. Демін ішіне тартып тұрған нәубетті жылдарда қазақ жері бізден өзге сан түрлі ұлттарды бауырына басты. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті! Бізге Қазақстан құтты қоныс, жайлы мекенге айналды. Біз үшін Қазақстаннан өзге Отан жоқ. Қоғамда өз орнын тауып, тату-тәтті өмір сүріп отырған этностардың басын Ассамблея біріктіріп отыр.

Мемлекеттің тұтастығы қоғамдағы ұлттардың азаматтық ынтымақтастығының арқасында десек қателеспейміз. Бүгінгі күнде отансүйгіштік, мейірімділік, төзімділік, ауызбіршілік, намысшылдық, батырлық, адалдықты өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіру – елімізде тұрып жатқан әр азаматтың парызы.

Сусанна АРАКЕЛЯН,  «Айреник» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы.