Жарты ғасырға жуық уақыт бойы педагогика саласын дамытып, білікті маман тәрбиелеуге зор үлес қосумен қатар, туған тілдің жанашыры ретінде елеулі еңбек еткен есімі елге етене таныс абзал жандар ат төбеліндей ғана. Солардың бірі – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Бақраденова Алтын Бақраденқызы. Көпшіліктің сұрауы бойынша ұлағатты ұстазбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
— Алтын апай, көптен көрінбей кеттіңіз… Қазір немен айналысып жатырсыз?
— «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға!» демекші, әлі педагогика саласында еңбек етіп келемін. Бірақ қазір Павлодар облысында тұрмаймын. Отбасы жағдайына байланысты 2019 жылы Талдықорғанға көшіп кеткен едік. Бұл жақта алғашқы еңбек жолымды бастаған, 17 жыл практикалық қазақ тілі, мектепке дейінгі оқыту әдістемесі кафедраларында ұстаздық еткен І.Жансүгіров университетінде жұмыс істеп жатқан жайым бар. Аталған жоғары оқу орнының ректоры Қуат Баймырзаев ғылыми еңбектерімді бағалап, педагогика және психология жоғары мектебінің қауымдастырылған профессор лауазымына қызметке алды.
— Бүгінде жетпістің жете—гінен астыңыз. Өмірден не түйдіңіз?
— Иә, былтыр 1 маусым — Балаларды қорғау күні 70-ке толдым. Оқу жылы аяқталғандықтан, ғылыми бөлімнің республикалық конференция өткізейік деген шешіміне келісім бермедім. Сөйтіп, әріптестерім онлайн форматта мерейтойлық шара ұйымдастырды. Павлодардағы педаго-гикалық университеттің филология факультетінде декан болған Бекен Сағындықұлы, өзімнің білім берген магистранттарым қашықтан құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Барлығына шексіз риза болдым.
Елдің маған деген осынау құрметі – еңбегімнің жемісі, жетістігі деп білемін. Ұстаздық жолда көптеген ұлағатты жандармен кездестім. Жалған дүниенің ақ пен қарасын қатар көрдім. Бірақ бар түйгенім, қандай қиындық болса да, қасқайып қарсы тұра білу керек екенін түсіндім. Жалпы, өмір – күрес, ал әр күнді жеңіспен өткізу үшін күресе білуге тиіспіз. Әрине, ол үшін адамға адал ниет, өршіл рух, қажырлы еңбек, қайсар мінез, терең білім керек.
— Білім беру саласында ұзақ жыл бойы еңбек етіп келесіз. Осы салада реформа өте көп жасалады. Сіздің ойыңызша, бұрынғы және бүгінгі жүйенің артықшылығы мен кемшілігі қандай?
— Иә, дұрыс айтасыз. Бүгінде білім беру саласында өзгеріс көп. Жас буынға оның пайдасымен қатар, кері әсері тиіп жатқан жағдайлар да баршылық. Мәселен, мен тіл және әдебиетті оқыту әдістемелерінен 45 жыл бойы дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізіп келе жатқан маманмын. Өз салама қатысты айтар болсам, мектепке дейінгі және бастауыш сыныптардағы оқыту бағдарламалары араға 5-10 жыл салып жаңғыртылып отырады. Бір байқағаным, үштілділік саясат барлығына салқынын тигізді. Оқулықтардағы тақырыптарға қазақ әдебиеті классиктерімен қатар орыс және шетел әдебиетінің өкілдері де телінген. Ал балабақшаға үш тілдің тиген кесірі – баланың ана тілінің табиғи дамуына кедергі келтіргендігі. Бұрын біз «Абай жолын» өздігімізден оқып, 8-10-сыныптарда түрлі тақырыпта шығармалар жазатынбыз. Ал қазіргі оқушылар эсселерді интернеттен көшіріп, Баллондық, Блумдық жүйелермен баллдарға ие болып жатады. Тіпті, бір жылдары әліппе оқулығы бағдарламадан алынып қалды. Бұл дұрыс емес қой. Әліппе деген –
функционалдық сауаттылықтың алғашқы баспалдағы, баланы білімге құштарландыратын бастапқы құрал. Оны оқу арқылы оқушының көркем әдебиетке деген қызығушылығы оянады. Сондықтан ол ешқашанда бағдарламадан алынбауы тиіс. Ұлттық кодын сақтаған жас ұрпақтың сауаттануына нұқсан келтірілмесе, сөйлеу тілі таза болса, өзге ұлттың балалары да қазақ тілін құрметтеп, үйренетін болады деп ойлаймын.
— Мектепке дейінгі білім беру мамандарын даярлауға үлес қосып жүрсіз. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда балабақшаларда қатыгез тәрбиешілер қатары көбейіп кеткен сияқты. Бұған не себеп? Мұндайға жол бермес үшін не істеу керек?
— Мамандығым филолог бола тұра, менің «Мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту» деген пәнге қызығушылығым ерекше болды. Студенттерге тілмен қатар, балалар әдебиетінен де дәріс бердім. Жалпы, бүлдіршіндерді тәрбиелеуге қатысты тақырыптар жаныма жақын. Өйткені, өзімнің немерелеріме әже ретінде саналы тәлім-тәрбиенің тұнығын беру үшін әлі де көп ізденуім керек деген қағиданы ұстанамын.
Ал бұл мамандық өмірге деген құштарлықты оятатын, бүгінгі жас баланы ертең тұлға етіп тәрбиелеп шығарудағы азаматтық борышты сезіндіретін кәсіп екенін мойындатты. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүрген жандар өз мамандығына риясыз адал болғаны абзал. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда тәрбиешілер тарапынан байқалып жатқан қаталдық бала құқығын қорғауды білмегендігінен болар деп ойлаймын. Бұл ретте, балабақша тәрбиешісі де мейірбикеден кем болмауы керек. Педагогтік теориялық білімі толыққанды болса да, балаға деген мейірімнен мақрұм болса, еңбегіміздің еш кеткені деп білемін. Сондай-ақ, бейкүнә балғындарға қатыгездік танытатын тәрбиешілердің кездесуіне әлеуметтік теңсіздік кері әсер етуі мүмкін. Сол үшін мектеп мұғалімі мен тәрбиеші еңбекақысының көлемі теңестірілуі керек. Жеке меншік және мемлекеттік балабақшалардағы төлемақы, педагогтың еңбекақыларындағы айырмашылықтар, қағазбастылық, басқару органдарынан толассыз келіп жататын тексерістер, кейбір ата-аналардың «артық әрекеттері» тәрбиешілерді жалықтырып, өз мамандығына деген өкінішін, өкпе-ренішін туғызып жатқандай көрінеді маған.
— Балабақшаларда маман тапшы. Осы мәселені жою үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Әрине, алдымен тәрбиеші мәртебесін көтеру керек. Кейбір адамдардың «Тәрбиеші деген тәйірі, мамандық па?» деп қарауына таңқаламын. Бүгінгі қоғамда туындап отырған әлеуметтік теңсіздіктер, жалғызбасты ата-аналар, толық емес отбасылар, тастанды балалар сынды мәселелер ұрпаққа жаста-йынан мықты тәрбие беру керектігін талап етуде. Сондықтан мемлекет тарапынан тәрбиеші мамандарға мейлінше жақсы жағдай жасалуы тиіс. Сонымен қатар, заманауи технологиялармен қаруланған балабақша тәрбиешілеріне төлемақы деңгейі магистрлік дәрежеде арттырылмақ. Бұрын бір топта бір тәрбиеші және бір күтушіден болса, енді әр топта екі тәрбиешіден тағайындау тәжірибеге енгізілді. Осыны пайдаланып, тәрбиеші мамандар да өз шығармашылықтарын облыс, республика көлемінде көрсетіп отырғаны жөн. Жоғарыдан келетін дайын нәрсені көшіріп, орындай салмай, ол тапсырмаларға сын көзбен қарап, өздерінің іс-тәжірибелерін насихаттай білулері керек. Сонда ғана олар қоғамдағы алар орнының қандай екенін көрсете біледі.
Тағы бір айтайын дегенім, мектеп бітірушілердің көпшілігіне «Бизнесмен бол!», «Бай бол!», «Басшы бол!» деген тілектер айтылып жатады. Ал солардың қай-қайсысы да дұрыс тәрбиенің нәтижесінде жетістікке жетпей ме?! Демек, мектепке дейінгі мекеме мамандарына қандай жауапкершілік жүктелетінін, қандай маңызға ие екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
— Өзіңізді туған тілдің жанашыры ретінде жақсы білеміз. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, бүгінгі балалардың тілі әлі де шүлдір. Неге? Жалпы, туған тілдің қазіргі тағдырына байланысты не айтасыз?
— Кезінде 70 жылдың ішінде халқымыз жаппай меңгерген орыс тілі ресми тіл мәртебесінде әлі де келеді. Біз зерттеген ғылыми тақырыптан күтілген нәтиже, ол – қазақстандық балаларға қазақ тілін мемлекеттік мәртебесінде жас кезінен оқытып-үйрету болатын. Бұл тақырып ғылыми-әдістемелік шарықтау шағына жете бергенде, үшінші тіл телінді. Сөйтіп, тіл үйрету мәселесі тығырыққа тірелді. Ширек ғасыр уақыт Павлодар облысында тұрғанымда өз немерелеріме үйде де, жүзде де «Қазақша сөйлеңдер!» деуден жалықпадым. Тілдік ортаны Жетісудан тапқандай болғаныммен, бұл жақтағы қазақ балаларының сөйлеуінде де еліктеушілік басым. Билік орындарында, байланыс құралдарында, тіпті, қолдарынан түспейтін гаджеттерінде ауызша және жазбаша сөйлеу тілі мемлекеттік тіл болмай, қазақ тілі өз мәртебесінде көріне алмайтыны байқалуда.
Тоқетерін айтқанда, балаға тіл үйрету әдістемесіне қатысты зерттеулерден байқағанымыздай, қос тілге қатар үйрету (Ресей психолог мамандарының пікірінше) балалардың психикасы мен тілі жағынан дамуына ешқандай кедергі келтірмейді екен. Ал шетел психолингвистерінің пікі-рінше, екі тілді қатар итермелете оқыту баланың сөйлеу әрекетінің табиғи дамуына нұқсан келтіріп қана қоймай, кей балаларды патологиялық жағдайларға да ұрындыратын көрінеді. Әрине, шет тілін үйренуге икемі мен ниеті бар дарынды балалар қандай тәсілмен болсын меңгере алады. Мұны көріп те жүрміз. Қазіргі қазақ зиялылары балаларын қазақша оқытып, бастауыш сыныптан кейін ағылшын тіліне қосымша білім беретін мектептерде оқыта бастады. Бұл әдіс орыс тілін қатар дамытуға да ықпалды. Ал тілі орысшаланып, тұрмыста орыс тілін араластыра сөйлеп, қазақ тілін «мектептің тілі» деп танитын ұрпақтың көбейіп кеткендігі ата-аналарды, бастауыш мектеп мұғалімдерін ойландыруы тиіс. Өзіміздің қара домалақ балаларымыздың орысшаны тез меңгеруіне әрбірінің қолдарындағы ұялы телефондары автоматты түрде әсер етуде. Сондықтан туған тілдің аясын кеңейтуге, мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстар бір сәт те тоқтамауы тиіс. Оған әрқайсымыз үлес қосуға міндеттіміз.
— Ғылым жолы – ауыр жол. Осы жолда шаршап, қажыған сәттеріңіз болды ма? Ғылым-білім саласында қандай жетістікке жеттіңіз?
— Елдегі жалпы білім беретін мектептердің қазіргі тұжырымдамасында: «Педагог кадрларды қазіргі заман талаптарына сай дайындау, әрі мамандығын үздіксіз жетілдіру мұғалімнің мамандық шеберлігінің басты белгісі, оның психологиялық жоғары әзірлігі болып табылады» деп көрсетілген. Қазір аумалы-төкпелі технолизация белесінде тұрмыз. Осындай ортада жаңалыққа жаны құмар, өзін-өзі қамшылайтын жастар тәрбиелей аламыз ба, жоқ па? Егер бар болса, оларды бағалап, дегбірсіздене білім іздеген жанын түсініп, бағытының әдібін басып, әдісін дұрыс көрсетіп жатырмыз ба деген мәселе мені ойландырады. Қазір ақша, бизнес қуған заман болып барады. Ал бизнес оқуға, білімге тасадан тас атқандарды қаптатып жатқандай көрінеді маған.
Жалпы, өз басым жоғары оқу орнындағы цифрлық оқыту технологиясын игеру мақсатында шаршап-шалдыққаным рас. Бірақ оның пайдасын оқу-әдістемелік құралдар дайындауда көріп келемін. «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту теориясы мен әдістемесі», «Балаларды көркем туындылармен таныстыру» атты оқу-әдістемелік құралдарым көптен бері республикалық комиссияның шешімімен қолданыста жүр. Сондай-ақ, университет ректоратының шешімімен 2022-2023 оқу жылдары «Көркем мәтінмен жұмыс жасау формалары» атты оқу-әдістемелік құрал мен «Өрен-дерді өлеңменен өсірген» деген аталыммен ғылыми монографиям баспаға ұсынылды. Бұлар — менің көз майымды ағыза отырып жазған жеке еңбектерім. Өкініштісі, жазған дүниелерімді баспадан көбірек тиражбен шығаруға көмек қолын созатын меценаттар жоқ. Университет баспасынан тек 20 данадан ғана басылады. Бес жылда 1 скопустық (шетелдік), 5 отандық (ВАК бойынша) ғылыми мақала жазудың жоспарлануы – ғылымның заңғар жолы деп білемін. Мен 45 жылдық еңбегімде 2 монография, 2 оқу құралы, 5 оқу-әдістемелік құрал және 150-ге тарта мақала мен 2 тәрбиелік-танымдық кітап жазыппын.
— Бір байқағанымыз, қазір ғылым кандидаттары, PhD докторлары көбейіп барады. Бұл ғылымның дамып жатқаны ма, әлде, керісінше кері кеткені ме? Қалай ойлайсыз?
— Ғылым кандидаттары мен докторлары мемлекеттік жоғары аттестациялық комиссияның жұмысы тоқтағанға дейін қаулаған шөптей қаптағаны рас. Бұл атақты билік органдарынан да көп азамат алды. Кейінгі кезекте PhD философия докторлығына қызығушылардың саны артуда. Мәселен, мен 3 жыл бойы Алматы мен Мәскеудің ғылыми-зерттеу орталықтарында табанымнан тозып ғылыми ізденісте болып, Ы.Алтынсарин атындағы Білім беру академиясының аспи-
рантурасынан педагогика ғылым-дарының кандидаты деген атақ үшін диссертация жазып, қорғап шыққаныммен, докторлыққа қолым жетпеді. Ал бұл ғылыми атақты магистратурадан кейін бірден иеленіп жатқандар аз емес. Атаққа құмартқандардың іске қосылмай жатқан жалған жобалары, жолда қалған зерттеулері, оларға тамыр-таныс арқылы берілген салпыншақ медальдар мен төсбелгілердің де бар екенін естіп-көріп жүрміз. Алайда, «Әдебиет – ардың ісі», — деп ұстазым Зейнолла Қабдолов айтқандай, ғылым жолы «бар мен нардың» емес, ардың жолы болғанда ғана алға басып, дамитын болады.
— Өмірдегі бір қуанышыңыз бен бір өкінішіңіз қандай?
— Мен туған жерден көшер алдында барлық мақаламды қамтып, «Ұстаз жолы» деген атпен жинақ шығарып кеттім. Соның кіріспесінде «Кешегі кеңес заманының қария жазушысы Ғабиден Мұстафиннің «Бақ кейде тауып, кейде ауып қонады. Ауып қонса есіртеді, тауып қонса есейтеді» деген ойы жазылыпты. Сол айтқандай, өмірдегі бір қуанышым – анам мені орыс мектебіне бермекші болғанда, сынақтан өтпей қалып, қазақ сыныбына барғаным. Әліппе әріптерін қара тақтада маржандай жазуымен өзі жазып үйреткен Қабдырақман мұғалімім мен әдебиет мұғалімі Кәріпбек Төкеновтің КазМУ-ге жолдама әперуі болды. Яғни, бұл ұстаздық – профессорлық бақтың тауып қонуы. Өкінішім – мен туған жерімде тіл саясатын көтеру үшін Талдықорған педагогикалық институтынан ауысып барып, қаншалықты ана тілінің тұғырын тұрғызу жолында еңбек етсем де, әлі де қазақ тілінің шоқтығы көтерілмей тұрғаны.
— Сіздіңше, бүгінгінің аналары мен әжелері қандай болуы керек?
— Бүгінгінің аналары салмақты сөзімен баланы уысынан босатып алмайтын ақылды да ажарлы, ал әжелері бар мейірімін балаға төге білетін, өткенді жадына ұстап, болашаққа кемел кеңестер бере алатын данышпан қария болса, игі еді.
— Дәл қазір сізді не толғандырады, не ойландырады?
— Дәл қазір мені толғандыратын нәрсе – денсаулық. «Денсаулық-зор байлық» демекші, қалаған жерге жетіп бару үшін қос аяғымды, компьютердегі жазуларды діттеп басатын қолдарымды, көздерімді Алла тағала сау қылғай деп тілеймін.
— Қандай арманыңыз бар?
— Арманым – анамнан мұра ретінде қалған 150-дей хаттағы туған-туыстарым, ауыл тұрғындары туралы жазбаларын, нағашы жұрты мен қайын жұртының кеңестік заманда көрген зұлмат оқиғаларын жас ұрпақ тәрбиесіне кәдеге жарайтындай түсінікті тілмен жеткізіп, жазып шығу. Ұлын соғысқа аттандырып, бүкіл туғандарына қамқор болған әкем туралы, одан тараған бес ұрпақтың естелігіне айналатын кітап шығару.
— Ұлағатты ұстаз, ардақты ана ретінде әріптес жерлестеріңізге, жалпы ізба-сарларыңызға не айтасыз?
— Абай айтқандай, «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүрек» мұғалім бойында болмайынша, нағыз ұстазға тән ізгілікті танымымыз орнықпай, шеберлігіміз болса да, беделділіктен ада қалуымыз да мүмкін. Ендеше, жыл сайын қазан айында аталып өтетін мұғалімдер күні қарсаңында өзімізге өзіміз баға беріп, саналы оқытуға, біліктілікпен білім беруге, мұғалім беделін қоғам алдында көркейте түсуге әркез лайық әрі дайын болыңдар деймін. Мұғалім жерлестеріме, өзім білім берген түлектеріме айтарым – осы!
— Әңгімеңізге рақмет! Алла күш-қуат берсін!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.