Елуден кейін еңбекке алады

Шіл 24, 2025

Гүлнәр Чайкубаева 58 жастан асты. Еңбек етіп жүрген сауда орнында қысқартуға түсіп, зейнетке жақындаған шағында жұмыссыз қалды. Көп жерге барып, жұмысқа тұруға тырысады. Алайда, жасына қарап, ешкім алуға құлық танытпайды.

Содан әлеуметтік желіден «Күміс жас» бағдарламасы туралы біледі. Павлодар қаласының «Мансап» орталығына жүгінеді.

— Біздің жасымызда жұмыс табу оңай еместігін көрдім. Қаншама жерге өтініш білдірдім. Бәрі бас тартты. Зейнеткерлікке шығу үшін де айлық алып, еңбек етуіміз керек. Мемлекеттік бағдарламаның көмегін көріп отырмын. Орталық қызметкерлері жөн сілтеп, жұмыс берушілерден түскен сұраныстарды қарастырып, ұсынды. Сөйтіп, қаладағы сауда орындарының біріне сатушы болып орналастым. Биыл сәуір айынан бері істеп келемін. Мен сияқты зейнетке жақындаған азаматтарға қол ұшын беріп, демеп жіберу өте қажет, — дейді Гүлнәр Қайырқызы.

Енді ол 61 жасқа дейін үздіксіз еңбек етпек. «Күміс жас» бағдарламасының талабы бойынша «Мансап» орталығы арқылы жұмысқа орналасқан азаматтарды жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

Жобаның жемісін железиндік тұрғын Ольга Падалко да көріп отыр. Ол Железинка ауылындағы «Карим» азық-түлік дүкеніне сатушы ретінде жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушінің көңілінен шыққан. Мамыр айынан бері еңбек ететін Ольга Ивановна өз ісіне жауапкершілігімен көзге түскен. Дүкенге келушілермен де жылы сөйлеп, дұрыс қарым-қатынас орната білген. Сауда ережелері мен санитарлық талаптарды да қатаң сақтайды.

Айта кетейік, бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет. Жобаға қатысу ұзақтығы 36 айдан (3 жыл) аспайды және осы уақыт аралығында қатысушылардың жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланады. Нақтырақ айтсақ, еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба аясында жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар береді. Субсидия мөлшері жобаның үш жылдық мерзіміне қарай әртүрлі есептеледі. Мәселен, жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70 пайызын мемлекет өтейді. Жоба аясында жұмыстың екінші жылында субсидия мөлшері 65 пайызды құрайды. Үшінші жылында 60 пайыз көлемін мемлекет өтеп береді. Алайда, ол сомалар 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.

Бүгінде «Күміс жас» жобасына жүгінетіндер қатары аз емес. Еліміз бойынша жыл басынан бері 12,4 мың адам дәл осы бағдарлама аясында жұмысқа орналастырылған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 23,8 мың адамға жетуі керек. Қазақстан аумағында «Күміс жас»-пен жұмысқа кіргендердің 36 пайызы ауыл шаруашылығы саласында еңбекке араласса, 23 пайызы қызмет көрсету бағытында нәпақа тауып отыр. Тағы бір бөлігі қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс тапқан.

Павлодар облысында да бұл жобаға деген сұраныстың көптігін аңғаруға болады. Олай дейтініміз, облыстық еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, биыл 865 азаматты «Күміс жас» жобасы арқылы еңбекпен қамту жоспарланған. Бүгінде 50 жастан асқан 847 адам дәл осы жоба аясында жұмыс тапқан.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.