Дін саласындағы маңызды  бағыттардың бірі — деструктивті діни ағымдардың құрбаны болған азаматтарды оңалту, оларға психологиялық қолдау көрсетіп, зайырлы қоғамға бейімдеу. Бұл жұмыстар облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының» үйлестіруімен жүргізіледі. Осы ретте аталған орталықтың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәз Раздықовамен сұхбаттасып, жат ағымдардың құрығына ілінгендерді оңалту және алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы әңгімелестік.

— Гүлнәз Мақсұтқызы, «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының» басым бағыттарын атап өтсеңіз…

— Орталық 2013 жылы құрылған. Біздің негізгі міндетіміз — конфессияаралық келісімді нығайту және діни тұрақсыздықтың алдын алу. Сонымен қатар, халықтың діни экстремизм көріністеріне қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру, осы мақсатта түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жат діни ағымдардың жетегіне еріп, психологиялық тұрғыда зардап шеккендерді, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар мен жастарды оңалтуда психологиялық көмек көрсету болып табылады. Орталықта жоғары білікті мамандар, соның ішінде теологтар мен психологтар жұмыс істейді.

— Жат ағымдардың алдын алу мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмыстары да жүргізілетін болар…

— Иә, түрлі бағытта және түрлі ортада ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.  Соның барысында халықтың жас ерекшеліктері мен қызығушылық-тары ескеріледі. Бұл бағытта түрлі әдістер қолданылады. Атап айтсақ, жастармен жұмыс істеу кезінде конференциялар, флеш-мобтар, дөңгелек үстелдер, түрлі діни конфессиялардың өкілдерімен кездесулер болады. Осы шаралар барысында буклеттер, брошюралар, парақшалар және бейнедискілер таратылады. Орталық қызметкерлері жұмыс барысында облыстағы барлық елді мекенді қамтып келеді. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу кезінде әртүрлі діни идеяларды насихаттауы мүмкін болған күмәнді сайттарға сараптама жүргізіп, ақпарат тарату мүмкіндігін шектеу мәселесін қараймыз. Біз бұл бағытта интернет ресурстарын да барынша тиімді пайдалануға тырысамыз. Себебі, қазір азаматтардың барлығы дерлік әлеуметтік желі қолданады. Мысалы, carmo-pvl.kz  веб-ресурсында онлайн консультациялар ұйымдастырылады, еліміздің дамуына тікелей әсер ететін зайырлылық қағидаттарын қалыптастыру және дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттауға бағытталған түрлі бейне өнімдер тұрақты түрде жариялануда.

 — Осы жылдың басынан бері қандай шаралар ұйымдастырылды?

— Биыл жоспар аясында бірнеше ауқымды шара өткізілді. Негізі, бізде белгіленген мақсатты топтар бар. Олардың қатарына өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар және жұмыссыздар кіреді. Сонымен қатар, спортпен шұғылданатын  жастарды да тұрақты бақылауда ұстаймыз. Міне, осы топтардың арасында семинар-конференциялар ұйымдастырылып, бейнероликтер көрсетілді. Кездесулер кезінде дәстүрлі емес діни ағымдардың сыртқы сипаты, олардың зияны, дәстүрлі дініміздің құндылықтары жайлы толық ақпарат берілді.

—  Елімізде дәстүрлі емес діни көзқарастағы азаматтар әлі де бар. Олар имамға бағынбайды, мешітке келіп, түрлі қылықтар шығарып жатады. Жалпы, қазіргі таңда еліміздегі діни ахуалды қандай деңгейде деп бағалайсыз?

— Қазір еліміздегі діни ахуалды тұрақты деуге болады. Соңғы жылдары ешқандай террористік немесе лаңкестік қылмыстар орын алған жоқ. Дегенмен, әлі де босаңсуға болмайды. Дәстүрлі емес діни сенімді ұстанатын азаматтардың қатары әлі де көп деген пікірмен толықтай келісемін. Жалпы, мұндай сенімдегі топтар  қауіпті, біздің қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығына, еліміздің өркендеуіне тигізер кері әсері көп. Олар біздің ұлттық салт-дәстүрімізді мойындамайды, ұлттық құндылықтарымызды қадірлемейді.  Сондықтан олардың діни сенімін өзгерту, дәстүрлі исламға қайта оралуына қолдау көрсету жұмыстары үзілмейді, толассыз жүргізіле береді.

— Кезінде жат ағымдардың жетегіне ерген біраз  адам сотталғаны баршаға белгілі. Қазір қанша адам жазасын өтеп жатыр?

— Елімізде 700-ге жуық адам теріс бағыттағы діни сенімі үшін жазасын өтеп жатыр. Оларды оңалтуға қатысты арнайы бағдарлама құрылған. Қазір еліміздің барлық өңіріндегі орталықтар сол жоспар бойынша жұмыс істеп, жазасын өтеушілердің ойын өзгертіп, райынан қайтару шараларын жүргізуде. Біздің мамандар аптасына үш рет түзету мекемесіне барып, азаматтармен кездеседі. Оңалту шарасы екі тәсілмен жүргізіледі. Біріншісі –
топтық, екіншісі – жекелей кездесулер. Тіпті, бостандыққа шыққаннан кейін де байланысымызды үзбей, оларды қоғамға бейімдеу шараларын жүргіземіз. Менің ойымша, мұндай жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Себебі, бостандықта жүріп жаза басқан жандар темір тордың арғы жағына барғанда өздерінің қателіктерін түсініп жатады.

— Теріс діни бағытты ұстанушылардың сырт келбетінен бөлек тағы қандай белгілерден ажыратуға  болады?

— Олардың жүріс-тұрыс, киім киісінен бөлек ұстанымдарынан да бірден ажыратуға болады. Мұндай көзқарастағы адамдар біздің көптеген құндылықтарымызды мойындамайды және ұстанбайды. Атап айтсақ, Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жоққа шығарады. Оның ішінде Наурыз, Рождество, Жаңа жыл мейрамдары бар. Ал  беташар, сәлем сәлу сынды дәстүрлері мен дүниеден өткен адамдарға Құран бағыштауды дұрыс көрмейді.  Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелер мен мемлекеттік Рәміздерді құрметтемейді,  мазхаб ұстанбайды. Яғни, Қазақстан мұсылмандарының көпшілігі ұстанатын Ханафи мазхабына мойынсұнбайды. Біздің қазақ халқы үшін ең басты құндылығымыз –
VIII ғасырдан бері ата-бабаларымыз ұстанып келген дәстүрлі ислам дінін қате сенім деп санайды. Тағы бір белгісі, ел мәдениеті мен ұлт өнерін жоққа шығарады, ұлттық аспаптарымызды харам деп таниды. Тіпті, заңға да бағынғысы келмейді. Олардың пікірінше, өзінің туған Отанын қорғау мақсатында әскерге бару –
маңызды азаматтық борыш емес. Одан бөлек,  медициналық процедуралардың кейбір түрлерін жасатудан бас тартады.

 — Сіз дәстүрлі емес діни ағымдармен күрес жұмысымен көптен бері және  тұрақты түрде айналысып келесіз. Жалпы, мұндай орта қалай қалыптасты?

— Қазақстанда экстремизм және терроризм идеяларының таралу себебі көп. Соның бірі ретінде Тәуелсіздік алған жылдары жастардың діни білім алу мақсатында шетелге көптеп кетуін айтуға болады. Мәселен, 1990-жылдардың ортасынан бастап Таяу Шығыс елдеріндегі күмәнді теологиялық оқу орындарына еліміздің өрімдей-өрімдей жастары барып, жат ағымның шырмауына түсіп келді. Біздің шекараны алғаш кескендердің бірі — «Хизб-ут-Тахрир» халықаралық экстремистік ұйымы. Олар 1990-жылдардың ортасынан бастап бұрынғы Кеңес Одағы аумағында, атап айтқанда Өзбекстанда, Тәжікстанда, Қырғызстанда және 2000 жылдан бастап Қазақстанда белсенді әрекет ете бастады. 2013 жылы 9 сәуірде «ДАИШ» террорлық ұйымы Сирияда азаматтық соғысты бастады. Бұл қақтығыс 5 жылға созылды. Содырлар жағында соғысқан жастардың арасында радикалды идеология мен уланған қазақстандықтар да болды. Сонымен қатар, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан жастары белсенді түрде тартылды. Мәселен, Сирияда соғысқан 20 мың содырдың 10 мыңы ТМД елдерінің азаматтары болып шыққан, оның 5 мыңы Солтүстік Кавказ республикаларынан және 5 мыңы Орталық Азия елдерінен екен. Алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.