Қазақтың халық емшілігінің тарихы көне дәуірлерден бастау алатыны белгілі. Халықтық жолмен емдеудің кейбір кереметі мен жетістіктерін заманауи медицина мен сол саланың ғалымдары да мойындаған. Себебі, кезінде қыр қыстап, жон жайлаған қазақтың сүйенгені де, сенгені де осы халық емшілері болатын. Біздің өңірде осы халықтық жолмен емдеу тәсілін еркін меңгерген адамдардың бірі — халық емшісі, табиғи нарколог, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Сапарбекова. Ертіс-Баян жұрты ол кісіні «Емші апа» деп атап, ерекше құрметтейді. Талай адамның дертіне шипа тауып, алғысын арқалаған емші апаның үйіне арнайы барып, дәстүрлі емшіліктің құпиясы жайлы әңгімелестік.

— Рымтай Сапарбекқызы, сіздің негізгі мамандығыңыз қандай? Қай салада еңбек еттіңіз?

— Мен Баянауыл ауданына қарасты Найзатас кенішінде дүниеге келдім. Әкем Ұлы Отан соғысының қатысушысы, соғыстан екінші дәрежедегі мүгедек болып оралды. Балалық шағым Көкдомбақ ауылында өтті. Әкем алтын комбинатында күзетші, анам сол мекемеде тігінші болып жұмыс істеген жандар. Мен Көкдомбақ бастауыш мектебінде, Шөптікөл мектеп-интернатында, Баянауыл қазақ мектебінде оқыдым. Орта мектеп қабырғасында жүріп, комсомол комитетінің хатшысы, ұстаздардың көмекшісі сынды түрлі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын едім. Домбыра ойнайтын да өнерім болды. 1966 жылы Шөптікөл мектеп- интернатында оқып жүргенде домбыра оркестрінің құрамында Алматының жастар премиясын жеңіп алдық. Дәл сол жылы 25 мамырда Павлодарда концерт беретін болып келе жатқанда жол апатына түстік. Содан кейін домбыра ұстамай кеттім. Негізгі мамандығым – мұғалім, оның ішінде химия-биология пәнінен сабақ бердім. Алғашқы еңбек жолымды Шөптікөл мектеп-интернатынан бастадым. Сол жерде жүріп 8 жыл бастауыш партия ұйымының хатшысы болдым. Одан бөлек, оқу ісі жөніндегі меңгеруші, аға тәрбиеші сынды жұмыстарды абыроймен атқардым деуге болады. Сол кезде облыстық ағарту комитетінде Қадиша деген әдіскер бар еді, сол кісілермен бірлесіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі негізінде оқу-әдістемелік құралын жаздық. Мақсатымыз — жас ұрпаққа қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттау еді. Себебі, ол кезде қазақтың тілі мен дәстүріне шабуыл өте қатты болды, қазақ мектептерін жабу керек деп қорқытатын. Соған қарсылық ретінде «Қыз қуу», «Асан қайғының ізімен саяхат» сынды ұлттық салт-дәстүр, тарих пен танымға негізделген әдістемелер жазып, балаларға оқытатынбыз. Шамамен 12 түрлі әдістеме жазыппыз. Олардың арасында мектепке жаңа келген мұғалімдерге арнғалған көмекші құралдар да бар.

— Сізге адам емдеу, яғни, емшілік қасиеті қайдан дарыды деп ойлайсыз?

— Жалпы, біздің әулеттің адамдары тақуа, діндар болды. Соның әсері болса керек, жеті жасымда әжеммен жарысып намаз оқитынмын. Ал емшілік қасиет ата-бабаларымнан және анамнан дарыды деп санаймын. Мен өзімнің бойымда халық емшісіне тән тылсым күштің барын 13 жасымда білдім. Оны әкем де сезген болса керек, «Қарағым, Алла тағаланың берген ерекше қасиетіне ие бол» деген өсиет айтқан болатын. Менің емшілік жолдағы алғашқы ұстазым — Май ауданындағы Қайса ата еді. Кішірек кезімде аурушаң болыппын, сол кісіге көп қаралдым. Атамыз алғаш көрген сәтінде: «Балам, сенің бойыңда бір қасиет бар, ешкімге ешнәрсе айтушы болма, уақыты келгенде шығады» дейтін. Сонымен 17 жасымнан бастап халықтық таныммен, дәстүрлі жолмен адам емдей бастадым. Содан қазіргі уақытқа дейін талай адамды емдеп, талай жанның алғысын алып келемін. Жалпы, емшілік оңай келмейді екен, кішірек кезімде көп ауыратынмын. Үйге бір сырқаты бар адам келсе, солардың энергиясы кері әсер етеді, жатып қаламын, ішімдік ішкен адамдар келсе тіпті қиналатын едім. Ол кезде маңайдағы ел-жұрт мен туралы түрлі қауесет таратты. «Ойбой, Сапарбектің қызы жынды екен, оны жатқызу керек» деген әңгімелер айтты. Тіпті, балаларына дейін менімен ойнауға жібермейді екен.

Мен мектепте жұмыс істеп жүрсем де адам қарауды тоқтатқан жоқпын. Алғашқы кезде қорыққан балаларды көп емдедім. Менің анам да халық емшілігін меңгерген кісі болатын, кішірек кезімізде түрлі ауру жабысқан балаларды емдеп жататын. Ал нағашы жағымызда Жапар молда деген кісі болған, ол тері ауруының неше түрін жазған. Сонымен қатар, әкемнің ұлы бабалары да тегін адамдар емес. Арғы атасы Мыңбай деген кісі жын емдеген деп айтып отыратын үлкендер. Қазір Ақсаң ауылының ар жағында «Мыңбай бұлағы» деген бұлақ бар. Сол біздің атамыздың құрметіне қойылған. Ал тігіншілік өнері ол нағашы шешемнен дарыған деп санаймын.

— Сіз ең алдымен қандай ауруларды емдеуден бастадыңыз?

— Мен бастапқы кезде стоматитпен ауырған балаларды емдедім. Мұндай балалардың аузы уылып, сілекейі аға береді. Сонымен қатар, кіші дәреті тоқтамай қалған балаларға көп ем жасадым. Одан бөлек, қорыққан балалардың қорқынышын шығарамын. Мұны қазақтың дәстүрлі емшілігінде «Қорықтық құю» деп атайды. Яғни, баланы ұшықтап, дұғасын оқығаннан кейін еріген қорғасынды ыдыстағы суға құяды. Содан шыққан дыбыс әлгі баланың бойындағы қорқынышты шығарады екен. Бұл — бабаларымыздың ежелден бері қолданып келе жатқан тәсілі, дәстүрлі емі. Тіпті сол қорғасыннан шыққан бейнеге қарап, неден қорыққанын анықтауға болады. Одан кейін тері ауруларын емдеуді меңгердім. Шөптікөл мектебінде істеп жүргенде интернаттағы балалар қышымамен жиі ауырып қалатын. Әсіресе, 1987-88 жылдары көп болды. Мен бұған қарсы жағатын май жасап шықтым. Майды өсімдіктің тамырынан әзірледім. Баянауылдың таулы алқабында мен білетін 42 түрлі жусан бар, міне көптеген дертке қарсы емді сол жусандардан жасадым. Сонымен қатар, аршадан да түрлі ауруға шипа болар ем жасауға болады. Ал Бірлік ауылынан Баянға барар жолда шеңгел деген бұталы ағаш бар, содан алынған дәріні кіші дәреті тоқтамайтын балаларға пайдалануға болады. Содан соң өкпе ауру бар адамдарға да көмек жасадым. Содан кейін отамен, яғни, сынық салумен де айналыстым. Балалардың арасында көп кездесетін көкжөтел, кірне, ит ауруы деген сырқаттарды да емдедім. Маған келетін адамдардың бір бөлігі күйікпен келеді. Ертеде бір кішкентай баланың денесіне ыстық су құйылып, көп бөлігі күйіп қалған екен. Ата-анасы маған алып келді. Сиырдың жас тезегін езіп алдым да бүкіл денесіне жағып тастадым. Соның арқасында әлгі баланың денесінде бірде-бір тыртық қалмады.

Жалпы, тері ауруымен 50 жылдай айналысып, 2019 жылдан бері жасымның келуіне байланысты бұл қызметті тоқтаттым. Себебі, қазір ауылдарды аралап, тауға шыға алмаймын. Бұрын тауларға жиі шығып, емге керекті шөптің тамырын теретінмін. Оның өзін уақытында жинамаса емдік қасиетінен айырылып қалады. Маған келген кез келген ауру үш күнде нәтижесін көрсете бастайды. Мұны менің қабылдауымда болған емделушілердің барлығы айтып бере алады.

— Сіз сөз басында қандай да бір жаман әдетке тәуелді болған жандарды да емдеймін дедіңіз…

— Дұрыс айтасыз, мен адамның тәніне түскен сырқаттардан бөлек, оның жанын да емдеймін. Яғни, ішімдікке салынған, есірткіге тәуелді болған, ойынға берілген жандардың барлығын қабылдаймын. Ондай адамдар қазірдің өзінде хабарласып, көмек сұрайды. Егер менің еміме мұқтаж болып тұрса, қолдан келгенше емдеуге, дұрыс адам болуына көмектесуге тырысамын. Ең бастысы, сол адам өзінің шынайы ниетімен және есі сау кезінде келген болуы керек.

— Сіз қайырымдылық жасауды да жақсы көреді екенсіз…

— Қазір адам баласы үшін екі түрлі байлық бар. Оның бірі материалдық байлық болса, екіншісі, рухани құндылықтар. Біз өкінішке орай рухани құндылықтарымызды екінші орынға қойып, тек материалдық байлыққа көңіл бөліп жатырмыз. Мен бар өмірімді рухани байлық жинауға арнап келемін. Адам баласы үшін қайырымдылық жасау — ең үлкен сауапты амалдардың бірі. Мен балалар үйіне жиі барып тұрамын, осы күнге дейін 26 жетім балаға көмек көрсетіп, аяқтан тұрып кетуіне ықпал еттім. Сонымен қатар, бірнеше ауылға мешіт салуға атсалыстым. Мысалы, Қарағанды облысы Мәди ауылында, Баянауыл ауданы Мұса мырза мешітінің алғашқы ғимаратын салуға көмек бердім. Сонымен қатар, Ақмола облысы Қорғалжың мешітіне реставрация жасауға өз үлесімді қостым. Одан бөлек, өзім туған ауылдарда зираттарды қоршап, ашаршылықтан қаза болған мұсылмандар зиратын ретке келтірдік.

— Сіз ұзақ жыл облыстағы қажылар қауымдастығын басқардыңыз. Осы уақыттағы мақсат-міндеттеріңіз қандай болды?

— Иә, мен облыстық қажылар қауымдастығында 10 жылдай жұмыс істедім. Сол кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облыстық филиалымен бірге көп жұмыс атқардық. Атап айтқанда, қажылыққа қалай барады, қажылық рәсімдерін қалай орындау керек, қажы деген мәртебелі атақты еншілеген адам қандай болуы керек деген тақырыпта сабақ өтетінбіз. Жалпы, қазір қажылық деген қасиетті парыздың қадірін түсіріп жіберді. Қарап отырсаңыз, екінің бірі Меккеге барып келіп жатыр. Бірақ, олардың барлығы Аллаға құлшылық ету мақсатымен, қасиетті орынға деген сағынышпен барып жатқаны аңғарылмайды. Қарап отырсаңыз, солардың көбі саяхаттап, қыдырып қайту үшін баратын сияқты. Олай дейтінім, «Міне біз қажылықтамыз» деп түрлі фото-видео жасап, соңында әлеуметтік желіде жарқырап жүреді. Ал оның сауабы қайда қалды сонда.

— Қазір жас қыздар арасында қара жамылған, яғни, паранджа киетіндер көбейіп кетті. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

— Асыл дініміз әйел адамдарға әуретін жабуды бұйырған, бірақ қара киінуді бұйырған жоқ. Мұндай дүние тіпті Пайғамбарымыздың хадисінде де жоқ. Сондықтан мұсылман әйел заты өзіне ыңғайлы және адамдардың көзіне жағымды, әдемі киім киюі керек. Ислам тарихында мынадай оқиға бар: Алланың ұлы елшісі Пайғамбарымыз дүниеден өткен кезде соңында қалған қызы әкесінің қабіріне қара киініп, бетін жауып барады. Қара киінуінің мәнісі қаралы күн дегенді білдірсе, бетін жабуы әкемнің қабірінің үстіне көзімнің жасы тамбасын дегенді білдіріпті.

— Әңгімеңізге рақмет, шаңырағыңызға тек жақсылық тілеймін!

 

Әңгімелескен — Тілеуберді САХАБА.