Естеріңізде болар, жыл басында аймағымызда картоп бағасы шарықтап, көпшілік наразылық танытты. Шағын дүкендерге картоп сатумен айналысатын павлодарлық дистрибьютор кәсіпкер әккі әрекетімен мол пайдаға кенелмек болған. Ол картоптың келісін 160 теңгеден алып, дүкендерге 330 теңгеден саудалаған. Яғни, сауда үстемесі 106 пайыздан асқан. Мұндай арамдыққа барған кәсіпкерге құзырлы орган ескерту жасаумен шектелген.
Еселеп пайда көргісі келген
Облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің ескертуінен кейін кәсіпкер бағаны қалыпты деңгейіне түсірген. Жалпы, аталмыш орган биыл жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қосылатын сауда үстемесін шамадан асыру бойынша 33 жоспардан тыс тексеріс жүргізіпті. Оның 23-і дәл осы картоп бағасына қатысты болған. Әлгі делдал картоппен ғана шектелмесе керек. Ол сәбізді де қымбат бағаға сатқан. Келісін
60 теңгеден алған саудагер дүкендерге оны 105 теңгеден өткізген. Үстінен
75 пайыз пайда көрген. Пысықайға заң негізінде құзырлы мекеме ескерту түріндегі әкімшілік жазаны қолданған. Ал енді мұндай арам пиғылға баратындар ескертумен құтылмайды, бірден айыппұл арқалайды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев мәлім етті.
— Биыл наурыз айының ортасында әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Нақтысы, ол тұтынушылар құқығын қорғау, сауда салаларына қатысты. Бұрын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін бұзғаны үшін ескрету ғана берілетін. Енді мұндай кемшілікке жол бергендерге бірден айыппұл салынады. Айыппұл көлемі кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 5-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Сонымен қатар, тұтынушылар құқығын қорғау бағытына келсек, бұрын кәсіпкер тұтынушы шағымына уақытылы жауап бермесе, тауарды қайтаруды, айырбастауды қамтамасыз етпесе, сатушы, тауар туралы ақпаратты ұсынбаса, ескерту жасалатын. Бұдан былай мұнда да бірден айыппұл салынады. Көлемі 5-тен 20 АЕК дейін болады, —
дейді Дәулен Данатұлы.
Шағымның артқаны…
Жалпы, департаментке соңғы уақытта тұтынушылардан түсетін шағым артқан. Мұны құзырлы орган жақсылыққа балап отыр. Яғни, тұтунышлар мәдениеті артып келетінін білдіретін көрінеді. Толық бұл мәдениет қалыптасқаннан кейін шағым да кемиді деп күтілуде. Биыл екі айда тұрғындардың 311 өтініші қаралыпты. Бұл өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 20 пайыз көп. Олардың 64 пайызы бөлшек саудаға қатысты болса, 16 пайызы тұрмыстық қызметтер саласындағы олқы-лықтарға байланысты болған. 11 пайызы электронды саудаға көңілі толмаған тұтынушылардан түскен.
Қазіргі таңда департамент екі түрлі тексеріс жүргізеді. Бірі жоспардан тыс, яғни шағымдар негізінде жүргізіледі. Екіншісі — бұзушылықтың алдын алу бағытындағы бақылау түрінде. Бұл ретте, мамандар Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес прокуратурада тексерісті тіркеп, бір ай бұрын кәсіпкерге ескертіп қояды. Шағымдармен қатар тексерістердің де саны артқанын айтты. Өткен жылдың екі айымен салыстырғанда 300 пайыз өскен. Биыл 64 тексеріс жүргізген. Олардың 52-сі тұрғындар шағымдары негізінде болса, қалғаны — алдын алу мақсатында. Нәтижесінде сауда саласында 40 заң бұзушылық анықталған. Олардың 36-сы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне жасалған сауда үстемесімен байланысты болған. Сонымен қатар, сауда нарықтарының қызметіне қатысты 4 бұзушылық анықталған.
Бұдан бөлек, құқығын сот арқылы қорғауға бекінгендер де аз емес. Екі айда департамент өкілдері
10 сот процесіне қатысқан. Оның сегізі қанағаттандырылып, сот шешімімен тұтынушылар пайдасына 40 млн теңгеден астам қаржы өндірілген. Екі іс әлі жалғасуда. Мәселен, құзырлы орган 12 тұтынушының мүддесін сотта қорғаған. Олардың бәрі облыс орталығындағы спорт клубтарының бірінде жаттыққан көрінеді. Клуб иесі кәсібін өзге бір азаматқа сатып жіберген. Яғни, жабылып қалған. Алайда, бұған дейін абонемент сатып алған азаматтардың құқығын аяқасты еткен. Оларды заң жүзінде жаңа қожайынға өткізбеген. Енді іске кіріскен кәсіпкер олармен шарт жасаспағандықтан, қабылдаудан бас тартқан. Ақыры тұтынушылар департамент көмегімен сотқа жүгініп, жеңіп шықты. Кәсібін тоқтатқан азамат абонемент иелеріне қаржыларын қайтарған.
Тағы бірде тұрғындардың бірі автосалоннан көлік сатып алған. Бірақ бір бөлшегінің сапасыздығынан қозғалтқышының жұмысында іркіліс пайда болған. Тұтынушы көлік сатқан орынға жүгінген. Мамандар көліктегі ақауды жоюға тырысқан. Алайда, қозғалтқыштан түрлі дыбыс шығып, дұрыс қалыпқа келмеген. Ақыры департамент көмегімен сотқа беріп, жеңіп шыққан. 20 млн теңгеден астам қаражаты өзіне қайтарылды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.