Еркіндіктің рухын оятты

Жел 11, 2025

Қазақ елінің бүгінгі Тәуелсіздігі 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында бодандық бұғауын бұзып, бостандық үшін бұлқынған қазақ жастарының ерік-жігерінің жеңісі еді. Аңсары азаттық болған және сол жолда ешбір қиындық пен қорқыныштан тайсалмай алаңға шыққан жастардың қатарында жерлесіміз, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актрисасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлжанат Омарова да бар. Гүлжанат ханымның естелігін біз де тыңдап, жазып алдық.

Желтоқсан оқиғасы кезінде мен Темірбек Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының драма театр және кино бөлімінде оқып жүргем. 1986 жылы мен екінші курсқа барған болатынмын. 16 желтоқсан күні сабақтан шыққаннан кейін бір сұмдық жайттың болғанын білдік және оған қазақ жастары қатты ашуланып, өз қарсылықтарын білдіріп жатты. Ол Д.Қонаевтың қызметтен алынып, орнына Г.Колбиннің келгені туралы ақпарат болатын. Ертеңінде, 17 желтоқсанда жоғарғы курс студенттері бейбіт шеруге шығуға әрекеттенді. Одан барлығымыз қалыс қалған жоқпыз. Талабымыз біреу ғана. Ол – әрбір елді өздерінің ұлтынан шыққан басшы басқарсын деген тілек. Сонымен барлығымыз жиналып, жатақханадан шығып, алаңға бардық. Жол бойынан басқа жатақханалардан шыққан студенттер де қосылып, қатарымыз көбейе берді. Сол күні алаңда кешке дейін болдық. «Менің Қазақстаным» әнін айттық, «Әр ұлтта өзінің көшбасшысы болсын» деген ұрандар болды. Биліктің адамдары мінберге шығып, сөз сөйледі. Сол күні түнделетіп жатақханаға қайтып, ертеңінде оқуға бардық. Біздің институт Ленин көшесінің бойында болатын. Біз бірінші қабаттағы тоғызыншы аудиторияда отыратынбыз. Бір қарасақ, біз отырған аудиторияны сыртынан бекітіп қойған екен. Бізді ғана емес, бірінші қабатта отыратындардың барлығын солай қамап қойды ғой деп ойлаймын. Сонымен, болып жатқан жайсыз оқиғаларға шыдамай ширыққан студенттер терезеден сыртқа шыға бастады. Осылай барлығымыз шығып, қайта алаңға жиналдық. Бұл 18 желтоқсан менің туған күнім болатын. Сол жылғы туған күнімнің қалай өткені менің есімнен ешқашан кетпейді. Күн өте суық, қатты аяз болды. Түске таман қаруланған жасақ жиналып, күш қолдана бастады, машинамен су шашты. Қолға түскендерін ұстап әкетіп жатты. Біз жан-жаққа қаша бастадық. Менің жанымда курстас қыз болды. Абырой болғанда, екеуіміз солдаттардың қолына түспедік, бірге қашып шығып, үйлердің арасымен жүріп, жатақханаға жеттік.

Таңертең «Кешке келген соң бәріміз біздің бөлмеде кездесеміз, менің туған күнімді атап өтеміз»  деп келіскен едік. Студенттер де біртіндеп жатақханаға орала бастады. Менің достарым біздің бөлмеге жиналды, барлығы келді, тек Бақытжан деген бір қыз ғана келе алмады. Кейін білдік, ол әскерлердің қолына түсіп, ұсталып кеткен екен. Осылай отырғанда біздің бөлмеге ұстазымыз Тұңғышбай аға келді. Бізге қашан да жанашыр, қамқор болып жүретін еді. Жағдайымызды білуге келіпті. Бірақ, ағамыздың басы ақ матамен таңылған екен, оның шет-шетінен қан көрініп тұрды, ұстазымыздың сол бір көрінісі көз алдымнан еш кетпейді.  Сөйтсек, Әзірбайжан Мәмбетов екеуі бірге алаңға барған екен. Сол жерде солдаттардың соққысына жығылыпты. Сонымен біреулер танып, құтқарып қалған. Содан кейін бізді тергеуге, сұрақ-жауапқа шақыра бастады. Біздің институттан көптеген бала оқудан шығарылып, сотталды. Біздің курстан да бір қыз оқудан шықты, бір ұл жауапқа тартылды. Жеңіс Дәулетов есімді курстасымыз бірнеше жылға кесілді.

Жалпы Желтоқсан оқиғасына қатысқан әрбір жас азаматтың бүгінгі ұлы Тәуелсіздігіміздің ақ таңына қосқан үлесі зор. Ол кездегі жастар өте рухты әрі намысшыл болатын. Әрине, жендеттер олардың басын жарып, қолын сындырған шығар, бірақ жеңіске жете алмады. Анығын айтқанда олардың намысын жыға алмады, рухын сындыра алмады. Керісінше, бұл оқиға жастардың азаттыққа, еркіндікке деген жігерін жанып, рухын оятты. Себебі, тергеушілер тарапынан қанша қиындық көріп жатса да бір-бірін ұстап берген жоқ, бір-бірін сатқан жоқ. Көрсе де көрген жоқпын, суреттен таныса да танымаймын деп айтатын. Бұл олардың рухының биіктігі және жеңілмегендігі деуге болады. Міне, соның өзін мен ерлік деп айтар едім.

Сол күні менің туған күніме келген студенттердің барлығы маған бір-бір сыйлық әкелген. Соның бәрі менде қазіргі күнге дейін сақтаулы тұр. Мен оны сол Желтоқсан оқиғасынан қалған естелік іспетті қараймын.

Жазып алған – Тілеуберді САХАБА.