Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Павлодар қалалық ардагерлер кеңесі ауқымды шаралар жоспарын бекіткен болатын. Жуырда кезекті кеш облыс орталығындағы техникалық сервис колледжінде ұйымдастырылды.
«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбын арқау еткен шараға ардагерлер кеңесінің мүшелері, соғыс ардагерлерінің туыстары, тыл еңбеккерлері, оқытушылар және студенттер қатысты. Шара барысында қариялар студенттерге Ұлы Отан соғысындағы батырлардың ерлігін, бейбіт өмірдің қалай келгенін айтып, өз естеліктерімен бөлісті.
Павлодар қаласы №4 шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлнәр Елтаева кеңес құрамындағы ата-әжелер шағын аудандағы білім беру мекемелеріне барып, оқушы, студенттермен жиі кездесу ұйымдастыратынын айтты.
— Қариялар жастармен үнемі жүздесіп, білім алу, тәрбиелі болу, үлкенге құрмет көрсету тақырыптарында әңгімелеседі. Жастар тыл еңбеккерлерімен кездесіп, олардың басынан өткізген қиын өмірін тыңдайды. Бүгінгі ұрпақ қан майданда ерлік көрсеткен ата-бабаларын құрметтеп өтуі тиіс.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында тыл еңбеккерлерінің тізімін құрастырып жатырмыз. Көбі мекенжайын ауыстырып, өзге облысқа көшіп кеткен екен. Өзге аудандарға қоныс аударғаны бар. Қазір сол ардагерлердің тұрғылықты жерін анықтаудамыз. Соғыс жылдары талмай еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету — парыз. Студенттер де қарияларға қолғабыс етуден бас тартпайды, — дейді Г.Елтаева.
Колледж студенті Ерасыл Тұрсын кеңес мүшелері өткізетін әр кездесуді асыға күтетінін жасырмады.
— Мен мұндай шараға бірнеше мәрте қатыстым. Әр кездесу мазмұнды өтеді. Соғыс жылдарында өмір сүрген әр қарияның айтары бар. Ата-әжелеріміздің ақыл-кеңесі көп. Ол кісілердің әңгімесінен балалық шағымыздың бақытты өтіп жатқанына көз жеткіземін. Көмекке мұқтаж, жалғызбасты ардагерлерге қолғабыс етуде қатардан қалмаймын. Үлкендердің батасын аламын, — дейді студент.
Патриоттық шарада ардагерлер Отан, туған жер, соғыс тақырыптарында өлең оқып, жастарға жалынды рух сыйлады. Қонақтарға колледж басшысының атынан Алғыс хаттар табысталды.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.