Ерлік пен еңбек жолы насихатталды

Қаз 16, 2025

Павлодар қаласында «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің IV  конференциясы өтті. Халық қаһармандары мен Қазақстанның Еңбек ерлерінің басын қосқан ауқымды жиын Екібастұз қаласында басталып, Баянауылда жалғасты. Ал ең басты мәжілісі жұма күні «Достық үйінде» өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Ертаев қатысып, жас ұрпақты еңбекке баулу, Отанды сүю, елі мен жері үшін адал еңбек етуге тәрбиелеу және басқа да тақырыпта тағылымды баяндама жасады.

– Бұл игі шараның Баянауыл мен Екібастұз өңірінен бастау алуы тегіннен-тегін емес. Біздің өңір – талай батырлар мен ел қорғаған ерлерді дүниеге әкеліп, халқымыздың рухын асқақтатқан киелі аймақ. Ата-бабамыздың қайсарлығы мен батырлығы бүгінгі ұпақты бірлікке, Отанын сүюге үндейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз» деген болатын. Біздің халқымыздың ата дәстүрі – елдігіміздің темірқазығы. Сондықтан, бұл құндылықтардан ешқашан ажырамауымыз керек, – деді Айгүл Қайыртасқызы.

Шараға «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың қатысуының өзі мәні мен маңызын айшықтай түсті. Құрметті қонақ жастарға Отан қорғау дегеніміз неден басталатынын, отансүйгіштік дегеніміз не екенін қарапайым тілмен түсіндірді. Халық қаһарманы  өз сөзінде әр ер азамат үшін әскерге бару, азаматтық борышын өтеу – Отан алдындағы ең үлкен парыз екенін атап өтті.

– Бұрын жігіттер үшін әскерге бару бұлжымас міндет болатын. Біздің кезімізде балалар «Мен қашан әскер жасына толамын» деп асығып жүретін. Әскерден келе жатқан ағаларымыздың алдынан асыға күтіп алып, басындағы фуражкасын басымызға киіп, мәз болатынбыз. Ал қазір ондай қызығушылық жоқ. Оған кім кінәлі? Әрине, бәріміз кінәліміз. Кезінде атақты батырлар өмірлерін құрбан етіп, бүгінгі бейбіт өміріміздің негізін қалады. Қазір біз Тәуелсіз елде өмір кешіп жатырмыз, біз өз жеріміздің иесіміз. Содан кейін, аталар мен бабаларымыздың даналығын ұмытпауымыз керек. Өмір мәңгі емес, ал мәңгілік болатын жалғыз нәрсе бар. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік, осы жолда тер төгіп, жадымызда қалған ұлы есімдер. Отанды сүю жүректен шығуы тиіс. Әдемі сөз айтудың қажеті жоқ, Отанға деген махаббат іс жүзінде көрінуі керек, – деді Бақытжан Ертайұлы.

Сонымен қатар, осы кездесудің алдында дәстүр бойынша Баянауыл ауданына арнайы ат басын бұрып, сонда жатқан ұлы тұлғалардың аруағына Құран бағыштап, құрмет көрсеткенін атап өтті.

– Біз — аруақты халықпыз, аруаққа құрметпен қараған елміз. Мен мұны бекер айтып отырған жоқпын, күні кеше ғана Баянауылдай киелі топыраққа, аруақты жерге барып, Құран оқытып, дұға бағыштап қайттық. Ал біздің бабаларымыз осындай кең-байтақ жерді бізге қалдырған. Қабанбай, Наурызбай, Райымбек бабаларымыз елі мен жерін қорғаудың нағыз үлгісін, отаншылдықтың шынайы көрінісін көрсетті. Міне, сол тұлғалардан үлгі алуымыз керек, – деп түйіндеді Халық қаһарманы өзінің тағылымға толы тәрбиелі әңгімесін.

Жалпы, «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – Халық қаһарманы, Еңбек ері тақырыптарын тереңірек зерделеу, қамту және насихаттау. Сонымен қатар, қазіргі қаһармандар мен еңбек батырларының өнегелі өмірін, жүріп өткен жолын насихаттау арқылы жас ұрпақты еңбекке баулу. Сондай-ақ,  Еңбек ерлерінің үлгісін пайдалана отырып, жұмысшы мамандықтарын насихаттау арқылы жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие беру.

Конференцияға Қазақстанның Еңбек ері, Сәтбаев қаласының тұрғыны Тұрсынбек Мәкішев, Еңбек ері, Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова, Еңбек ері, Екібастұз қаласының тұрғыны Рышат Әміренов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев сынды ел ағалары қатысып, қарапайым еңбек адамының бүгінгі қоғамдағы орны, оларға деген құрметті арттыру туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

– Жастарға еңбексүйгіштік, елін қорғау туралы көп дүние айтылды, ақыл-кеңес берілді.  Халық қаһармандары мен Еңбек ерлерінің әр ісі, әр сөзі жастар үшін үлгі-өнеге. Жалпы, қоғамда әр мамандық иесінің өзінің мақсат-міндеті бар. Кезінде Екібастұз қаласы жылусыз қалғанда қарапайым мамандық иелерінің қандай қажет екенін түсінгендей болдық. Әр облыстан жұмысшылар тобы келіп, аз уақыт ішінде қаланы апаттан құтқарған еді. Міне, осындай жағдайда қарапайым еңбек адамын қалай сыйламаймыз? Біздің бүгінгі жастарымыз да осыны түсініп келеді, себебі, жұмысшы мамандықтарға баратын жастардың қатары артып келеді, – деді Рышат Әміренов.

Қазақстанның Еңбек ері, Жезқазған қаласы «Западный» кен орнының жерасты учаскесінің үңгішісі Тұрсынбек Мәкішев еңбек адамдарының қоғамдағы орнын кеңінен насихаттап, олардың мәртебесін көтеру туралы ұсынысын ортаға салды.

– Осы конференцияға жер астынан арнайы келіп сәлем жолдап отырмын деуге болады. Еңбек адамы – қоғамның негізі. Елдің өркендеуі – солардың арқасы. Бүгінде елімізде жеті мыңнан астам жас шахтер мен металлургтер еңбек етіп жатыр. Олардың барлығы — 35 жасқа дейінгі жас мамандар. Біз оларға сенеміз әрі оларды мақтан тұтамыз. Сондықтан, қарапайым еңбек иелерінің құрметіне арналған осындай шараларды көбейту керек және адал әрі тұрақты еңбек етіп жүрген мамандарды түрлі деңгейдегі марапаттарға ұсыну қажет, – деді Тұрсынбек Шамбулұлы.

Естеріңізде болса, өткен жылы «Қазақстанның Еңбек ері» атағы алғаш рет екі мұғалімге берілген болатын. Солардың бірі – Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова. Өз сөзінде ол мұғалімдік жолды таңдағанына ешқашан өкінбегенін айтып, жастарды ұстаздық жолға көптеп келуге шақырды.

Осы күні Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған конференция делегациясы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатына арнайы барды. Қонақтар кадеттермен кездесу барысында елге адал қызмет етудің, әскери борышты абыроймен атқарудың маңызы туралы айтып, жас буынға жауынгерлік рух пен жауапкершіліктің мәнін түсіндірді. Сондай-ақ, Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін мысалға келтіріп, олардың өмірі мен жүріп өткен жолы нағыз батырлық пен адалдықтың үлгісі екенін айтты. Кездесуге қатысқан 8-сынып оқушысы Руслан Алисов ардагерлер мен қонақтарға шынайы ризашылығын білдіріп, өз армандарымен бөлісті.

– Мен бұл мектепке 2024 жылы түстім, менің арманым – өз еліме адал қызмет ету. Қазіргі уақытта мен отбасылық типтегі Кенжекөл балалар ауылында тұрамын. Спортпен тұрақты айналысамын. Оның ішінде грэплинг, дзюдо, ММА түрлерінен жаттығамын, музыкалық аспаптарда ойнаймын. «Жас сарбаз» мектеп-интернаты маған дұрыс дағдыларды үйретеді деп сенемін, ал сіздердің кеңестеріңіз бізге үлкен демеу болды, – деді жас курсант.

Осы конференция бағдарламасы аясында Павлодар, Екібастұз қалалары мен Баянауыл ауданында 10-нан астам іс-шара өткізілді. Қатысушылар Екібастұз қаласындағы білім беру мекемелерін аралап, Қ.И.Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институтының студент-терімен кездесті. Сондай-ақ, «Самғау» орталығының және «Богатырь» көмір разрезінің жұмысымен танысты. Ал Баянауыл ауданында делегаттар Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесінде, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатта, өңірдің киелі нысандары мен музейлерінде болды.

Тілеуберді САХАБА.