Ертең, яғни 14 наурыз — Көрісу күні. Бұл күн халық арасында Амал мерекесі деп те аталып кеткен. Осы күні көпшілік қыстан аман-есен шығып, көгілдір көктемге жеткен қуанышын бөліседі. Бір-бірімен құшақтасып, төс қағыстырып, арқа-жарқа болады.
Көпті көрген, жасы үлкен жандардың айтуынша, Көрісу күнінде ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң бір-біріне деген бұрынғы өкпе-ренішін тарқатып, жақсы тілектер мен жылы сөздер айтып, жан дүниесін тазартқан. Яғни, бұл күні жасы кішілер үлкендердің үйіне әдейілеп барып, мерекемен құттықтап, құшақтасып көрісіп шығуды дәстүрге айналдырған. Алайда осы күні ешкім арнайы шақырылмайды, яғни, әркім өзінің жүрек қалауымен келуі тиіс. Жайылған ақ дастархан да жиылмайды. Ал көрісе келген адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен, құшақ жая қарсы алу қажет деген талап та бар екенін айта кеткен жөн. Бір қызығы, ел аузында аталған мерекеге қатысты кем дегенде үш үйге бас сұғып кету керек деген ырым да бар көрінеді.
Атап өтерлігі, еліміздің батыс өңірлерінде «Амал мерекесі» жыл басы ретінде аталып келген. Сондықтан да осы күні құт-береке, қуаныш пен шаттық салтанат құрып, өткенді кешіру, ұмыту арқылы өмірді жаңадан бастауға жол ашылады деген түсінік қалыптасқан.
Қалай десек те, қазақ халқы үшін Көрісу күнінің мән-маңызы зор. Айтулы күнді бүкіл республика деңгейінде атап өту арқылы ел бірлігі жарасып, нығая түсетіні сөзсіз. Көрісу мерекесі қарсаңында тұрғындар ағайын-туысын аралап, бас қосып, мәре-сәре болып қалады. Бұған қарап, бұл күні туыстар арасындағы құндылық, сыйластық, бауырмалдық, жанашырлық сынды адами асыл қасиеттерді бағалай білуді үйренеміз.
Ендігі кезекте осы күннің арғы тарихына үңілсек, Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбе бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып саналған. «Хамал» деп отырғанымыз — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы екен. Ежелде ел арасында күн мен түн теңеліп, амал кірген уақытта Тоқты шоқжұлдызы туады деген түсінік болған. Негізі, этнограф ғалымдар да ерте заманда қазақ халқы бұл күнді «наурыз» демей, «амал» дегені жайлы жазып жүр. Демек, бұл сөздердің айырмашылығы жоқ әрі қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп тұр.
Айта кетерлігі, елімізде 14 наурыз – Көрісу күнінен бастап, 23 наурыз – Тазару күніне дейінгі аралықта Наурызнаманың онкүндігі жарияланған болатын. Соларға аз-кем тоқтала кетер болсақ, 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Атауы айтып тұрғандай, осы күні мейірімділік пен татулықты насихаттап, қайырымды іс жасауға басымдық беріледі. Сол арқылы адамзат бойында мұқтажға көмек беру және жақсылық жасау сынды асыл қасиеттер артатын болады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күні мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүріміз насихатталады. Ұлтты танытатын басты белгілердің бірі – мәдениеті мен өнері десек, еліміз үшін айтулы күннің алар орны ерекше болмақ.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні әр әулеттегі құрмет, мейірімділік, жанашырлық, сыйластық сынды асыл қасиеттер мен отбасылық құндылықтар насихатталмақ. Бұл ретте, қазақ халқы үшін шаңырақтың қадір-қасиеті де айрықша екенін айта кеткен жөн.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Яғни, осы күні ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлттық киімдер дизайнының көркемдігін паш етіп, қазақ қолөнердегі ғажап көріністерден шабыт аламыз. Жалпы, ұлттық киімдеріміз қарапайым әрі әдемілігімен ерекшеленеді. Ұлттық киім күнінде жас ұрпаққа осынау құндылықтарды түсіндіруіміз қажет.
19 наурыз – Жаңару күні. Дәл осы күні отандастарымыз алдына айқын мақсат қойып, жаңа жобаларды бастап, жақсылыққа қарай өзгеру туралы шешім қабылдауы керек. Яғни, өмірінде жаңа кезең басталуы тиіс. Себебі, Наурыз – ұлттық мейрам ғана емес, табиғат-ана жаңаратын сәт. Демек, осы уақытта адамдар да болашаққа жоспар құрып, жаңа іс бастап, өзін жаңа қырынан көрсеткені жөн.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні ұлт мәдениетін сақтауға мән беріледі. Сол үшін ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, төл дәстүрлеріміз жаңғырады. Ұлттық спорт дегеніміз — тек сайыс қана емес, көшпелі тұрмыстың рухы бар қасиетті өнер түрі екенін мойындауымыз қажет.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Біз бұл күні өткенді еске алып, халқымыздың басынан кешкен тарихи оқиғаларға шолу жасап, егемен елімізді мекен еткен түрлі ұлттың береке-бірлігін насихаттауымыз қажет. Осы орайда Наурыз мейрамының ел ішіндегі ағайын мен сырттағы бауырларды байланыстырушы көпір екенін терең түсінуіміз қажет.
22 наурыз – Жыл басы. Көпшілік асыға күтетін 22 наурыз — күнтізбедегі қатардағы күндердің бірі емес, қоғам өміріндегі ерекше сәт. Себебі, осы күні біз мерекелік қуанышпен бас қосып, тарихымыздағы жаңа кезеңнің басталуын айрықша атап өтеміз. Сондай-ақ, бұл кезеңде барлық елді мекенде іс-шаралар өтіп, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер насихатталады. Үйді, аула мен көшелерді Наурыз нақышымен безендіру арқылы әрбір тұрғын мерекені жүрекпен сезініп, ел бірлігінің қадіріне жетеді.
23 наурыз – Тазару күні. Наурыз мерекесі табиғат пен адамның ішкі жан дүниесінің тазалығын сақтап, үйлесімде болуын үндейді. Бақыт пен береке де тазалық бар жерге қонады. Сол үшін осы күні тазару арқылы жаңаруға басымдық беріледі. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған іс-шаралар қолға алынып, таза қоршаған ортада жаңа жылды жақсылықпен қарсы алуға қадам жасалады.
Нұржайна ШОДЫР.