Жақында ғана жарияланған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы бірнеше жылда 15-18 жас аралығындағы қазақстандық қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5 пайызға өскен. Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің жиілеп кетуі көпшілікті алаңдатып отыр. Жалпақ жұртқа жаға ұстатар жағымсыз жайттың жыл санап артуына не себеп? Кінәлі кім?

Статистика не дейді?

Бірден айта кетейік, елімізде «оқушы аналар» тақырыбы айтыла-айтыла ауыр, жазыла-жазыла жауыр болғанымен әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өйткені, жылдан-жылға статистика еселеп артуда. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын 15-18 жас аралығындағы 3 мыңнан астам жасөспірім босанса, былтыр олардың саны 6 мыңға жуықтаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша 2022 жылы аймағымызда 15-17 жастағы 68 жасөспірім жүктілігі бойынша тіркеуге алынып, оның 54-і босанған, қалғаны жасанды түсік жасатқан. Сондай-ақ, бұл жылы облысымызда 13 жасар мектеп оқушысы өмірге сәби әкелген. Ал былтыр, яғни 2023 жылы 15-17 жас аралығындағы аяғы ауыр 81 өрімдей жас есепке қойылып, оның 63-і ана атанса, 18-і жасанды түсік жасатқан.

Міне, аталған көрсеткіштер аймақтағы тек 15, 16, 17 жастағы, яғни мектеп жасындағы қыздар арасында орын алған оқиғалар ғана. Өкініштісі, өңірімізде 13-14 жасында от басып, опық жеп жүргендер де баршылық. Сондай-ақ, 18-ге толып, кәмелет жасына жеткендер арасында да ойнап жүріп, от басқандар саны азаймай тұр. Бір анығы, жоғарыда айтып отырған ақпарат — ресми түрде тіркелген шынайы мәліметтер. Ал сіз бен біз біле бермейтін қанша деректің беті ашылмастан «жабулы қазан» күйінде құпия сақталып қалғаны белгісіз… Сонымен қатар, қазіргі таңда облыс бойынша 9 535 әйел жүктілігі бойынша тіркеуге алынған. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған неше жеткіншектің аяғы ауыр екені әзірге беймәлім. Себебі, жауапты басқармадан бұл жөнінде нақты мәлімет алу мүмкін болмады.

Гинеколог мамандардың айтуынша, «өлімнен ұят күшті» деген қағиданы қатаң ұстанатын ата-аналар арасында оң жағында отырып жүкті болып қалған қызының жағдайын сезе салысымен сырт көзге сыр білдірмей бірден шешіп тастайтындар да аз емес көрінеді. Яғни, ондайлар алдын ала дәрігермен келісіп, қажетті ақысын төлеп, қызын ешқайда тіркетпестен жасанды түсік жасатуға өздері алып келеді екен. Осындай оқиғаға жиі куә болып жүрген гинеколог маманның бірі:

— Мен аты-жөнімді ашық айта алмаймын және емделушілерім жайлы да толық ақпарат бере алмаймын. Бірақ өз тәжірибемде мектеп жасындағы он шақты оқушы қызға жасанды түсік жасадым. Бізге осындай жағдайға тап болған ата-аналар келіп, қызының білместікпен қателікке ұрынып қалғанын айтып, көмектесуімізді өтініп сұрайды. Олардың арасында ел-жұрттың бетіне қалай қараймын деп жылап-еңірейтіндері де бар. Осыдан кейін қалай көмектеспейсің? Жас қыздардың әке-шешесін қара бет қылғанын біз де қаламаймыз. Өзіміз де ұл-қыз өсіріп отырғандықтан, түсіністік танытамыз. Әрине, жасанды түсіктің жасөспірім денсаулығына келтіретін зиянын да айтып түсіндіреміз. Бірақ ар-намысты алдыңғы орынға қойған ата-аналар оған да қарамайтынын аңғардым, — дейді.

Бұған қарап, жасөспірімдер арасында «есепке алынбаған жүктіліктің» де етек жайғанын байқауға болады. Демек, мұның бәрі есепке алынса,  статистика еселеп кетеді деген сөз. Бұл — бүкіл қоғам үшін ойланарлық, ой саларлық жағдай.

Кім жазықты?

Өрімдей жас қыздардың аяғын шалыс басуына кім кінәлі? Бұл сұраққа әркім әртүрлі уәж айтады. Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаз, Ақсу қаласының тұрғыны Рысты Сүйінова мұндай жағдайдың жиілеп кетуіне алдымен отбасындағы тәрбиенің осалдығы себеп екенін алға тартады.

— Өкінішке қарай, мектеп оқушыларының арасындағы жүктілік мәселесі бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптың біріне айналды. Мұндайға жол бермес үшін отбасындағы тәрбие мықты болуы тиіс. Әсіресе, аналар қауымы үйінде өсіп келе жатқан қызғалдақтай қыздарымен ашық сөйлесуді әдетке айналдыруы керек. Қазір кейбір аналар бұған мән бермейді. Салдарынан әлі оңы мен солын толық танып білмеген жасөспірім қыз қалай қателікке жол бергенін өзі де аңғармайды. Сөйтіп, мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалған қаршадай қызының жағдайын анасы да кеш сезіп, не істерін білмей дел-сал болып жатады. Бұл — ата-ана үшін өте ауыр жағдай, — дейді көпті көрген ұстаз.

Әрине, әлпештеп өсірген қыздардың оң жақта отырып жүкті болып қалуы — ұлтқа ұят, салтқа —
сын екені белгілі. Ал кейбір ата-аналар осындай жағымсыз оқиғалардың жиілеуіне мектептегі тәрбие жұмысының тиісті деңгейде жүргізілмейтіні әсер етіп жатқанын айтады.

— Шынымды айтсам, мектептердегі қазіргі тәрбие жұмысы әлсіз. Соның салдарынан балалардың бір-біріне әлімжеттік көрсетуі, зорлық-зомбылық жасауы, оқушы қыздардың жүкті болып қалуы сынды адам айтқысыз оқиғалар орын алуда. Өз басым білім ордаларында қыздарға арналған ерекше тәрбие жұмыстарының жүріп жатқанын естімеппін. Ал біз оқушы болған кезде әр сыныпта қыздарды жеке жинап алып, тәрбие сағаты өтетін. Гинеколог дәрігерлер де оқушы қыздарды ай сайын тексеретін. Осындай қатал тәртіптің арқасында ата-анамыздың атына кір келтірмедік. Бүгінде бұл тәртіп жоқ, тәрбие таяз. Қай ата-ана баласын жамандыққа тәрбиелейді? Бәрі қолдан келгенше жақсылыққа үйретеді. Ол аздық етіп жатыр. Нағыз тәрбие мектепте болуы тиіс. Әйтпегенде, Әбу Насыр әл Фараби айтқандай, тәрбиесіз берілген білімнің құны көк тиын, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны, зейнеткер Айгүл Жидебайқызы.

Ал облыстық білім беру басқармасы бұл мәселенің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізуде? Төменде осы сұрағымызға аталмыш басқармадан келген жауапты қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

— «Облыстың білім беру ұйымдарында салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мектептің үлгілік оқу бағдарламасы оқушылардың репродуктивті денсаулығын сақтау және қыздардың ерте жүктілігінің алдын алу туралы білім алуын қамтамасыз етеді. Осылайша, 1-4- сыныптарда «Дүние тану» пәнін игеру барысында отбасы, денсаулық, өзара қарым-қатынас, қоршаған табиғи орта сияқты аспектілер зерделенеді. «Биология» оқу пәнін игеру кезінде 9-сынып оқушылары адамның жыныстық жүйесінің құрылымы мен қызметін, ұлдар мен қыздардың жыныстық жетілуін, гормондардың рөлін зерттейді. Жыныстық жолмен берілетін аурулардың түрлері, сондай-ақ олардың алдын алу шаралары туралы түсініктеме беріледі. Сонымен қатар, сыныптан тыс жұмыс шеңберінде медициналық ұйымдардың қызметкерлерімен өзара байланыса отырып, кәмелетке толмағандардың ерте жүктілік жағдайларының алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Медбике кабинетінде қыздардың шағын топтарымен сабақтар, әңгімелесулер өткізіледі. Павлодар облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығымен білім беру ұйымдарында АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша семинарлар өткізу туралы бірлескен кесте бекітілді. Білім беру ұйымдарында 3964 қыз баланы қамтыған қыздарға арналған 256 «Аққу» клубы құрылды. Клубтардың жұмысы қыздардың бойына ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, ұлттық педагогика принциптері негізінде рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Педагогикалық және ақпараттық түсіндіру жұмыстары қыздар клубтарының жұмыс жоспарлары шеңберінде жүзеге асырылады, оған мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, медицина қызметкерлері, «Нұр-Ана әлемі», «Сенімен болашақ», «Аналар үйі» қоғамдық ұйымдарының өкілдері жұмылдырылады. 4 мыңнан астам қызды қамтитын «Ана болу өнері», «Тыйым салу салдары», «Нақты сұрақтарға бірнеше жауап», «Өзіне деген сенімділікті арттыру», «Өз бетінше өмір сүру шегінде» және т.б. қыздардың адамгершілік-жыныстық тәрбиесі тақырыптарын қамтыған тренингтер, әңгімелесулер, дөңгелек үстелдер өткізіледі», — делінген. Сонымен қатар, бұл ақпаратта басқарманың ұйытқы болуымен өзге де іс-шаралардың жиі өткізілетіні айтылған.

Соған қарамастан, жасөспі-рімдердің неліктен жаза басатыны білім беру саласының мамандарын да алаңдатып отырған жайы бар. Бұл мәселеге қатысты психологтардың да пікірін білген едік.

— Қазіргі ата-аналардың басым бөлігі жұмысбасты. Сондықтан баласын күні-түні қадағалап отыра алмайды. Бұл жағдай да жығылған үстіне жұдырық болуда. Бірақ барлық ата-ана мен ұстаз атаулы ұл-қызға жақсы тәрбие беруге тырысады. Алайда, мектеп жасындағы қыздардың бөтен қылық жасауына интернеттің қолжетімді болуы кері ықпалын тигізуде. Қазіргі таңда ұялы телефон ұстамайтын бала жоқ. Екінің бірінде компьютер бар. Сол арқылы олар интернеттен неше түрлі жадағай жайттарды көріп, еліктейді. Жасөспірімдердің жат қылықтар жасауына осы жағдай басты себеп деп ойлаймын. Сол үшін елімізде жеткіншектердің интернеттегі неше түрлі сайттарға емін-еркін кіруіне тосқауыл қоятын заңды қатаңдату керек деген пікірдемін. Онсыз балалардың тәрбиесін түзету қиынға соғады, — дейді Павлодар қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы білім беру мектебінің психологы Абылай Катя.

Тағы бір айта кетерлігі, кейбір сала мамандарының сөзінше, оқушы қыздардың жүкті болып қалуына зорлық-зомбылық әрекеттері де себеп болатын көрінеді. Осындай оқиғаның құрбаны болған жасөспірімдердің кейбірі бұл туралы өзгелерге ашық айтудан жасқанып, соңы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатқан жайттар да кездесуде.

Ішкі істер саласы өкілдерінің айтуынша, заң бойынша 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің жыныстық қатынасқа түсуіне тыйым салынған. Бірақ кәмелет жасына толмаған қыз ерсі әрекетке баруға өз ықтиярымен келіссе, заң жүзінде іс қозғауға ешкімнің құқығы жоқ екен. Ал егер жас қыздарды осындай әрекетке баруға итермелегендердің ісі анықталса, олар заң алдында жауап береді, дейді құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Осылайша, бірі жастықтың буымен, бірі білместікпен, енді бірі зорлық-зомбылықтың салдарынан жүкті болып қалған жас қыздардың көбі «оқушы ана» атанып, тағдырының жазғанына көндіксе, енді біреулері жасанды түсік жасатып, құрсағындағы шаранадан құтылудың амалын жасауда. Бірақ бұл жағдайлардың қай-қайсысы да жасөспірімдердің денсаулығы үшін қауіпті, дейді гинеколог дәрігерлер.

— Өмірге ерте жасында сәби алып келген қыздың репродуктивтік денсаулығы жетілмегендіктен өзі де, баласы да әлжуаз болып, мұның соңы қайғылы жағдайға ұласуы ықтимал. Сондай-ақ, жасанды түсік жасатқан жасөспірімдердің 50 пайызы болашақта сәби сүйе алмауы мүмкін, — дейді Павлодар қалалық №1 емхананың әйелдер кеңесі бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнәр Омарова.

 

* * *

Бәрін айт та, бірін айт, ендігі мақсат – жас шыбықтай желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі жеткіншектердің мұндай қателік жасап, жаза басуына жол бермеу. Ол үшін не істемек керек? Бұл сұрақ көпшілікті толғандыруда. Ал сіз қандай ой қосасыз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР