Ертіс-Баян өңірінің ономастикалық ахуалы қандай?

Мам 15, 2025

Бүгінгі қоғамда, соның ішінде қазақ тілді аудиторияда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі — ономастика мәселесі. Яғни, елді мекендердің тарихи атауларын қайтару және Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен ұштаспайтын көше атауларын қазақшалау өзектілігін қашан да жоғалтқан емес. Жалпы, ономастика дегеніміз әркім өзінің «бес тиынын» қосуға дайын тұратын талқылауға өте қолайлы тақырып болғанымен оның арғы жағында күрделі һәм күрмеулі мәселе көп. Басылымның Instagram әлеуметтік желісіндегі «Тікелей желі» айдарында осы мәселелерді ашып айтуға тырыстық. Біздің бұл жолғы спикеріміз – облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Батырбек Қайыр.

– Батырбек мырза, бүгінгі таңда ономастика жұмысы неше бағытта және қандай салаларда жүргізіліп келеді?

– Ономастика саласындағы жұмыстар негізгі 3 бағыт бойынша жүргізіліп келеді десек болады. Біріншісі – объектілерге атау беру және қайта атау. Екіншісі – әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру, үшіншісі – әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне атау беру. Сондай-ақ, осыларды іске асыратын төртінші бағытты да айта кетуге тура келеді. Бұл – үгіт-насихат жұмыстары. Мысалы, «Тұлғалар тағылымы» аялдамаларды безендіру, «Өлке топонимдері» деген телебағдарлама, «Павлодар облысының тарихын білесің бе?», «Жердің аты – бабаның хаты» тақырыбында ғылыми-практикалық конференциялар және түрлі тақырыпта мақалалар жариялау. Қала, аудандарда ономастика мәселесіне қатысты көшпелі семинарлар да жиі ұйымдастырылып тұрады.

— Өзіңіз осы салаға келгеннен бергі уақытта тарихи атауларды қайтару және қайта атау беру жұмыстары қай жылдары көптеп жүргізілді деуге болады?

— Менің осы ономастика саласында жұмыс істей бастағаныма 18 жылдай уақыт болыпты. 2010 жылдан бері облыстық ономастика комиссиясының хатшысымын. Әрине, әр жылдары аталған саладағы жұмыс әртүрлі деңгейде жүргізілді деуге болады. Кейбір жылдары қайта атауға байланысты жарияланған мораторийлердің салдарынан жұмыс саябырласа, кей жылдары мерейтойларға байланысты көп жұмыс атқарылады. Мысалы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70, 75, 80 жылдығы секілді т.б мерейлі даталарда қайта атау жұмыстары айтарлықтай алға жүрді. Мысалы, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыстық ономастика комиссиясының бір отырысында 122 көше қаралып, ұсыныстар оң қорытындыға ие болған болатын. Бұның есімде қалуының себебі, оған дейін комиссияда ары кетсе 10 шақты, не оған да жетпейтін ұсыныстар қаралатын.

Кейін 2019 жылы 128 көше атауын өзгерту мәселесі облыстық ономастика комиссиясында талқыланды. Бірақ бұл мәселелер екі отырыста қаралды. Ал елді мекенге тоқталар болсақ, 2023 жылы 15 елді мекеннің атауы өзгертілді. Бұлардың қатарында Алғабас ауылдық округі мен Жолқұдық ауылы Қанаш Қамзин атауына, Ольгино – Қызылағаш, Ленин кенті – Атамекен, Озерное ауылдық округі мен Озерное ауылы – Майлы атауына, Федоровка ауылдық округі мен Федоровка ауылы – Томарлы, Бобровка ауылдық округі Жаңабет, Верненка ауылдық округі мен Львовка ауылы – Алтай, Воскресенка ауылдық округі мен Воскресенка ауылы – Әулиеағаш, Березовка ауылы Аққайың, Трофимовка Қоржынкөл ауылы болып өзгерді.

— Осы ретте соңғы 10 жылдың ішіндегі көрсеткішке тоқталсаңыз…

— 2014-2024 жылдар аралығында облыстық ономастика комиссиясына қала, аудандардың атқарушы органдарынан келіп түскен ұсыныстар мен олардың құжаттар топтамасы жан-жақты зерттеле отырып, 37 елді мекеннің және 772 көшенің атауын қайта атау бойынша оң қорытынды шығарылды. Солардың ішінде 150 көше Павлодар қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігіне қарасты болса, оның 116-сы — ауылдарға тиесілі көшелер. Ал 34-і — Павлодар қаласының өз басындағы көшелер. Жалпы 2014-2023 жылдар аралығында облыстық ономастика комиссиясы 16 рет өткізілген екен. Бүгінгі күнде Павлодар қаласына қарасты ауыл көшелерінің 94 пайызы қазақшаланды деуге болады. Бұл жерде жалпылама 10 жыл деп айтқаны-мызбен осы жылдарда бірнеше рет мораторийлер жарияланды ғой. Сол уақыттарды алып тастасақ, әлде- қайда қысқа мерзімде атқарылған жұмыстар екенін атап өткім келеді.

— Ономастика мәселесіне қатысты заңнамалық актілерге қандай өзгерістер енгізілді?

— Ең алдымен, ономастика мәселесі қандай заңдар аясында жүзеге асырылады дегенге тоқталайық. Бірінші кезекте – ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңының, екінші – Тіл туралы заңының, үшінші – Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңының аясында орындалады. Сонымен қоса, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамызындағы №211 бұйрығымен бекітілген әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгертуге орай жергілікті халықтың пікірін ескеру қағидасына сай жүріледі. Сонымен қатар, 2024 жылдың 24 қаңтарында республикалық ономастика комиссиясы бекіткен әдістемелік ұсыным бар. Жұмыс барысында сол құжатты да басшылыққа аламыз. Жалпы, заңнамалық актілерге ең үлкен өзгеріс 2014 жылдары енгізілді. Сол жылға дейін ономастика комиссиясы республикалық, облыстық, аудандық және қалалық деп бөлінетін. Аудандардың көшелері аудандық деңгейде шешілсе, қала көшесі де қалалық комиссияда қаралып, қаланың өкілетті және атқарушы органдарының құзырымен бекітілетін. 2014 жылғы өзгерістерге байланысты қалалық, аудандық ономастика комиссиялары қысқартылып, барлық көшелер мен елді мекен атауын өзгерту мәселесі облыстық комиссияда қаралатын болды. Сонымен қатар, тұрғындардың пікірін ескеру тәртібі бойынша қағида бекітіліп, ономастика жұмыстары айтарлықтай күрделенді деуге болады.

— Жақсы, рақмет! Ендігі кезекте бір көшенің немесе бір елді мекеннің атауын өзгерту тәртібі мен критерийлеріне тоқталсақ. Осыны рет-ретімен түсіндіріп берсеңіз…

— Өте орынды сұрақ. Иә, бұлардың әрқайсысының өзінің жеке-жеке тәртібі мен ережелері бар. Мысалы, ауылдың көшесін өзгерту үшін алдымен жергілікті газеттерге хабарландыру беріледі. Сол хабарландыру шыққаннан кейін 30 күн өткен соң қоғамдық тыңдау өткізілуі керек. Осы қоғамдық тыңдаудың хаттамасы әзір-леніп, 7 жұмыс күннің ішінде қайта жариялануы қажет. Осы атқарылған жұмыстардың шешімі облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылады. Комиссия бұл құжаттарды қарап, негізгі критерийлермен сәйкестендіреді. Яғни, адам аты ұсынылған болса ол қандай тұлға, нендей еңбек сіңірді деген мәселелер зерттеледі. Сосын ономастикалық комиссияның тарапынан қолдау тапқан жағдайда соның оң қорытындысы мен хаттамасы сол ауылдың әкімшілігіне қайта жолданады. Міне, осыдан кейін ауыл әкімі ары қарай өзінің тиісті шешімін шығарады. Ал ауыл, елді мекендердің атауын өзгерту жұмысы да осы тәртіппен басталады. Бірақ, оны облыстық ономастика комиссиясында құпталған жағдайда соңғы шешімді шығару үшін облыстық мәслихат пен облыстық әкімдіктің сессиясына жіберіледі. Ал қала көшелерін өзгертуге келер болсақ, оның тәртібі басқа. Алдымен қаланың атқарушы органдары қоғамдық тыңдау өткізеді. Қоғамдық тыңдауда көпшілік қолдайтын болса, бірден республикалық ономастикалық комиссиясына жолданады. Ал аудандар мен қалалардың атауын ауыстыру бастамасы тек ел Президентінің Жарлығымен жүзеге асырылады.

— Көшелерге аты ұсыны-латын тұлғалардың тізімін үкімет бекіте ме әлде жергілікті ономастикалық комиссия таңдай ала ма?

— 2018 жылдан бастап адам атын беру мәселесінде республика бойынша бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізімін басшылыққа алып келеміз. Бұл тізім республикалық комиссияның шешімімен бекітіліп, екі жыл сайын бір жаңартылып, толықтырылып тұрады. Бастапқы кезде тізімде 150 тарихи тұлғаның есімі болған. Қазір бұл тізім 700-ге жақындап жүр. Мұнда бүкіл елге, жерге ортақ батырлар, би-шешендер, ақын-жазушылар, Кеңес Одағының батырлары және басқа да ұлы тұлғалар бар. Соңғы өзгеріс 2024 жылдың
24 қаңтарында енгізіліп, бекітілді. Негізі, «Тарихи тұлғалар» тізіміне лайық адамдарды біз де ұсына аламыз. Яғни, алдымен аудан және қалалардан кезінде елге, жерге еңбек еткен танымал тұлғалар туралы ақпарат жинаймыз да, оны іріктеп, сұрыптап, аталмыш тізімге енгізуге ұсынамыз.

Бақытбек Айтбайұлы, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Жалпы, ұлы тұлғалардың кейбіріне қаланың шеткі көшелері беріліп жатады. Мысалы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімі ритуалдық мекемелер орналасқан шағын көшеге қойылды. Мұндай шешімді кім және қалай шығарады?

— Бұл мәселе, біріншіден, әрбір қаланың тиісті атқарушы органдарының шешіміне байланысты. Сондықтан, мына мәселені қаланың әкімдігі мен мәслихаты шешіп отырады. Екіншіден, барлығы шеткі көшелерге кетіп жатыр деп айтуға болмайды. Негізі, бүкіл қазақ халқына ортақ тарихи тұлғалардың есімін мүмкіндігінше орталық көшелерге беру бағытында жұмыс жүргізілуде. Оған қаланың ортасындағы көшелерден орын алған Мәшһүр Жүсіп, Олжабай батыр, Ж.Аймауытов, С.Нұрмағанбетов, Малайсары және тағы басқаларын мысалға келтіруге болады.

Жанатбек Мұратұлы, Екібастұз қаласының тұрғыны:

— Екібастұз ауылдық аймағында Ақкөл-Жайылма деп аталатын өңір бар. Мысалы, бір ауылдың атауы Ақкөл деп аталса, сонымен қатар орналасқан екінші ауылға Жайылма атауын бере алмай келеді. Бұған не дейсіз?

— Қателеспесе, бұл – Зеленая роща ауылы болу керек. Иә, бұл сұрақ бір-екі жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ, шағын ауылдың тұрғындарының өзі бір мәмілеге келе алмай отыр. Тұрғындардың бір бөлігі құптаса, екінші бөлігі қарсы. Сондықтан, мәселе шешілмей тұр. Негізі, қазір ауыл, елді мекен атауларын өзгертуге қатысты мораторий бар. Бірақ, рұқсат етілген жағдайда ауыл тұрғындары бірауыздан шешім қабылдап, оны тиісті органдарға ұсына алады. Менің ойымша, оң шешімі табылады деп ойлаймын.

— Жалпы, облысқа қарасты аудан, қалалар мен елді мекендердің қанша пайызының атауы мемлекеттік тілде?

— Павлодар қаласында 334 көше бар. Соның бүгінде 102-сі (31%) қазақша, 232-сі (69%) өзге тілде аталады. Әңгіменің басында соңғы 10 жылда облыс көлемінде 772 көшенің атауы өзгертілді дедік ғой. Соның 34-і Павлодар қаласына тиесілі екен. Ал облыс бойынша көрсеткіш елуде-елу. Яғни, қақ жартысы қазақ тілінде болса, жартысында орыс тіліндегі атаулар тұр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Павлодар облысы бойынша қазақша атаулар көрсеткіші 17 пайыз болған.

— Алдағы уақытта тарихи атауларды қайтару бойынша қай аудандарда көп жұмыс жүргізілуі керек деп ойлайсыз?  

— Тәуелсіздік алғаннан бері 100-дей ауыл, елді мекеннің атауы өзгеріп, барлығына тарихқа негізделген атау қойылды. Облыс бойынша 115 ауылдық округ бар болса, соның 83-і мемлекеттік тілде. Ал 354 ауылдың 249-ы қазақ тіліндегі атауларға ие. Бүгінгі таңда Павлодар облысына қарасты барлық елді мекендердің 70 пайызы қазақ тілінде аталады. Қазақша пайызды көтеріп тұрған Май, Баянауыл, Аққулы аудандары мен Екібастұз ауылдық аймағы. Ал ең төменгі көрсеткіш Успен, Железин, Павлодар, Шарбақты аудандарында сақталып тұр. Мысалы, Успен ауданында 21 ауылдың тек 4-еуі, Железин ауданын-дағы 33 ауылдың 14-і  мемлекеттік тілде айтылады. Келесі кезекте осы аудандарда белсенді жұмыс жүргізілуі керек. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың да белсенді жұмыс істегені керек. Сонымен қатар, әр өңірде өлкетанушылар, тарихшылар және қоғам белсен-ділері бар ғой. Бірақ, өкінішке қарай аталған аудандарда осы мәселе өте сирек көтерілуде.

Бақыт Нұржанова, қала тұрғыны:

— Люксембург көшесіне Бөгенбай батыр есімі беріледі деп еді. Бұл қашан орындалады екен?

— Біраз уақыт бұрын Люксембург көшесі туралы көпшілік тыңдауы өткізіледі деген әңгіме болған. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты кейіндеп қалды. Енді жергілікті атқарушы органдар тиісті тәртіп бойынша жұмыстар атқаратын болса біз республикаға жолдауға дайынбыз. Негізі, оған дейін Бөгенбай батырдың аты Володарский көшесіне ұсынылып, оң шешімін тауып келе жатқан еді. Бірақ, кейін батыр есімін бұл көшеге лайық көрмеген кейбір адамдар оған қарсы шыққандықтан тоқтап қалды.

Нұржайна Шодыр, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Павлодар қаласының шетіндегі Дачный шағын ауданында көптеген көшелер орыс тілінде. Алдағы уақытта қолға алу жоспарда бар ма? Себебі, қазір ол аудандарға жаңа үйлер түсіп жатыр…

— Егер, жергілікті жауапты мекемелер мәселе көтеріп, оны жергілікті тұрғындар құптап жатса ономастика комиссиясы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылады.

— Ономастика комиссиясының құрамында қанша адам бар, оны кім бекітеді, олардың құзыретінде қандай мәселелер бар?

— Ономастикалық комиссия құрамы биылғы жылға дейін облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілетін еді. Кейін оған заңнамалық өзгеріс енгізіліп, облыс әкімінің қаулысымен бекітілетін болды. Комиссияның құрамында хатшысымен қосқанда 18 адам бар. Хатшы дауыс бере алмайды. Яғни, комиссия құрамындағы 17 адамның дауысы есептеледі. Заң бойынша облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары комиссия төрағасы болып саналады. Комиссия құрамында мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, ғалымдар, бұқаралық ақпарат өкілдері, өлкетанушылар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Тіл туралы заңның 25-1-бабында ономастика комиссияларының нақты құзыреті көрсетілген. Қысқаша айтқанда, олар қала және аудандардан келіп түскен ұсыныстарды қарап, қолдайтынын немесе қолдамайтынын білдіріп дауыс береді.

Жұлдыз Тілектесқызы, Ақтоғай ауданының тұрғыны:

— Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімін кезінде өзі тұрған бір ауылдың көшесіне ұсынғымыз келеді. Алдымен қайда бару керек?

— Қазір Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мұндай мәселелер көп көтеріліп жатыр. Бірақ, оның белгілі бір талаптары бар. Сол талапқа сәйкес болуы керек. Яғни, мемлекеттік деңгейдегі орден иегері болуы тиіс. Екінші мәселе, соғыс ардагерлерінің есімдері негізінен тек атауы жоқ көшелерге беру жұмыстары жүргізілуде. Ал атауы бар көшелерді қайта атау мәселесі әзірше тоқтатылып тұр. Мысалы, Павлодар қаласында «А өтпе жолы», «Б өтпе жолы» деген көшелер бар. Міне, осындай көшелерді соғыс ардагерлерінің есімімен қайта атауға болады. Егер, мына оқырман айтып отырған ауылда атауы жоқ көшелер болмаса онда ұсыныстары қабылданбауы мүмкін.

Қайрат Тұрар, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Павлодар қаласының атауын ауыстыру мәселесі арагідік көтерілгенімен іс алға жылжымай тұр. Бұған не кедергі болуда?

— Бірінші кедергі жергілікті тұрғындардың пікірінің бірдей болмауында. Қаланы қайта атауға байланысты жиырма шақты ұсыныс бар. Әрбір топ өз ұсыныстарын орынды, лайықты деп санайды да басқа ұсыныстарды тыңдағысы келмейді. Мысалы, бір ғана Кереку сөзіне қатысты қанша пікір бар. Сонымен қатар, Ертіс, Баянтау, Абылайкент, Тұзқала, Қимақ деген секілді сан түрлі атау ұсынылуда. Осыны ұсынған адамдар тек өзінікі ғана дұрыс деп санап, өзгенің пікірімен келіскісі келмейді. Міне, бізді кейін тартып тұрған осы жағдай. Сондықтан, ең алдымен зиялы қауым өкілдері өздері бір атауға бірауыздан келісіп алуы керек. Сонда ғана іс алға басады.

Бейбіт Бөжен, өлкетанушы:

— Павлодар ауданы атауын Маралды деп өзгерту туралы мәселе көтеріліп еді. Сол мәселенің шешімі қалай болды?

— Сұрағыңызға рақмет! Қазіргі таңда елді мекен атауын өзгертуге уақытша мораторий жарияланған. Алдағы уақытта елді мекнедерді қайта атау жұмысына шектеу алынған жағдайда сол ауданның өкілдері және атқарушы органдары жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып тиісті жұмыстарды жалғастыруы қажет. Егер заңнамалық актілерде көрсетілген талап-тарға сәйкес барлық құжаттар ұсынылған жағдайда бұл мәселеге қатысты жұмыстар ары қарай жалғасын табатын болады.

— Рақмет. Дәл қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылуда?

— Дәл қазіргі таңда бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде. Оның бірі жоғарыда атап өткендей, атауы жоқ және қайталанатын атауы бар көшелерге ҰОС ардагерлерінің есімдерін беру. Бұған қоса, Молодежная көшесін Сержан Қанапиянов есімімен, Молодогвардейцев көшесін Рамазан Тоқтаров есімімен қайта атау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Одан бөлек, Ақсу қаласының атауы жоқ көшелеріне Жібек жолы, Шаңырақ, Береке, Талапкер, Бейбітшілік, Жастар тәрізді дәстүрлі атауларды беруге қатысты облыс әкімдігі мен мәслихатының бірлескен қаулысы мен жобасы әзірленуде.

— Уақыт бөліп, біздің және оқырмандар сұрағына нақты жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!

«Тікелей желіні» жүргізген – Тілеуберді САХАБА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.