«Тaza Qazaqstan» экологиялық акциясын жоғары деңгейде іске асыру үшін павлодарлық жастар да жұдырықтай жұмыла әрекет етуде. Кеше осы мақсатта Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанынан құрылған топ тазалық жұмыстарына атсалысты.

 

«Тaza Qazaqstan» республикалық акцияcы аясында Павлодар қаласының еріктілері шаһардың бірнеше аймағын қоқыстан тазартты. «Birgemiz» аймақтық еріктілер фронт-офисінің басшысы Айжан Қалидің айтуынша, басты мақсат – жастардың экологиялық білімін арттыру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу.

— Мұндай жұмыстарды алдағы уақытта әр апта сайын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Аталған игі іске еріктілеріміз белсенді қатысуда. Олар Ертіс өзенінің бойындағы және  бірнеше тұрғын үйдің маңындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді. Әрбіріміз ауламызды таза ұстап, қоршаған ортаның тазалығына немқұрайды қарамасақ, ізімізді басып келе жатқан жас буынға да үлгі-өнеге көрсетуіміз керек, — дейді ол.

Тазалық шарасына келгендердің бірі — белсенді жас Арман Ысқақов. Ол оқу орнындағы құрдастарымен бірге апта сайын тазалық акция-ларына қатысатынын айтады.

— Бұл — игі бастама. Осындай игілікті істерге атсалысып жүрге-німізге қуаныштымыз. Қаланың тазалығы — баршамызға ортақ міндет. Сондықтан қала жастарын осыған ұқсас экологиялық акция-ларға, сенбіліктерге қатысуға шақырамын. Аталған жобаны тұрақты түрде жүргізе беретін болсақ, қаламыз гүлденіп, жасыл қалаға айналуына мүмкіндігі бар, — дейді ерікті.

Акцияға қатысушылар тарихи-мәдени кешенді таза және жайлы ұстаудың барлық демалушылар үшін маңыздылығын атап өтіп, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны таза ұстауға бағыттады.

Айта кетейік, мұндай шаралар Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында, Ақсу қаласында және Успен, Тереңкөл аудандарында ұйымдастырылса, «Достық үйінде» экологиялық мәдениетті дәріптеуге арналған «Greenpvl» атты экоклуб-
тың таныстырылымы өтті.

Айдана БОРАНБАЕВА.