Павлодар мұнай-химия зауыты — отандық мұнай саласының негізгі драйверлерінің бірі. Мұнда қара алтыннан алынған өнімнің түр-түрі дайындалады. Еңбек адамдарының тынымсыз ісі, жұмысқа деген адалдығы мен өндірісті ілгерілету жолындағы тың жобаларының арқасында аталмыш салада оң өзгерістер байқалады. Мұндай жоғары көрсеткіштерге жетуде Мұсралиндер әулетінің үлесі зор.

Әулеттің тірегі Сүйіндік Мұсралин – Қашыр ауданы (қазіргі Тереңкөл ауданы) Воскресенка ауылының тумасы. 1982 жылы Березовка орта мектебін, 1986 жылы Красноармейка ауылшаруашылық техникумын тәмамдап, техник-механик мамандығын меңгеріп шықты. 1989 жылдан бері Павлодар мұнай-химия зауытында табан аудармастан еңбек етіп келеді.

Сүйіндік Тілектесұлы кәсіпорындағы еңбек жолын мұнайды терең өңдеу өндірісінің компрессорлық қондырғылар машинисі болып бастады. Сол уақыттан бері өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқарып қана қоймай, компрессорлық қондырғылар жұмысына қатысты бірқатар тың ұсыныс жасады. Айталық, 2003 жылы Сүйіндік Тілектесұлының тікелей бастамасымен компрессорлардың майұстағышты тығыздағыштан газды бұру жүйесі жаңғыртылды. Бұл өз кезегінде құрамында сутегі бар газды атмосфераға шығару көлемін төмендетуге әкелді. Араға екі жыл салып сутекті және ауа компрессорлық станциясының жылыту жүйесі конфигурациясын өзгерту бойынша жұмысты үйлестірді. Ол жылу шығынын азайтуға айтарлықтай әсер етті. Сол сияқты 2015 жылы жасаған жобасы – компрессорлардың дөңбек тығыздағыштарының ағызғыштарындағы газ-май кеспегін жаңғыртуға қатысты бастамасы да нәтижелі болып, атмосфераға шығарылатын майлы газдың көлемін қысқартты.

Сүйіндік Мұсралиннің осы және өзге де еңбегі еленіп, есімі Құрмет тақтасына жазылды. Павлодар мұнай-химия зауытының мерейтойлық медальдары, басқа да түрлі марапат табыс-талды.

Бүгінде әкенің табысты жолын екі ұлы да сәтті жалғап келеді. Тұңғышы – Ернар Тілектесов те дәл осы зауытта 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде операциялық аға үйлестіруші лауазымында қызмет атқаруда.

— Үлкен ұлым 10-сыныпта оқып жүрген кезінде болашақ мамандығын таңдап, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты бастауы керек еді. Сол кезде балама «Мамандығың – болашағың. Сондықтан оны таңдар алдында жақсылап ойланып, ақылға салып, жүрегіңді тыңдап, барлығын таразылап ал» деген ақылымды ғана айттым. Балам химияны таңдап, тестілеуден сәтті өтіп, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Өзі қалаған мамандығын меңгеріп, бүгінде 10 жыл бойы өзіммен әріптес болып еңбек етуде. Баламның жұмыс орнындағы жетістіктерін көріп, алдымен әкесі, кейін аға буын әріптесі ретінде қуанамын, — дейді Сүйіндік Тілектесұлы.

Екінші ұлы Ерғанат та әкесінің жолын қууды құп көрді. Сөйтіп, 2021 жылдан бері Павлодар мұнай-химия зауытында әкесімен, ағасымен иық тірестіріп қызмет етеді. Мұнай тереңдетіп өңдеумен айналысады. Атап айтқанда, технологиялық қондырғылардың төртінші разрядтағы операторы болып жұмыс істейді.

— Мен балаларыма «Міндетті түрде зауытта еңбек етесіңдер» деген талап қойған емеспін. Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Өз таңдаулары – өз еркінде. Бүгінгі жас ұрпақ та еңбек адамы қызметінің, оның жұмысының маңыздылығын жіті түсінеді. Әсіресе, мұнай саласы қызметкерлеріне артылған сенімді жіті ұғынады. Еліміздің басты байлығына баланатын қара алтынды өңдеу, одан түрлі өнім алу – жауапты іс. Осы салада тер төгіп жүрген әр адамның еңбегі еселі деп білемін. Бұл ретте Павлодар мұнай-химия зауытында технологиялар жаңарып, қондырғылар жаңғыртылып,  тың жобалар енгізіліп жатқанын атап өткен жөн. Біздің күнделікті жұмысымыз саланың, тұтас экономиканың ілгерілеуіне оң ықпал етсе, сол игі, — дейді С.Мұсралин.

Сүйіндік Тілектесұлының екі ұлы да әкенің көрсеткен үлгі-өнегесімен өндіріс орнының қоғамдық өміріне белсене қатысады. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды ұсынып, оларды жүзеге асырумен де ерекшеленеді. Осындай әулеттің еңбек жолы жоғары бағаға лайық екені сөзсіз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.