Құқықтық сауаттылық қоғамда артып келеді. Кез келген салада азаматтар заңды құқығын қорғап, есесін жібермеуге тырысуда. Мұндай қарқын тұтынушылар құқығын қорғау бағытында да байқалады. Осы салада он жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Индира Ахметжанова да айтып отыр.
Облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы, заңгер Индира Меңдібайқызының мәлімдеуінше, бұрнағы жылдары тұтынушылардан бұрнағы жылдары айына 30-35 өтініш түссе, бүгінде бір айда 100-160-қа дейін шағым қабылданады.
Құзырлы орган сауда бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміндегі 31 түрлі тауардың үстемесі 15 пайзыдан аспауын қадағалайды.
– Биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің түрі 31-ке жетті. Былтыр 19 түрі бойынша бақылау жүргізіп келдік. Департаментке шағым, өтініш түссе, тексеріс жүргізіледі. Ол үшін, әлбетте, шағымданушы тараптан дәлелді құжаттар талап етіледі. Яғни, сурет, бейнежазба болуы тиіс. Әйтпесе, прокуратура тексеріс ашуға рұқсат етпейді. Тексеріс кезінде өнімді сатып алынған бағадан сатқандағы баға арасындағы айырмашылықты қараймыз. Бұл үстеме 15 пайыздан аспауы керек. Ал асырған жағдайда кәсіп иесіне хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Одан бөлек, сөрелерде тауардың бағасы көрсетілмеген болса, ол да бұзушылық саналады. Дәлелденсе, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Кәсіп иесі кемшілікпен келіссе, жеңілдікпен 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, – дейді Индира Ахметжанова.
Тұтынушылардың құқығын қорғау бағытына келсек, бұл жұмыстар үш деңгеймен жүзеге асады. Алдымен, азаматтар құқығына қатысты сатушыға, қызмет көрсетуші ұйымға шағым түсіреді. Заң бойынша кәсіп иесі азаматтардың өтінішіне 10 күн ішінде жауап береді. Тұтынушы бұл мерзімде алмаса немесе уақытылы берілген жауаппен келіспейтін жағдайда департамент көмегіне жүгіне алады.
– Тұтынушылар құқығын қорғаудың екінші деңгейінде өздігінен сатушымен бір мәмілеге келе алмаған азаматтар біздің көмегімізге жүгінеді. Егер тұтынушы сатушыға өтініш жібергенін, оны кәсіп иесі алғанын растаса, тексеріс ашамыз. Бұл ретте, міндетті түрде чек немесе келісімшарт болуы қажет. 2025 жылға дейін тұтынушы құқығына қатысты бұзушылық анықталса, кәсіп иесіне ескерту ғана жасалып келді. Былтыр 13 наурыздан бастап, бұзушылық расталса, айыппұл салынады, – дейді заңгер.
Егер департаменттің айыппұлы да, жасаған нұсқауынан да мәселе шешілмесе, яғни, сатушы тұтынушының талабын заңға сай қанағаттандырудан бас тартса, үшінші деңгей сот арқылы құқықты қорғау мүмкіндігі бар. Сотта департамент өкілдері үшінші тарап ретінде бұған дейін жасалған қадамдарды айтып, сотта тұтынушының мүддесін қорғайды.
Соңғы уақытта өтініштердің де, нәтижелі аяқталған істердің де артуы қоғамда тұтынушылар құқығын қорғау деңгейінің әжеп-тәуір алға басқанын көрсетсе керек. Департаментке өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан 2040 өтініш түскен. Яғни, олардың саны 26 пайызға өскен. Биыл қаңтарда 188 шағым түскен. Былтырғы баламалы кезеңмен салыстырғанда 6,2 пайызға жоғары. Құзырлы орган мұндай өсімді жүйелі түсіндіру, насихаттау жұмыстарының нәтижесі деп біледі. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтық сауаттылығының артуымен байланыстырылуда. Бұзушылықтардың басым бөлігі бөлшек саудада, тұрмыстық қызметтер, электронды сауда салаларында тіркелген.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
