Ескісі елге қызмет ете береді

Мау 19, 2025

Естеріңізде болар, былтыр Ақсу қаласына қарасты Көктас елді мекенінің азаматтары өзеннің арғы бетінен шап шабуға жете алмай отырғандарын айтып, шағымданған еді. Өйткені, бұған дейін қызмет еткен аспалы көпірдің бір бөлігі суға кетіп, қатынас үзіліп қалған еді.

Тұрғындар мән-жайды әлеуметтік желі арқылы таратып, көмек сұрады. Құзырлы органдар іске кірісіп, металлургтер қаласының ірі кәсіпорындарының көмегімен ескі көпірді алып шығып, жан-жақты тексерді. Әлі де кәдеге жарайды деп танып, дәнекерлеп, байланыстыратын тұстарын ретке келтірді. Содан кейін бүлінген бөлігін жөндеп, қайтадан қолданысқа берді. Былтыр шөп шабу науқанында тұрғындар өзеннің арғы бетінен малдың азығын алаңсыз алды.

Өткен жылы биліктегілер биыл ескі көпірдің «тағдыры» белгілі болатынын айтқан еді. Алғашында жаңа көпірге жобалық-сметалық құжаттамаға 4,5 млн теңге бөлінетіні айтылды. Құжат сараптамадан өтсе, облыс қазынасынан қаржы сұралады деп мәлімделді. Алайда, жаңа көпір салынбайтын болған. Орнына көпірге ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттама жасалған. Қазынадан 40 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда мердігер компания Көктас көпірін жөндеуді бастап кеткен. Бұл жұмыстарды «Строй-эталон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Көктас ауылы құрамына кіретін Қанаш Қамзин ауылдық округінің әкімі Амангелді Рүстемовтің айтуынша, жоспар бойынша көпір биылғы шөп шабу науқаны басталғанға дейін орнына қойылады.

— Көпірдің жалпы ұзындығы — 63 метр. Көпір толығымен судан шығарылды. Қазіргі таңда мердігер көпірді 34 бөлікке бөліп, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұрын өз күшімізбен 1-2 млн теңге шамасындағы қаржыға реттеп жүрдік. Биылғы ағымдық жөндеу көпірді толық жөндейді. Дәнекерлегеннен кейін ауа жіберіп, ол тұстарға ішіне судың кірмеуін тексереді. Көпірдің астын суды қабылдамайтын арнайы бояумен сырлайды. Сондықтан, әлі біраз жыл тұрғындар игілігіне қызмет етеді деген үміттеміз, — дейді Амангелді Жексенбайұлы.

Жалпы, бұл Көктас көпірі арқылы өзеннің арғы жағынан тек аталмыш елді мекеннің тұрғындары ғана шөп шаппайды. 1,5-2 мың гектарлық шөбі шүйгін шабындықта Қанаш Қамзин ауылдық округіне қарасты Айнакөл, Қарабай елді мекендерінің, Ақсу қаласына қарайтын Спутник, Пограничник ауылдарының да азаматтарында жер телімдері бар көрінеді. Бұл ауылдар үшін шөптің нағыз көзі — дәл осы өзеннің арғы бетіндегі алқап. Себебі, қыр жерлерде шөптің шығымдылығы ойдағыдай болмайды екен.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.