Жолдың сапасы қашан да көпшілікті алаңдатады. Діттеген жеріне жету үшін жолдың тақтайдай болғанын кім-кім де қалап тұрады. Экономика үшін, нақтысы, логистикаға да асфальттің тегіс болғаны қажет. Оған қоса, төселген тас жолдың неғұрлым ұзақ қызмет еткені керек-ақ. Себебі, қысқа мерзімде бүлініп, қайта салуды қажет етсе, қазынаның қаржысы желге ұшты дей беріңіз. Әлемде жол сапасын арттыру бағытында түрлі технология қолданылады. Әр өңірдің климатына қарай тиімдісі таңдалады. Ғалымдар жаңа технологияларды ойлап тауып, өндіріске енгізуге талпынып жатыр. Мәселен, жуырда жаңа жол жабындысы ретінде ескі асфальтбетонды қайта өңдеу жобасы ұсынылды. Мамандар бұл экологиялық тұрғыдан тиімді бастама әрі құрылыс қалдықтары көлемін азайтуға септігін тигізеді деп алға тартуда. Мұндай жаңашылдық жол сапасына қалай әсер етеді? Ескі асфальтті пайдаланудан не ұтамыз? Осы және өзге де сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көрдік.
Рустам МАЗГУТОВ, облыстық мәслихат депутаты:
– Жол құрылысы саласында 40 жылға жуық жұмыс істеймін. Енді бұл ұсынысқа келетін болсақ, өзіңіз ойлап көріңізші, ескіріп, ыдырап тұрған жейдеңізді жақсы бір шебер бояп, өңін кіргізіп, сіз кидіңіз делік. Бұл жейде қаншаға сізге қызмет етіп береді деп ойлайсыз? Немесе көп қабатты тұрғын үйдің іргетасы сөгілсе, оны сыртынан сылап, сырлап қойғаннан берік болып кетпейді ғой. Сол сияқты ескі асфальтті қайта қолданудан жолдың сапасына айтарлықтай өзгеріс келе қоймас.
Дегенмен, бұл технологияны асфальтті «жасарту» мақсатында қолдануға болатын шығар. Яғни, барлық талаптарға сай салынған жолдың орташа жөндеу мерзімі аяқталған соң ғалымдар ұсынып отырған «жасарту» тәсілін жасауға болады. Нәтижесінде асфальт тағы кемінде 5 жыл қызмет етеді. Оған дейін, ең алдымен, жолды салуда барлық технологияларды сақтап, тиісті есеп-қисабын жүргізу керек. Яғни, жолға түсетін жүктеме, стандарттар ескерілуі тиіс. Әйтпесе, ескі асфальтті қолданып, тас жолды «жасартудан» жол сапасы артып, жақсарып кетеді деп ойлау қисынсыз.
Татьяна КУЗЬМИНА, жол саласының ардагері:
– Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір, Павлодар қаласында жол жөндегенде Семейден арнайы машина әкелінді. Жолдың қатты бүлінген тұстарын жөндеген еді. Сол машинаға компоненттерді құйып, ескі асфальтті салып, үгітіп, езіп, қолданды. Әрине, іске асыру жағы өте жылдам болды. Бір машина бәрін реттеп отырды. Бірақ, қымбатқа соқты. Себебі, асфальтті қайта жандандыратын құрамдас бөліктері шетелден жеткізіледі деп айтылды. Бір жаз бойы ғана қолданылып, кейін бұл тәсіл ары қарай жалғаспады.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты ұсынып отырған тәсілдің толық технологиясын білмеген соң оның тиімді немесе қисынсыз екенін айту қиын. Мәселен, ескі асфальтті қырып алып, оны белгілі бір зауытқа апарып, өңдеп, қайтадан жаратуды көздесе, онда тасымалдау есебінен құны қымбатқа түседі. Жол құрылысы саласында 41 жыл еңбек еттім. Жалпы, жол құрылысындағы шығынның айтарлықтай бір бөлігін дәл осы тасымалдау жұмыстары алады. Ал ғалымдар аталған тәсілді жол үстінде бірден жасауды ұсынса, онда арнайы жабдық сатып алу қажет болады. Құрамдас бөліктерін алу керек. Оның көбі шетелден жеткізіледі. Осының бәрін ескерсек, қазіргі технологиялардан құны жағынан асып түсуі ықтимал. Жол саласында ғылыми тұрғыдан әлдеқашан бекітілген сметалық есептеулерді қайта түзу, бағаларын да өзгерту талап етіледі. Негізі, жол жөндеудің бүгінге дейін түрлі технологиясы қолданылды. Бірақ, түптеп келгенде, бұрынғы әдістерге басымдық беріледі. Себебі, тың технологиялардың құны айтарлықтай қымбатқа түседі. Ал егер жаңадан ойлап тапқан технология ұтымды болса, құны қалтаны қақпаса, әлбетте, қолданылғаны жөн.
Жанұзақ НӘБИ, көлік жүргізушісі:
– Шыны керек, қазіргі кезде төселген асфальттің көп ұзамай бүлініп, біз сияқты жүргізушілерге жайсыздық тудыратын жағдайлар аз емес. Қолданыстағы технологиялардың жылдар бойы тәжірибеден өтіп, енгізілгені анық. Десе де, технология толық сақталмай ма, әйтеуір, жаңа салынған жолдың біршама уақыттан соң шұрық-тесік, қиқы-шойқы болып кеткенін көріп, «қайран қыруар қаржымыз» деп қынжыламыз. Әсіресе, қыс бойы қар астында жатқан асфальттің көктемде айтарлықтай бүлініп кететінін көпшілік көріп жүр. Мұндай жайттардың көптігі соншалық, ел арасында «қармен бірге асфальт та еріп кетті» деген пікір жиі айтылатын болды. Енді ескі асфальтті қайта кәдеге жарату қазіргі жол сапасын одан әрі нашарлатып жібере ме деп алаңдаймын. Жалпы, кез келген ескі зат жаңасындай болмайды ғой. Сондықтан қолданыста болған асфальтті қайта өңдеу арқылы алынған өнім берік жол жабындысы болатынына күмән бар. Экологиялық тұрғыдан, экономикалық жағынан тиімділігін ғалымдар айтып отыр екен. Егер жоба іске асса, тиімділігін уақыт көрсетер.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
