Өткен жылдың 4 қаңтарында Баянауыл ауданындағы «Майқайыңалтын» кәсіп- орны аумағында шахта топырағы опырылып түсіп, төрт құтқарушы бақилық болған еді. Жақында қызмет жолында жанын қиған ерлерге арналған ескерткіш ашылды.
2024 жылдың қаңтарында Майқайың кентінде барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға орын алған еді. Кеніш аумағында жарылыс болуы мүмкін екені туралы хабар түсіп, оқиға орнына шыққан кәсіби құтқарушылар отырған автобус шұңқырға құлап кетті. Екі құтқарушы — Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денесі көп ұзамай табылып, жер бетіне шығарылды. Ал тағы бір құтқарушы Айдос Шаймерден мен автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің денесі арада жарты жылдан астам уақыт өткен соң ғана табылды. Өзгенің өмірін құтқару жолында бақилық болған батырлардың өмір жолы мен қызметі ұмытылмақ емес.
Бұл ретте таяуда Майқайың кентінде арнайы ескерткіш бой көтерді. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты.
— Бұл маңызды шара ерлік пен жанқиярлықтың символына айналған құтқарушылардың есімін мәңгі есте қалдыруға бағытталды. Ескерткіш болашақ ұрпаққа батырлықтың, адалдықтың, елге қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде қалды. Ерлікпен қаза тапқан Айып Тілеубергенов, Айдос Шаймерденов, Олег Тышкевич және Сарқыт Берліқанның есімі мәңгі жадымызда. Бұл — тек бір отбасының емес, тұтас елдің қабырғасын қайыстырған қаза. Батырлардың мезгілсіз қазасы – отбасы үшін орны толмас қасірет, ал күллі қазақ елі үшін ауыр қайғы. Біз олардың жарқын бейнесін ешқашан ұмытпаймыз, — деді С.Батырғожинов.
Марқұм құтқарушы Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден қаза тапқан атпал азаматтардың рухына көрсетілген құрмет үшін көпшілікке ризашылығын жеткізді. Ал жиналған қауым мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Айта кетейік, мемориалдық кешен демеу-шілер қаржысы есебінен салынды.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.