немесе «QR код» дәуірі
Бүгінгі күні белгілі бір ескерткіштің тарихын білгіңіз келсе, кітапханаға барып немесе архив ақтарып әуре болмайсыз. Тәмсіл тарихты ескерткіштің өзі-ақ «айтып береді». Қалай дейсіз ғой?! Мәселен, ескерткішке қойылған «QR-код» арқылы сол тарихи жәдігердің өмірі мен өнегесінен толық мәліметтер алуға болады. Алайда, кейбір еңселі ескерткіштердің есірткіні жарнамалағаны қиын болды.
Оқырман қауымға түсінікті болу үшін «QR-код» дегеннің не нәрсе екенін айта кетелік. «Quick Response – Шұғыл жауап» деген мағынаны білдіреді. Бұл — мобильді телефонның камерасы арқылы ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік беретін екі өлшемді штрих-код.
Ескерткіштің жанына барған кез келген азамат қолындағы ұялы телефонындағы «Play market» бағдарламасы арқылы «QR-сканер» қызметін жүктеп алып, ескерткіш жанындағы штрих-кодты сканерлеп алады да, сол ескерткіш жайында барлық мәліметті сол мезетте оқи алады. Бұл тарихын танығысы келген жас ұрпаққа да, туристер үшін де қолайлы екені даусыз. Алайда, ескерткішке тағылған «QR-код» — нашақорлар үшін «пиар-ход» болмауы тиіс. Түсінбесеңіз, тарқата кетейік…
Жуырда қазақстандық журналист Кирилл Павлов Бурабайдағы Абылай ханның жайлауындағы тақтайшаға орнатылған «QR кодты» сақтасаңыз, есірткі сатылатын интернет дүкені ашылатынын айтып, ашынған еді. Сондай-ақ, павлодарлық жұртшылық та облыс орталығындағы Қанаш Қамзиннің ескерткішіне қойылған «QR кодтан» өтіп, дәл сондай интернет-дүкеніне тап болды. Белгілі болғандай, Павлодардағы Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің де ескерткіштеріндегі код та интернет арқылы есірткі сатушылармен байланыстыратын болып шықты.
«WHO.IS» халықаралық интернет қауіпсіздігінің қызметі көрсеткендей, интернет ресурстарына сілтеме жасайтын «qrgid.info» домендік атауын ағымдағы жылдың 25 мамырында белгісіз біреулер сатып алған. Сол себепті қаладағы Қанаш Қамзин ескерткіші 2024 жылдың 25 мамырына дейін есірткі сататын дүкенді жарнамалап тұрған. Сондай-ақ, Павлодарда осындай анықтама беретін басқа да ескерткіштер цифрланған. «Ratel.kz» тілшісіне берген сұхбатында Дмитрий есімді IT-маманы домендік атаулардың жалға беру мерзімі біткен кезде оның жаңа иесі кез келген тауарды жарнамалай алатынын айтады.
– Тіркелушілер, сирек жағдайларды қоспағанда, домендерді мәңгілікке сатпайды, бұл өте қымбат. Хостер оның қанша тұратынын және кәсіпорынның қызмет ету мерзімін анықтай алмайтындықтан, әдетте, тұтынушылардың өтініші бойынша домен бір жылға, үш, бес жылға жалға беріледі. Бұл сіздің болашаққа деген үмітіңіз бен ақшаңыздың қаншалықты көп екеніне байланысты. Ақпараттық аймақтардағы доменнің құны жылына 4250 теңгені құрайды. Сондықтан мәдениет басқармасы немесе облыстағы ескерткіштерге жауап беретін мемлекеттік мекемелер жалға беру мерзімін уақытында ұзартуы қажет, — дейді IT маманы.
Аталған дерек облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының тікелей бақылауына алынды. Құқық қорғау органдары тарапынан шұғыл шаралар ұйымдастырылып, облыс көлемінде есірткіге қарсы күрес жұмыстары жүргізілуде. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні «QR коды» — интернет дүкенін жарнамалаған ескерткіштердің штрих-кодтары ауыстырылды.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.