Облыста Бейбіт Хадисұлы деген етікшіні танымайтын адам жоқ десек, қателеспейміз. Аққулы ауданының тұрғыны етік тігу ісін халықтың жағдайын ойлағандықтан қолға алған. 20 жылдан астам уақыт осы істі кәсіп еткен ол бұл саланың қиындықтарын жақсы біледі. Жуырда танымал етікшімен тілдесудің сәті түсіп, ерекше кәсіп жөнінде әңгімелескен болатынбыз.
— Бейбіт Хадисұлы, осыдан он жыл бұрын Аққулы ауданында алғашқылардың бірі болып етік тігу ісін бастаған едіңіз. Қазір кәсібіңіздің аяқ алысы қалай?
— Әу баста ауылда аяқ киім жөндеумен айналыстым. Елді мекендегі тұрғындар тарапынан сұраныс өте жоғары болды. 2014 жылы аяқ киімді жөндеп қана қоймай, оны тігуді де қолға алуды жөн көрдім. Мақсатқа жету үшін сол кездегі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, мемлекеттен 3 млн теңге қаржыға ие болдым. Шағын шеберхана жалдадым. Балаларға, әйелдерге және ерлерге арналған жазғы, күзгі, қысқы аяқ киімнің 20-дан астам түрін тіктім. Қысқы мезгілде тапсырыс көп болатын. Арнайы тапсырыстарды да қабылдадым. Кәсіпті жүргізуге отбасым да көмектесті. Жаныма тағы бір көмекші алдым. Аяқ киімдер сол кезде 10-15 мың теңгеден бастап саудаланды. Айына кем дегенде 20-30 жұп етік тігетін едік. Бір айда кем дегенде 400-500 мың теңге табыс түсетін. Сол уақытта аудан әкімі де менің етігімді сатып алған болатын. Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болдым. Қазіргі «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атынан қаржылай сертификат пен сыйлықтар да табысталды. Мұның бәрі адал еңбегімнің жемісі деп білемін. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл кәсіппен айналыспаймын.
— Табысты істен қол үзуіңізге не себеп?
— Етік тігу ісімен денсаулығыма байланысты айналыса алмай қалдым. Бұл — қиын әрі көп еңбекті талап ететін кәсіп. Етік тігу – ерінбегеннің ісі. Шикізатты үздіксіз қолданудан қолымда, денемде бөртпе пайда болды. Етіктің үлгісін жасау, тігу, кесу, өлшеу жұмыстары кезінде көп шикізат пайдаланылады. Сол дүниелер денсаулығыма жақпады. Жасым 60-қа жақындағаннан кейін етік тігу ісімен айналыса алмай қалдым. Бірақ қол үзіп кеттім деп айта алмаймын. Туған-туысқандарымның өтінішін орындап, соларға етік тігіп беремін.
Жалпы, етікші — қоғамға керек кәсіп. Егер осы істі меңгеруді қалайтын жастар болса, білгенімді үйрететін едім. Менің тауарымды тұтынғандар әлі күнге дейін алғыстарын жаудырып жатады. Етіктің сапасына ризашылықтарын білдіреді. Қолдан шыққан дүние қайткенмен берік болады ғой. Мен тіккен етіктеріме 3 жыл кепілдік беретін едім. Өйткені өзім тіккеннен кейін тауар сапасына сенімді болдым.
— Жалпы, кезінде етік тігу кәсібін қолға алуға не түрткі болды?
— 1992 жылы Моңғолия елінен Қазақстанға көшіп келдім. 1993-1994 жылдары совхоз тарап, 1994-1995 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кеткен еді. Сол уақытта ескі аяқ киімдерді жөндеу ісімен айналыстым. Халықтың жыртылған аяқ киімін тігіп, киюге жарамды етіп жүрдім. Бұл кәсіпке бет бұруым жоқшылық кезеңнен басталған болатын. 2000-жылдардың басында Қытай елінен шығарылған аяқ киімдер көбейіп кетті. Мұндай аяқ киімдердің басым көпшілігі жөндеуге келмейтін. Сапасы өте нашар еді. Сөйтіп, «Аяқ киімді неге өзіміз тікпейміз?» деген ой келді. Қытайда шығарылған аяқ киімнің біреуін жыртып, қалай жасалғанына үңіліп, етіктің үлгісін жасадым. Оны шүберектен тігіп көрдім. Қолымнан келді. Содан кейін етік тігумен айналыстым. Бұл кәсіпті меңгерген адам емеспін. Қажеттіліктен кейін ғана қолға алдым.
— Аяқ киімнің сапалы екенін қалай білуге болады?
— Аяқ киімнің сапасы жақсы болуы үшін шикізат сапалы болуы керек. Бірақ Қазақстанда өндірістің бұл түріне керек заттар аз әрі сапасы сын көтермейді. Сол себепті бұл кәсіппен айналысқанда Қытайға барып, мемлекеттен алған қаржыға тігін машинасы мен қажетті жабдықтарды сатып алдым. Ал Ресей Федерациясының Омбы қаласынан қажетті шикізат әкелдім. Өзім барып, таңдап алғаннан кейін сапалы тауар дайындалды.
— Елімізде етік тігу кәсібін өркендетуге бола ма?
— Қазақстанда былғары өңдейтін зауыттар бар. Бірақ біз олардан шикізатты аз көлемде сатып ала алмаймыз. Мұндай зауыттар тауарды көп көлемде ғана саудаға шығарады. Етікке қажетті замок, шегені Қытайдан алатынмын. Ал былғары мен аяқ киім табанын Ресейден әкелетінмін. Тауарды шекарадан өткізу кезінде көп әуре-сарсаңға түсетін едім. Шетелде өндірілетін шикізаттарды елімізден сатып алсақ, сатушылар бағасын екі-үш есе қосып өткізетін еді. Сөйтіп, шикізатқа жұмсалған баға етік құнынан асып түсетін. Бір етікті 30-40 мың теңгеге сатсаңыз, ешкім алғысы келмейді. Сондықтан шикізат үшін шетелге арнайы баратын едім. Ал Моңғолияда бұл өнімдер арзан. Бұл елде былғары көп өндіріледі. Ортада тура жол болмағаннан кейін Моңғолияға Ресей арқылы бару керек екенін білесіз. Сондықтан жолда тауар өткізілмейді.
Өкінішке қарай, біздің елімізде малдың терісін өңдеу ісі дамымаған. Жоғарыда атап өткенімдей, елімізде Қостанай, Тараз және Екібастұз қалаларындағы зауыттарда мал терісі өңделеді. Мен кәсіппен айналысып жүргенде Екібастұзға барған едім. Бірақ иленген, боялмаған теріні қолдана алмадым. Өйткені оны бояу қажет болды. Оның үстіне зауыт маған теріні аз көлемде бере алмады. Өйткені олар шетелге импортқа шығарумен айналысты. Міне, осындай келеңсіздіктер заң аясында реттеуді қажет етеді.
Егер етік тігу кәсібі дамыса, отандық экономика да дамиды. Мысалы, қазір ірі қараның терісін ешкім қабылдамайды. Ресейден былғары алған кезде сиырдың жарты терісін 25 мың теңгеге алып жүрдім. Сонда бір ірі қараның толық терісі 100 мың теңгеге шығады. Ал біздің елде құны жоқ. Теріні лақтырып жатырмыз. Бір сиырдың терісінен жалпы құны 700-800 мың теңгеге етік тігуге болады. Демек, біз әрқайсысынан осындай сома қағылып отырмыз. Егер өз малымыздың терісі өңделіп, аз көлемде сатылымға берілсе, отандық өнім шығарып, ұлттық бренд қалыптастыруға болады ғой. Осы мәселені назарға алу керек деп ойлаймын.
— Бұл кәсіпті ұрпағыңызға үйреткіңіз келе ме?
— Әрине. Қазір немерелерім мектепте оқиды. Аман-сау жүрсем, ұрпағым да етік тігу ісін меңгерсе екен деймін. Бәрі – уақыт еншісінде.
— Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Аққулы ауданы.