Ертіс ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Биыл 9 кәсіпкерлік нысаны ашылған. Бұл ретте дәмхана, автожуу орны, сұлулық салоны және сауда нүктелері іске қосылды. Кеше аудан орталығында жалпы аумағы 1,8 мың шаршы метрді құрайтын заманауи супермаркет ашылды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов мәлім етті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 9,2 млрд теңгені құрады. Аудандағы 1042 кәсіпкерлік нысанында жалпы саны 2447 адам еңбек етуде.
Биыл астықты өлке Ертіс ауданында дәнді дақылдардың өнімді-лігі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Орташа шығым гектарына 15 центнерді құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 11,8 центнер көлемінде болған еді. Ал «Нұрас», «Замандас», «Смағұл» шаруа қожалықтары гектарына 38–40 центнерге дейін өнім жинап, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Нығман Мүтәлапұлының айтуынша, биыл егіс алқабының жалпы көлемі 325 мың гектардан асқан. Оның ішінде майлы дақылдардың алқабы 78 мың гектарға жеткен.
Биылғы 10 айдың ішінде ауданда 43 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Аудан орталығында тағы екі наубайхана пайдалануға беріліп, аудан халқының нанға деген сұранысын толықтай қамтамасыз етуде. «Уразбаев» шаруа қожалығында ұн өндіру, нан-тоқаш өнімдерін әзірлеу ісі қолға алынған. Сонымен қатар, «Западный» шаруа қожалығында ет өңдеу кешені салынады деп күтілуде. Жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 1,5 мың тонна дайын өнімді құрайды.
— Биыл облыс әкімінің қолдауымен жол жөндеу бағытында жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылды. Бонустық трансферт аясында 313 млн теңгеге Ертіс, Байзақов және Северное ауылдарында жалпы ұзындығы 6,8 шақырым ауылішілік жол жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Майқоңыр ауылында жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Қараағаш, Ынтымақ, Үлгілі және Сілеті ауылдарының кіре беріс жолы жөндеуден өтті. Амангелді ауылының кіре беріс жолының құрылысы аяқталды. Қазір Сілеті – Қызылағаш автожолының 19,4 шақырым бөлігін жөндену жұмыстары басталды. Бұл іс 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Қызылқақ ауылы тұрғындарының өтініші бойынша 2026 жылы жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын «Голубовка – Қызылқақ» бағытындағы жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. Алдағы жылы бұл бағытта тағы 5 жобаны іске асыру көзделуде. Бұл ретте аудандық маңыздағы жалпы ұзындығы 50 шақырымнан асатын жол жөнделмек, — дейді Нығман Жүсіпов.
Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, биыл жалпы аумағы 5,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ретте Ертіс ауылында 72 пәтерлі 2 тұрғын үй бой көтеріп, кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы 66 отбасы баспанамен қамтылды. Жеке қаражат есебінен Қызылқақ, Ұзынсу, Северное ауылдарында тұрғын үйлер салынды. Биыл Қызылқақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ертіс ауылында бассейн құрылысы басталып, нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Келер жылы Қызылағаш ауылында су құбыры желілерін салу көзделуде. Сонымен қатар, алдағы жылы жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу көзделуде.
Биыл ауданда 2 дәрігер және 13 орта медициналық қызметкер жұмысқа орналастырылған. Барлығы көтермеақы мен бюджеттік кредит түріндегі қолдау шараларымен қамтылған. Дәрігерлерге қызметтік баспана берілді. Қазіргі уақытта аудандық ауруханаға офтальмолог пен хирург қажет.
Атап өтерлігі, Жаңа жыл қарсаңында Қызылағаш ауылында мәдениет үйі пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.

