Ешкіге де ерекше күтім керек

Мау 5, 2025

Ертіс жағалауы төрт түлік малдың қай-қайсысына да қолайлы. Бұл өңір –шөбі шүйгін, суы мол, малға жайлы киелі мекен. Содан болса керек, бұл өңірде малшылар жылқыны да, түйені де, қойды да, ешкіні де емін-еркін өсіре алады. Бүгінгі кейіпкеріміздің есімі – Жаслан Рүстемов. Ол бүгінде ешкі  өсіріп, сүт өнімін сатумен шұғылдануда.

Қазақта: «Есі кеткен ешкі жинар, ешкі жинап есін жияр» деген тәмсіл бар. Бұл ешкі түлігінің малдануға және оны өсіріп, тіршілігіңе тіреу қылуға қолайлы мал екенін аңғартқандай. Ал бұрынғылардың: «Мүйізі пышағына сап, терісі балаңа жарғақ» дегені де ешкі малының таптырмас өнім беретінін білдіреді. Дегенмен, бүгінде малшылардың көбі қой мен сиыр өсіруге көңіл аударып, шекшек ата тұқымын екінші сортқа ысырып қойғанын да жасыра алмаймыз.

Кәсіпкер Жаслан Рүстемов болса арнасын тапқан адам үшін ешкі шаруашылығы ең ырысты кәсіп екенін айтады. Кәсіпкер ешкі өсірумен үш жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Алғашында жеті бас саулық ешкі алып бастап, бүгінде оның санын 40-қа жақындатқан.

— Ешкі малы күніне екі рет сауылады. Яғни, таңертең және кешке. Қазіргі күні 15 бас ешкіден шамамен 50 литр сүт аламыз. Ешкі сүтінің нәрлілігі ананың сүтінен кем емес. Онда барлық витаминдер бар. Кішкентай балалардың иммунитетін көтереді және басқа да түрлі ауруларға ем болады. Ал үлкен адамдар үшін де пайдасы зор. Мысалы асқазаны ауыратын, жүрегі қысатын адамдар дәрі есебінде қолданса болады. Тек қолдану тәртібін қатаң сақтау керек. Осылай, ешкі сүтінен мың түрлі дертке ем табуға болады. Ешкінің сүті сүттен аллергиясы бар адамдарға да пайдалы. Яғни, сиырдың сүтін іше алмайтын адамдарға дәрігерлер осы ешкінің сүтін тұтынуға кеңес береді. Себебі, ешкінің сүтінің майлылығы жоғары, — дейді Ж.Рүстемов.

Кәсіпкердің айтуынша, ешкі өсіру оңай емес, оған ерекше жайлылық пен қолайлы орын жай керек. Оның өзі бір бала сияқты ерекше күтімді қажет ететін жануар екенін айтады малшылар. Ешкі — басқа мал сияқты емес тынышсыз әрі жүргек жануар. Әсіресе, жаңа туған лақтары бір орында тұрмайды. Тастан — тасқа секіріп, басы ауған жаққа ойнақтап кетіп қалады. Ешкінің мінезі кейбір қияңқы балалар секілді болады. Олар өте кірпияз келеді. Оның қорасы да жайлы әрі таза болуы шарт. Лас немесе дымқыл жерге жатпайды. Ешкі түлігі тумысынан тек таза су ішіп, таза шөпті ғана жейді. Басқа мал сияқты жуынды-шайындымен қоректеніп жүре бермейді. Міне, оның басқа малдардан басты айырмашылығы мен артықшылығы осында.

— Жалпы, ешкі – өте  тез өсетін жануар. Себебі, олардың көбі егізден туады. Сосын, жылына екі реттен төлдетуге де болады. Сондықтан ешкілерді туа сала бірден саумаймыз. Алдымен лақтарын қоректендіріп, аяқтандыруға мүмкіндік береміз. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін барып лағынан бөліп, сүтін саууға кірісеміз. Біздің қорадағы ешкілердің барлығы – сүт бағытындағы ешкілер. Бүгінгі таңда ешкі сүтіне деген сұраныс жоғары, — деді ешкі өсіруші кәсіпкер.

Тілеуберді САХАБА.