Биыл Екібастұз қаласында тұрғындарды жұмыспен қамтуда, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуде, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесінде ауқымды жұмыс атқарылуда. Әсіресе, көмекке мұқтаж жандардың жағдайына ерекше көңіл бөлінуде. Шет елден көшіп келген қандастар да мемлекет тарапынан берілетін көмекті тиімді пайдалануда. Кеншілер шаһарындағы жұмыссыздық, әлеуметтік көмек алу мәселелері жөнінде Екібастұз қаласы жұмыспен қамту және  әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаевамен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы білген болатынбыз.

— Зейнеп Опабекқызы, кеншілер шаһарының тұрғын-дары атаулы әлеуметтік көмек аясында берілетін мүмкіндіктерді қалай пайдалануда?

— 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңартылған тетіктері күшіне енді. Бұл көмек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тағайындалып келеді. Тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай төлемдер түрінде және өз ісін бастауға оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу арқылы оларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға ықпал етеміз. 2023 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардан шыққан  1-6 жас аралығындағы балаларға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша төлем беріледі. Мұндай көмек әр балаға тағайындалады. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 674 отбасыға көрсетілді. Бұл ретте жалпы саны 2627 адамға 209 млн теңге қаражат берілді. Бұдан бөлек, 1-6 жас аралығындағы 799 бала жалпы сомасы 21,9 млн теңге көлемінде қосымша төлемге ие болды. Сонымен қатар, АӘК аясында тұрғындарды тұрғын үй мәселесімен қамту шарасы да қолға алынған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген жеке тұрғын үйде немесе жалға алынған тұрғын үйде тіркелген және тұратын азаматтарға қаржылай көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері 330 отбасы жалпы сомасы
7,8 млн теңгеге тұрғын үй көмегіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

— Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмекке тоқталып өтсеңіз…

— Екібастұз қаласында  мүгедектігі бар 5318 адам тұрады. Оның ішінде   I топқа 779 адам, ІІ топқа  2169 адам, ІІІ топқа 1694 адам жатады. Ал мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 676-ны құрайды. Көмекке мұқтаж жандардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында биыл техникалық көмекші құралдармен және оңалту қызметімен қамтамасыз етуге 55 657,0 мың теңге көзделген. Ағымдағы жылдың 21 тамыздағы жағдай бойынша 3452 адам оңалту қызметінен өтті. Бұл аталған көмек түріне мұқтаж жандардың
77,3 пайызын құрайды. Әлеуметтiк қорғау жүйесiнде арнайы көмек көрсетуге бағытталған 10 мекеме бар.  Оның iшiнде стационар, жартылай стационар және уақытша жағдайда ұсынылатын 5 медициналық-әлеуметтiк мекеме және үйде қызмет көрсететiн 5 бөлiмше жұмыс iстейдi. Аталған мекемелер қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға, психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға және өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қалада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жергі-лікті бюджет қаражаты есебінен Инватакси қызметі де ұсынылады. Жыл сайын аталған қызмет түрін 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан пайдаланады.

— Азаматтардың жекелеген санаттарына қандай көмек көрсетіледі?

— 2023 жылдың 13 қазанында Екібастұз қалалық мәслихатының шешіміне сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттарына бірнеше көмек көрсетіледі. Бұл ретте I топтағы мүгедек жандарға жеке көмекшіні алуға рұқсат берілген жағдайда бір мәрте санаторий-курорттық емге жіберіледі. Аталған көмекті балалар да ала алады. Бұдан бөлек, республикалық, халықаралық жарыстарға дайындалатын жандарға да 15 АЕК көлемінде  қаржылай көмек беріледі. Мүгедектігі бар әйелдер жүктілігінің 12 аптасына дейін есепке тұрса, 20 АЕК көлемінде бірреттік төлемге ие болады. Мұндай көмекті көпбалалы аналар да пайдалана алады. Тек олардың еңбекақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Кәмелетке толмаған балалары бар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 5 АЕК көлемінде қаражат төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы аналарға 8 наурыз мерекесінде де 5 АЕК көлемінде ақша аударылады. 18 жасқа толмаған мүгедек балаларға ҚР Конституциясы күні қарсаңында 20 АЕК көлемінде бірреттік төлемге ие болады. Ал еліміздің колледждерінде ақылы негізде білім алып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аталған мерекеде 30 АЕК, ақылы негізде жоғары оқу орнында оқып жатқан жандарға 60 АЕК көлемінде қолдау көрсетіледі. Ал 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі балаларға, I және II топтағы мүгедек жандарға Қазақстан Республикасы күні қарсаңында 5 АЕК мөлшерінде төлем беріледі. Ең төменгі мөлшерде зейнетақы мен жәрдемақы алатын адамдар үшін аталған мерекеде 2 АЕК көлемінде ақша аударылады. Ал жасы 80-нен асқан ең төменгі мөлшердегі зейнетақы мен жәрдемақы алатын қарияларға осы мерекеде 3 АЕК көлемінде қаражат беріледі.

— Үй жағдайында көмек алатын адамдарға қандай көмек қарастырылған?

— Әлеуметтік үй жағдайындағы көмек 474 адамға көрсетіледі. Оның ішінде 290 жалғызбасты қария, 79 мүмкіндігі шектеулі жан, 60 көмекке мұқтаж бала және 18 жастан асқан 45 адам бар.  Оның ішінде 78 адам ауылдарда тұрады. Әлеуметтік көмек белгілі кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Әлеуметтік көмекші аптасына кем дегенде 2 мәрте өзіне бекітілген адамның үйіне баруы тиіс. Олар әр адамның денсаулық жағдайына байланысты қажетті көмекті көрсетеді.

— Екібастұздағы еңбек нарығының қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?

— Ағымдағы жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру шеңберінде 4283 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бүгінде жұмыспен қамту шаралары
64,1 пайызға орындалған. Бұл ретте 2745 адам екі қолға бір іс тапты. Ал тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші 67,8 пайызға тең. Мұндай мүмкіндікті 1860 адам пайдаланып отыр. Жалпы, соңғы 5 жылдағы көрсеткішке сүйенсек, шаһардағы жұмыссыздық деңгейі 0,4 пайызға төмендеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4,8 пайызды құраған еді. Оң динамика бар деп айта аламын. Өйткені шаһарда жұмыспен қамту мәселесі ерекше назарға алынған. Биыл Екібастұз қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін 17 кәсіпорынмен жұмыс орындарына квота белгіленді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің көмегімен 182 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс тапты. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 28 адам «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге бағытталған оқудан өтті. Оның ішінде 3 көмекке мұқтаж адам мемлекет тарапынан грантқа ие болды.

— Қазір қоғамда елімізге  көшіп келген қандастарға көп көмек көрсетілуде. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…

— Қандастарға қоныс аудару-шыларға сияқты қажетті көмек көрсетіледі. Бұл ретте көшу кезінде отбасының әр мүшесіне 70 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Тұрғын үй алу үшін 4,2 млн теңгеге дейін экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Берілетін сома баспана құнының 50 пайызынан аспауы тиіс. Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын жабу үшін 15-30 АЕК көлемінде қаражат беріледі.  Қысқа мерзімді оқу курстарына жолдама, жұмыспен қамту немесе кәсіп бастауға да көмек беріледі.

Жыл басынан бері Екібастұз қаласына 161 қандас көшіп келді. Оның ішінде 83 адам еңбекке жарамды. Бүгінде 54 адам жұмыспен қамтылды. Қалғаны жеке кәсіппен айналысуы, бала тәрбиесіне байланысты жұмыс істемейді. Шаһарда дәрігер, мұғалім, мемлекеттік қызметші сынды арнайы білімі бар қандастар бірден жұмысқа орналастырылады.

— Әлеуметтік көмек мәселесі бойынша қайда хабарласуға болады?

Әлеуметтік қолдау мен қорғауға мұқтаж барлық тұрғын біздің бөлімге хабарласа алады. Бұл ретте 8 (718 7) 74-00-54 нөмірі жұмыс істейді. Сонымен қатар, Энергетиктер көшесі, 62-үй мекенжайындағы  202-кабинетке келіп, мамандардың көмегіне жүгінсе болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.