Өңірге белгілі журналист, өлкетанушы, философия ғылымдарының кандидаты, еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Молотовтың баспасөз саласына қосқан үлесі зор. Дүние есігін ашқалы өмірі қиындыққа толы болғанымен, сынақтарға төтеп беріп, ғылым жолына бет бұрған.
Сәби шағында ата-анасынан ерте қалған ол балалар үйінде тәрбиеленеді. Мектеп бітіргеннен кейін газетте тілші қызметін атқарады. Кейін Петропавл қала-сына жұмысқа шақырылады. Тілшілікке бейім болған жас бала Ленинград коммунистік журналистика институтында білім алады. Еңбек жолында «Красная Мордовия» газетінің жауапты редакторы, Омбы облысындағы «Правда» газетінің тілшісі, 1954-1974 жылдар аралығында «Звезда Прииртышья» облыстық газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Сондай-ақ, редакцияда аянбай еңбек еткен кезінде газет таралымы 80 мыңнан 100 мың данаға дейін өсті. Ғылыми дәрежесі бар жалғыз бас редактор өлкетанушы ретінде де ел тарихына зор еңбегі сіңген.
Одан бөлек, Ұлы Отан соғысы кезінде насихаттаушылардың жоғары курстарында оқып, Мәскеуді қорғауға қатысты.
Владимир Молотов жұмыс барысындағы сапарлар мен танымдық кездесулердің арқасында өлкетанушылыққа бет бұрып, өңіріміз жайлы ақпарат жинаған. Ол «В степях Прииртышья», «Большевики Сибири в период гражданской войны», «Содружество рабочих и крестьян в борьбе за освоение целинных и залежных земель» атты шығармаларын басып шығарған.
Өмірінің соңына дейін журналистердің қаламын ұштап, болашаққа жетелеуге ықпал еткен жүрегі кең адам еді. Еліне адал қызмет еткен қаламгер үш мәрте «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Салтанат ҒАББАС.