Еңбек адамына арналған

Нау 7, 2025

Жұмысшы мамандық иелеріне баспаналы болудың барынша жеңіл жолы ұсынылып отыр. Басында соңғы бес жылда баспанасы жоқ әрі атқарып отырған қызметі жұмысшы мамандықтар қатарына кіретін азаматтар 17 наурыздан бастап Отбасы банк арқылы жаңа «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы үй алуына болады.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық мамандарды қолдау шараларын қабылдады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Отбасы банкте аталған бағдарлама іске қосылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ Павлодар филиалының бизнес дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғалымов мәлім етті.

Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін қамтымақ.

«Наурыз жұмыскер» бағдар-ламасына елімізде биыл 72 млрд теңге бөлініп отыр. Яғни, шамамен 2440 несие беру жоспарланған. Өтінімдерді қабылдау 17 наурыздан басталып, 17 сәуірге дейін жалғасады. Айта кетейік, «Наурыз жұмыскер» — «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі. Соңғысына еліміздің кез келген санатына жататын, баспана кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Ал «Наурыз жұмыскер» аты айтып тұрғандай тек жұмысшы мамандық иелеріне арналған.

— Бағдарламаға қатысу үшін жұмысшылар жұмыс берушіден арнайы анықтама әкелуі тиіс. Анықтаманың нысаны біздің baspana.kz сайтында болады. Сол анықтамадағы  мамандықтың enbek.kz сайтындағы мәліметке сәйкестігі тексеріледі. Өтінімді жұмысшы мамандық иелері тек банк бөлімшелеріне келіп тапсырады. Өтінім берушінің басында соңғы бес жылда баспанасы болмауы шарт. Олардың төлем қабілеттілігі де ескеріледі, — дейді арман Тоқсамбайұлы.

Егер жұмысшы мамандық иелері әлеуметтік осал санаттарына жатса, ипотекалық несие 7 пайызбен беріледі. Ал өзгелеріне 9 пайызбен беріледі. Егер пәтерді ішкі әрлеуі жасалған тұрғын үйден алатын болса, баспана құнының 10 пайызы көлемінде алғашқы жарна салынуы тиіс. Баспананы әрленбеген үйлерден тапқан азаматтарға алғашқы жарна пәтер құнының 20 пайызын құрайды. Астана мен Алматы қалалары үшін шекті сома 36 млн теңге болса, облыс орталықтарында, шағын қалалар мен аудан орталықтарында 30 млн деп белгіленді. Өтінім берген жұмысшылар баспананы еліміздің кез келген жерінен ала алады. Бір ескеретіні, облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларынан тек жаңа үйлерден ғана сатып алуға рұқсат. Ал шағын қалалар мен аудан орталықтарынан екінші нарықтағы баспаналарды алуға болады. Жеке құрылыс фирмаларының ұсынған жаңа үйлерден баспана таңдау мүмкіндігі бар. Павлодар қаласында бүгінде мұндай 2-3 үй бар көрінеді. Мәселен, «Усолка сити», «Ертіс» тұрғын үй кешендерінен баспаналы болуға жол ашық.

Қаржы ұйымының өкілі бүгінде «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар Отбасы банк отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім бағытында да жұмыс істеп жатқанын мәлім етті. Яғни, кәсіпорындар өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат қарастырмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.