Еңбек адамы — ел тірегі

Там 14, 2025

Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Жас еңбеккер – ел үміті» атты форум ұйымдастырылды. Аталмыш шара жастарды еңбекке тарту мен қарапайым еңбек иелеріне деген құрметті қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар мен ой алмасудың диалог алаңына айналды.

Аталған форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, «Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ КФ төрағасы Владимир Божко, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмұрбаев пен жергілікті жастар, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың басшылары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жазғы еңбек жобасына қатысушы оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған Марат Алмасұлы еңбек адамының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – мемлекеттің стратегиялық мақсаттарының бірі екенін атап өтті.

— Еңбек адамы – елдің тірегі. Бүгінгі форум жұмысшы мамандардың еңбегін дәріптеуге, жастардың нақты кәсіпке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Мемлекет жастардың кәсіптік-техникалық білім алуына барынша жағдай жасап отыр. Бұл бағытта Ассамблея да өз үлесін қосуда.

Павлодарға келген сайын қаланың тазалығы мен ұқыптылығы көзге түседі. Бұл – жай ғана тәртіп емес, павлодарлықтардың қарапайым еңбекке деген көзқарасы мен жауапкершілігінің айнасы. «Таза Қазақстан» ұғымын осы өңірдің тұрғындары арқылы түсінуге болады. Бұл – елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Қолымен де, жүрегімен де еңбек ететін жандарға құрмет – жұмысшы мамандықтар жылындағы басты мақсаттардың бірі, — деді сөзінде Марат Алмасұлы.

Форум барысында этномәдени бірлестік өкілдері, ата-аналар қоғамдастығы, жастар ұйымының белсенділері мен жазғы жұмыспен қамту бағдарламасына қатысушылар пікірлерін ортаға салды.

Аталған жиында жастарды ерте жастан еңбекке баулудың нақты мысалдары да айтылды. Соның ішінде жоғарғы сынып оқушыларына арналған жазғы еңбек жобасы ерекше атап өтілді.

— Бұл — еліміз бойынша баламасы жоқ ерекше жоба. Мыңдаған павлодарлық жасөспірім алғашқы еңбек дағдыларын меңгеруде. Жалақы да маңызды, бірақ бастысы – бұл еңбек арқылы қалыптасатын тәрбие мен өмірге дайындық мектебі. Осы тәжірибені басқа өңірлерге де тарата алсақ дейміз. Қазір бұл мәселе күн тәртібіне қойылды. Біз жобаның болашағына сенеміз, – деді М.Әзілханов.

Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы Владимир Божко да жастардың еңбекке ерте араласуының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Павлодар кәсіпорындары жазда оқушыларға жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге жағдай жасап отыр.

Сондай-ақ, Божко агросалада 60 мыңнан астам маман жетіспейтінін, жұмыс істеп жүрген мамандардың орта жасы 49-да екенін, ал олардың орнын басатын жаңа буынды дайындау барған сайын қиындай түскенін тілге тиек етті. Осы тұрғыда жұмысшы мамандықтар жылындағы жобалар аса өзекті.

Ал осы қауымдастықтың облыс бойынша филиалының төрағасы Владимир Берковский жобаның құрылуы мен маңызын баяндап, жазғы кезеңде 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын айтты. Оның 9 мыңнан астамы – арнайы білімді талап етпейтін, бизнес-сектор ұсынған бос орындар. Бүгінде төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Оның пікірінше, бұл жоба тек табыс емес, еңбекке деген құрметті тәрбиелеудің де жолы.

Евгеньевка ауылынан келген Еркебұлан Тіленшин жазда жергілікті шаруа қожалығында еңбек еткен. Ол күніне 12 мың теңгеге дейін табыс тауып, мектеп формасы мен оқу құралдарын өз қаражатына сатып алған.

– Қазір құрылысшылар бригадасында жұмыс істеймін. Көкөніс сақтау қоймасын салып жатырмыз. Үлкендерден көп нәрсе үйреніп жүрмін. Физикалық тұрғыдан да шынығып жатырмын, – дейді ол.

Форум соңында жастарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге Алғыс хаттар табысталды.

Жиыннан соң Марат Алмасханұлы жергілікті этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, кейін «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің жастарымен жүздесті. Кездесу барысында қоғамдық ұйымдардың Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен жоспарлары туралы сөз қозғалды.

Кейін Марат Алмасұлы ҚХА-ның жастарды жұмысқа орналастыру жобасының серіктесі болып саналатын «Д.Д.Махмудов атындағы Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

А.БОРАНБАЕВА.