Қоршаған ортаны күтіп-баптау — жалпыға ортақ міндет. Табиғат-Ананы аялауда 2005 жылдан бастап жұмысын бастаған «Жасыл ел» студенттер жасағының орны бір төбе. Павлодарда жасыл елдің XIХ маусымы өз мәресіне жетіп, жас еңбекшілер жасыл елмен жазға дейін қоштасты.

Биылғы маусымда «Жасыл ел» жасағында 2 мыңға жуық адам қызмет етті. Олар қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын атқарды. Маусымның кезекті жабылу салтанатында жыл бойы үздік деп танылған жастар 4 аталым бойынша марапатталды. Олардың ішінде еңбек жасағының 10 сарбазы бар. Мәселен, солардың бірі Жанар Әбдірахманова жасақта 2 жылдан бері еңбек етіп келеді. Биыл оның еңбегі еленіп, «Жылдың үздік сарбазы» атанды.

— Менің ойымша, «Жасыл ел» ұйымы — жастар үшін керемет мүмкіндік. Осы уақытқа дейін көптеген іс атқарылды. Достар таптым. Еңбегімізді елеген жандарға рақмет! – дейді ол.

«Жасыл ел» облыстық штабының директоры Русана Сәмекованың айтуынша, бұл ұйым жастарды жігерлендіріп, еңбектерін жоғары бағалайды. Марапатталғандар қатарында табиғатты қорғау және құрылыс ұжымдары да болды.

— Бізде «Үздік командир» және «Қаланың волонтеры» атты аталымы да бар. Осы аталыммен марапатталғандар барлық шарада қол ұшын созды. Осы үздік ондық қана емес, сарбаздарымыздың барлығы еңбекқор. Олар қаламыздың, жалпы, облысымыздың дамуына зор үлес қосып келеді, — дейді Р.Сәмекова. Жасақтарда негізінен 16 жастан асқан мектеп оқушылары және колледж, жоғары оқу орнының студенттері жұмыс істейді. Биылғы жылы павлодарлық «Жасыл ел» жалпы саны 2 100 адамды құрады. Олардың арасында жаңадан келгендер де, көп жыл еңбек еткен жастар да бар. Командирдің айтуынша, «Жасыл ел» – балалар еңбек етіп, өз еңбегімен тапқан ақшасын тауып, жұмсауды үйренетін жақсы мектеп. Русана Самекова жастарға мақтау қағаздары мен төсбелгілерден бөлек тұрмыстық техника сатып алу сертификаттары берілгенін де қосты.

— Жастарды жұмысқа тарта отырып, олардың бойындағы еңбекке деген ынтасын оятуға тырысамыз. Олардың жақсы азамат болып қалыптасуына бұл жобаның тигізер септігі мол. Жаз айларында уақыттарын босқа өткізбей, қаражаттарын тауып, ата-анаға қолғабыс болса, екінші жағынан қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосады. Қала аумағындағы демалыс орындарының тазалығын қамтуда «Жасыл ел» жасағының атқарған жұмысы ауқымды, — дейді табиғатты қорғау отрядының командирі Кристина Ковалева.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Константин Шелков.