Қоршаған ортаны күтіп-баптау — жалпыға ортақ міндет. Табиғат-Ананы аялауда 2005 жылдан бастап іске кіріскен «Жасыл ел» студенттер жасағының орны бір төбе. Күні кеше мыңдаған жасты уақытша жұмыспен қамтыған павлодарлық «Жасыл ел» еңбек жасағының ХХ маусымы аяқталды.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова «Жасыл ел» бағдарламасы жастар үшін өңірдегі табысты және ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі екенін атап өтіп, еңбек жасақта-рының бүгінгі қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғады.
— Қазіргі уақытта павлодарлық «Жасыл ел» жастар штабы республикадағы мықты филиалдардың біріне айналды. Осы еңбек маусымында жасақтарға 2000-нан астам мектеп оқушылары мен студенттер қабылданды. Олар абаттандыру, көгалдандыру, құрылыс, шығармашылық және еріктілік бағыттарында нәтижелі еңбек етті. Сондай-ақ, қоршаған ортаны жақсарту бағдарламасын іске асыру және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде сарбаздар жыл бойы экологиялық акцияларды іске асырды, — деп атап өтті Айгүл Қайыртасқызы.
Облыстық «Жасыл ел» штабының директоры Русана Сулаймонованың сөзінше, жастарды жұмысқа тарта отырып, олардың бойындағы еңбекке деген ынтасын оятуға және олардың жақсы азамат болып қалыптасуына бұл жобаның тигізер пайдасы мол.
— Жастар жаз айларында уақыттарын босқа өткізбей, қаражат тауып, ата-анаға қолғабыс еткен болса, екінші жағынан қоршаған ортаның тазалығына үлестерін қосады. Облысымызда еңбек жасағының штабы құрылғаннан бері барлығы 40 мыңға жуық жасты уақытша жұмыспен қамтамасыз еттік. Осы маусымда 2 мыңға жуық адам еңбек етті. Келесі жылы бұл көрсеткішті көбейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді Р.Сулаймонова.
Салтанатты рәсімде еңбекте табандылық танытып, көзге түскен студенттер мен жұмыс барысында бірнеше аталым бойынша дара шыққан еңбек жастары марапатталды.
Айта кетейік, жасақтарда негізінен 16 жастан асқан мектеп оқушылары және колледж, жоғары оқу орнының студенттері жұмыс істейді. Биылғы жылы павлодарлық «жасыл елдіктердің» жалпы саны екі мыңдай адамды құрады. Олардың арасында жаңадан келгендер де, көп жыл еңбек еткен жастар да бар.
Айдана БОРАНБАЕВА.