Осы аптаның жексенбісі — Еңбек күні. Қазіргі уақытта еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасының талаптарын сақтамау өзекті мәселе болып отыр. Себебі, қоғамда көп ретте еңбек нарығына байланысты кейбір мәселелердің туындап жататыны бар. Кейде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласының талаптарын сақтамау салдарынан өндірістік жазатайым оқиғалар да орын алып жатады. Шынымен, бүгінде елімізде қызметкерлердің еңбек құқығы қалай қорғалуда? Облыста өндіріс жарақатты алдын алу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы сауалдар төңірегінде облыстық еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыровпен тілдескен едік.
— Абылай Ақанұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек адамдарының беделін арттыруға әрдайым мән беріп келеді. Жуырда өзінің кезекті Жолдауында келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы ретте бүгінде еңбек адамдарының құқығы қалай қорғалады?
— Қазақстанда еңбек қатынастарын реттейтін нақты заңдар бар. Еңбек кодексі жұмысшылардың құқықтарын, міндеттерін және жұмыс берушілердің жауапкершілігін нақты айқындайды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмысшылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Оған жұмыс берушілердің заңнаманы сақтауы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі, еңбекақының уақытылы төленуі жатады. Жыл басынан еңбек инспекциясымен 829 өтініш қаралды.
— Кейінгі жылдары аймағымызда өндірістік жарақат алу азаймай тұр. Бұл мәселені шешу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Өңірдегі қызметкерлер арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу және кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі шаралар шеңберінде облысымыздың 31 кәсіпорнына «Vision Zero – нөлдік жарақат» концепциясы енгізілді. 25 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасына қосылды. Облыс кәсіпорындарында 881 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Олардың міндеттеріне өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларына тексеру жүргізуді ұйымдастыру кіреді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы өндірістегі жазатайым оқиғаларды дұрыс және уақтылы тергеу мен есепке алуды үнемі қадағалап отырады. Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, еңбек қызметі нәтижесінде алынған жарақаттар мен ауруларға байланысты жағдайлар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бүгінде қалалар мен аудандарда комиссиялардың 59 отырысы өткізілді.
Кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдары арасында еңбек заңнамасының нормаларын қолдану бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Күн сайын келіп түскен шағымдар мен өтініштерге мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіру, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 60 оқыту семинар-кеңесі өткізілді. Семинарлармен 800-ден астам адам қамтылды.
— Жұмыста бірнеше айлап ақысын ала алмаған және басқа да құқығы бұзылған жұмыс-керлердің шағымы жиі байқалып жатады. Ондай азаматтардың мәселесі қалай шешіледі? Мұнымен айналысатын еңбек инспекторларының жұмысына азаматтардың көңілі тола ма?
— Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыра отырып, 184 тексеру жүргізілді. Жүргізілген тексерулер барысында 250 заң талаптарын бұзушылық анықталып, 138 ұйғарым берілді. Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 281 әкімшілік ескерту жасалып, жалпы сомасы 9,4 млн теңгеге 85 әкімшілік айыппұл салынды.
Жалақыны уақытылы төлемеудің жекелеген мәселелерін мемлекеттік еңбек инспекторлары дереу шешеді. Бұл мәселелер тұрақты бақылауда болады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 208,5 млн теңге сомасына жалақы бойынша борыш өтелді және сол арқылы 451 қызметкердің құқықтары қорғалды. Бүгінгі таңда еңбек жанжалдарының туындауы үшін алғышарттары бар кәсіпорындар жоқ. Қазіргі уақытта облыс бойынша жағдай тұрақты, еңбек жанжалдары тіркелген жоқ. Кәсіпорындар ұжымдарында да, жалпы өңірде де әлеуметтік шиеленісті болдырмау жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.