Ең таза аула қайсы?

Қаз 23, 2025

Павлодар қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы және абаттандыру аясында «Таза аула» атты қалалық байқау өтті. Байқауға көпқабатты үйлердің тұрғындарынан 39 өтінім қабылданды.

Байқау жеті негізгі критерий бойынша бағаланды. Олар — аула мен ойын алаңдарының тазалығы мен санитарлық жағдайы, аула мен кіреберістердің жарықтандырылуы, рұқсатсыз жарнамалардың болмауы, үйде ақпараттық тақтайшалардың және хабарландыру тақтасының болуы, ауланы көгалдандыру, гүлзарлар мен клумбалардың болуы, тұрғындардың өз күшімен кіреберісті бояуы, ортақ мүлікті жөндеу жұмыстары және үйді басқару нысанының болуы.

Катаев көшесі, 87-үйдің тұрғыны Надежда Ходырева осы үйде 50 жыл тұрады.

— Біз бұл үйге 1973 жылы қоныстандық. Баспанамыздың қабырғасы қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Тұрғындармен бірге ауланы көркейтіп, гүл, ағаш отырғыздық. Қазір ауламыз өте таза әрі әдемі. Мұның бәрі — біздің үйдің белсенділері мен тұрғындар еңбегінің арқасы, — деді.

Бұл баспананың тағы бір белсенді тұрғыны Галина Бершауер байқауға дайындық барысын айтып өтті.

— Байқау жайлы білген соң бірден қатысуға шешім қабылдадық. Үйіміздің қасбеті сырланған, жаңа отыратын жерлер де қойылған, кіреберіс маңдайшалары жөнделді. Барлық жұмыстарды тұрғындардың мақсатты жинағы есебінен атқардық. Әр көктем мен күзде сенбілік өткіземіз. Келесі мақсатымыз – барлық  кіреберістің ішін жөндеу, — деді ол

Байқау нәтижесі бойынша үш үй үздік деп танылды. Бірінші орын иегері — Катаев көшесі, 87-үй. Бұл көпқабатты баспана барлығы 70 ұпай  жинады. Қамзин көшесі, 130/3 үй 65 ұпаймен екінші орын иеленсе, осы көше бойындағы 72-үй тұрғындары 55 ұпаймен үшінші орын алды.

Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысының орынбасары Бақытгүл Базылова байқау жайлы пікір білдірді.

— Жеңімпазды анықтау қиын болған жоқ, комиссия мүшелері бір апта ішінде барлық ауланы аралап шықты. Үздіктерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мұндай байқауларды алдағы уақытта да жиі өткізуді жоспарлап отырмыз. Былтырға қарағанда қатысушылар саны артты, тұрғындар өз үйлерін көркейтуге зор үлес қосуда, — деді ол.

«Таза аула» байқауы тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыруға және көркейтуге бағытталған маңызды шара болды. Мұндай игі бастамалар қаланың ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың бірлігі мен жауапкершілігін де арттыра түседі.

Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.