Соңғы кездері отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Сол себепті былтыр елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейтілді. Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер «ереуілші ер азаматтарды» арыз шағымсыз-ақ жазаға тартуға мүмкіндік береді. Алайда мәселе мұнымен шешіле ме? Жақында Мәжілісте осы түйткілді мәселе талқыланды. Көпшілікті алаңдатқан тақырыпты «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрдік.

Жарқынбек АМАНТАЙ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді. Қазақта намыс, ұят деген бар. «Мені қаматып тастаған әйелдің қасына барғанша, өлгенім артық» дейтін ер адамдар шығады. Ондай азаматтар біздің қоғамда өте көп. Сондай-ақ, біздің заңда арандатушы деген ұғым бар. Провокация деген түсінік бар. Осы тұрғыда әйел адамның да мойнына жауапкершілік қойылуы керек. Ер азаматты 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, кінәлі деп табылса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені отбасына түскен жауапкершілік теңдей бөлінсе, отбасын шайтқалтқан оқиғаның өрбуіне деген жауапкершілік те бірдей болуы керек. Сонда біз көп мәселені тізгіндей аламыз.

 

Бақытжан ТҰРСАРИНОВА,
Павлодар қаласы полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:

— Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің бірі – маскүнемдік, жұмыссыздық. Яғни, тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар әсер етіп жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер —
негізінен әйел адамдар. Ал біздің мемлекетіміз үшін әйел мен баланы қорғау ерекше мәнге ие. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз күнде куә болып отырмыз. Сол себепті тәртіп сақшылары ең алдымен жапа шегушіні қорғайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдермен оңалту орталықтары жұмыс істейді, оларға психологиялық көмек көрсетеді. Бұл мәселеде құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау маңызды.

 

Айдар ҚАСЫМБЕКОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— «Таяқтың екі ұшы болады». Сондықтан бұл мәселеге терең бойлап, оның салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Отбасындағы жанжалдың бәріне ер азаматтарды кінәлай берген дұрыс емес. Жанжал жалғыз адамнан шықпайды. Сол себепті отбасындағы кикілжіңнің кесіріне екі адам да жауапты болуы тиіс. Әрине, мен мұнымен жарына жұдырық ала жүгіретін еркектерге араша түсіп жатқаным жоқ. Барлығымыздың да ана, қарындасымыз бар. Сондай-ақ, кейбір арыстандай азаматтар өз шаңырағында мысықтілеу күн кешіп жүр. Әйелдері ұрып-соғып алса да таңқалмаймын. Бірақ олар арыз жаза алмайды. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде». Мәселені басқаша шешу керек. Қазір сотқа дейінгі татуласу, медиация орталықтары бар. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін осы орталықпен тығыз жұмыс жасау қажет. Заңды күшейтеміз деп, қаншама жас шаңырақтың обалына қалмайық. Ойланайық. Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі.

«Алаңды» үйлестірген – А.МҰҚЫШЕВ.