Аққулы ауданында 3 ауылдағы пошта бөлімшесінің есігі жабылады. Зейнеткерлерге зейнетақы таратып, хат-сәлемдеме қабылдап, газет-журналға жазылумен айналысатын мекемелер енді қызмет көрсетпейді. Мұндай жағдай Бесқарағай, Жамбыл және Малыбай ауылдарында орын алып отыр.

Бұған дейін аймағымызда елді мекендерде пошта бөлімшелері жаппай жабылып жатқанын мәселе етіп көтерген едік. «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалы бұл жағдайға ауылдағы халық санының күрт азаюы себеп екенін айтқан болатын. Яғни, ауылдық жерлердегі пошта байланысының бөлімшесі халықтың кемінде 2000 адамға қызмет істеуі тиіс.

Өкінішке қарай, мұндай жаңашылдық ауыл халқына қиындық туғызып отыр. Аққулы аудандық пошта байланы-
сы бөлімшесінің басшысы Зайнагүл Қазиханованың
айтуынша, бүгінде Бесқарағайдағы пошта бөлімшесі жұмыс істемейді. Жаңа жылда Жамбыл және Малыбай ауылындағы пошта бөлімшесінің де есігі құлыпталады.

— Малыбай мен Жамбыл ауылдарындағы пошта бөлімшелерін сақтап қалу үшін жергілікті әкімдікке шығып, жұмыс істейтін адам іздеген едік. Келісімшарт арқылы жұмыс істеу бойынша облыстық филиалға хат жолдадық. Бірақ Астана қаласындағы орталықтан бізге рұқсат берілмеді. Десе де, ауылдарға пошта қызметі көрсетілетін болады. Зейнеткерлерге зейнетақыны ауданнан келген мамандар таратады. Газет-журналға жазылу науқаны да жүргізіледі, — дейді Зайнагүл Қазиханова.

Жыл соңында газет-журналға жазылу науқаны күшейетіні белгілі. Аудандық пошта бөлімшесінің бастығы аталған ауылдарда тұрғындардың басылымдарға жазылу белсенділігі бәсеңдегенін жасырмады. Өйткені жергілікті халық бұл жұмысты жүргізу үшін аудан орталығына келуі тиіс. Болмаса, ауылға ауданнан келетін мамандарды күтуге мәжбүр.

— Аудан тарапынан пошта бөлімшелерінің қызметін жүргізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Жергілікті әкімдіктермен келісіп, жиналған хат-сәлемдеме аудан орталықтарына жеткізіледі. Ауданнан айына 2-3 мәрте ауылдарға мамандар шығып, қызмет көрсетеді. Газетке жазылған адамдар ауданға қатынағанда да өздігінен жазылған басылымдарын ала алады, — дейді Зайнагүл Қазиханова.

Бесқарағай ауылындағы халық қыркүйек айынан бері елді мекендегі пошта бөлімшесіне бармайды. Себебі мекеменің есігі жабылған. Жергілікті билік 3 айдың көлемінде тұрғындар арасында келеңсіздік туындағанын жасырмады.

— Ауылға ауданнан айына 2 мәрте пошта қызметкерлері келіп, жұртшылыққа газет-журналды жеткізеді. Басылымдарды жергілікті әкімдікке қалдырады. Өкініштісі, газет-журнал мамандар қалдырған күйі беті ашылмай, шаң басып жатады. Тарататын адам болмағандықтан, өздігінен ешкім келіп алғысы келмейді. Біз осы жұмысты бар-жоғы 10 мың теңгеге атқаруға келіскен адамды тапқан едік. Ал «Қазпошта» АҚ орталығы мораторий жариялап, келісімшартпен адам алмайтындарын айтқан.

Ауыл тұрғындары газетті үйге ала алмайтын болғандықтан, биыл жазылу науқанына қатыспайтындарын айтып, реніш те білдірді. Басылымға жазылғысы келетін адамдар ауылға зейнетақы таратуға мамандар келген кезде жазылып жатты. Ал газет-журналға жазылу үшін аудан орталығына қатынау шығынға әкеледі. Барып-келу үшін жолға ақша кетеді, — дейді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Динара Қалияқпарова.

Бесқарағай ауылында 500-ден астам адам тұрады. Оның ішінде 76 зейнеткер бар.

Пошта бөлімшелерінің жабылуынан тек қана ауыл тұрғындары жапа шекпейді. Осы қызметті атқарған адамдар да нәпақасынан айырылуда. Мәселен, бұған дейін Жамбыл ауылындағы пошта бөлімшесінде жұмыс істеген Светажамал Бейсебаева мекеменің жабылуына байланысты Астана қаласына көшіп, басқа жұмысқа орналасқан.

— Ауылдарда пошта бөлімшелерінің жаппай жабылып жатқаны өкінішті. Мекемені сақтап қалу үшін өзім де жергілікті әкімдікке талай мәрте осы мәселені көтерген едім. Бірақ нәтиже болмады. Пошта бөлімшесінде отырып, 70 мың теңге еңбек алып отырдым. Жалақы аз болса да, халыққа қызмет көрсеттім, — дейді С.Бейсебаева.

Естеріңізде болса, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы 2025 жылы тағы 13 ауылда пошта бөлімшесінінң жабылатынын айтқан еді. Демек, тағы да 13 қызметкер еңбекақыдан айырылып, мыңдаған тұрғын ауданнан келетін пошта көлігін елеңдеп күтіп отыруға мәжбүр болады. Ақтүтек боран мен қақаған аязда, көктемдегі су тасқыны кезінде ауа райына байланысты ауданнан ауылға көлік қатынай алмай, зейнетақыны уақытылы ала алмайтын жағдайлар да орын алмауы мүмкін емес. Пошта бөлімшесі жабылған халықтың жанайқайы әлден шығуда. Осылайша, мәселе өзектілігін жоймай тұр…

Айдана ҚУАНЫШЕВА.